Бас тақырыпБасты тақырыпРесми

Жаңа оқу жылына дайындық – жүйелі

Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ «Денсаулық сақтау министрлігі берген мәліметті қарайтын болсақ, қыркүйек, күз айларында жылда болатын ЖРВИ инфекциясы да таралады. Барлық мәселені қарастыра отырып, бүгін тиісті шешім қабылдадық. 1 қыркүйектен бастап еліміздегі барлық мектептер қашықтықтан оқу форматына көшеді. Ата-аналардың да пікірін тыңдап, халықаралық тәжірибені зерделедік. Ең бастысы – бүгінгі күнгі ахуал. Бізге керегі — балалардың, ата-аналардың, педагогтардың денсаулығы, сондықтан осындай шешім қабылдап отырмыз» деген болатын. Облыста қашықтықтан білім беруге орай жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Білім басқармасының басшысы Есенғазы ИМАНҒАЛИЕВТІҢ айтуынша, аймақта қашықтықтан білім беруге қатысты оқу үдерісін ұйымдастырудың бірнеше нұсқалары анықталды.

БІЛІМ САЛАСЫНА – ЖАҢА НЫСАНДАР

Бүгінгі таңда облыста 15-ке жуық жаңа білім нысандары салынуда. Бұл мақсатқа 16,8 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде 124 нысанды күрделі жөндеуге – 11,2 млрд. теңге және 309 нысанды ағымдағы жөндеуге – 5,6 млрд. теңге қарастырылған.

Қашықтықтан оқыту жұмыстарына орай 507 мектептің 322-сі интерактивті платформаларда, 112 мектепте аралас формада қашықтықтан оқыту жоспарланған. Ал, 73 мектепте сабақ штаттық режимде өтеді. Жеке меншік мектептер де ондағы балалардың санына байланысты өзгерістерге ұшырайды.

КОМПЬЮТЕРЛІК ПАРК ЖАҢАРАДЫ

Қашықтықтан білім беру мақсатында биыл 2 864 компьютер техникасы, оның ішінде 1 495 компьютер, 250 ноутбук және 1 119 планшет сатып алынды. Бұл мақсатқа 433,2 млн. теңге бөлінді, – деді Есенғазы Нұртөлеуұлы.

Оқу жылы басталғанға дейін тағы 1 655 компьютер сатып алу жоспарлануда. Бұл компьютер паркін 4,5% – ға жаңартуға мүмкіндік бермек. Ал, аралас және штаттық оқу тәртібі жоспарланған мектептерде сабақтар санитарлық және эпидемиологиялық режимді күшейте отырып, кабинет жүйесі жойылып, екі ауысымда өткізілетін болады.

– Демалыс кезінде мұғалімдерді автоматтандырылған жүйеде жұмыс істеуге үйретеді. Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша әрбір білім беру ұйымында жауапты тұлғалар анықталып, әдістемелік құралдар әзірленді, – деді Есенғазы Иманғалиев.

МЕКТЕП ФОРМАСЫН КИЮ – МІНДЕТТІ ЕМЕС

Биылғы оқу жылында мектеп формасын кию міндетті емес. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

«Мектеп формасы» ұғымының өзі және оның принципі мен оған қойылатын талаптар ешқайда кетпейді. Бірақ, біз бұл бұйрыққа төтенше жағдай, карантин, шектеу іс-шаралары немесе форс-мажор кезеңіне қатысты арнайы тармақ қосамыз. Осылайша балаларға мектепке классикалық ұқыпты киім киюге мүмкіндік беретін боламыз, – деді Асхат Аймағамбетов.

Министр ата-аналардың қазір мектеп формасын сатып алуға мүмкіндігі жоқ екенін, мұндай жағдайда өз балаларын классикалық және іскерлік стильде әдеттегі киіммен қамтамасыз ету қажет екенін айтты.

ОҚУШЫЛАР ОНЛАЙН ҚАБЫЛДАНАДЫ

Білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиевтің айтуынша, биыл болашақ бірінші сынып оқушылары онлайн-режимде оқуға қабылданады. Қазір облыста мектепке дейінгі дайындық сыныптарына балаларды қабылдау жүріп жатыр. Сонымен қатар, балабақшалар мен мектептер әлі күнге дейін карантинге байланысты жабық тұр. Сондықтан, қазіргі таңда жекелеген білім беру ұйымдары онлайн-режимде оқуын жалғастыруда. Оның үстіне, құжаттарды қабылдау онлайн жүргізілетіндіктен, бірінші сынып оқушыларын да осындай форматта дайындауға болады.

КІТАПТАР ТАМЫЗДА ЖЕТЕДІ

Білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер 20 тамызға дейін мектептерге жеткізілетінін айтты. Оларды сатып алуға 2,4 млрд. теңге бөлінді, оның 65 млн. теңгесі тасымалдауға жұмсалмақ.

Сонымен қатар, қазір электронды оқулықтар сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні 16 млн. теңгеге 1 845 оқулық сатып алуға келісім-шарт жасалды.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button