Коронавирус

Үрей – ағзаның бірінші жауы

Коронавирус індетінен жылдам құтылу оңайға соқпай тұр. Оның әлемді шарпығаны, дертпен күреске бүкіл адамзат кіріскені белгілі. Осы орайда, алдымен әртүрлі қауесет ақпараттар салдарынан үрейге бой алдырғандарды сабырға шақырғым келеді. Деніміздің саулығы психикалық көңіл-күйге тікелей байланысты, яғни, солай болғанда ағза ауруға бой бермейді. Кеудемізде жанымыз барда кез келген жағдайды жақсы жағына қарай өзгертуге тырысу – әрқайсымыздың тікелей міндетіміз.

Көңіл-күйден бөлек, сақтық шараларын ұстану да – инфекция жұқтырмаудың бірден-бір жолы. Кем дегенде 20 секунд қолды сабынмен жуып, құрамында спирті бар ерітіндімен өңдеу терімізден вирусты механикалық тұрғыда алып тастау мүмкіндігін береді. Жуылмаған қолмен бетімізді, көзімізді немесе аузымызды ұстар болсақ ауру жұқтыратынымызды назарда ұстау – маңызды. Есіктердің тұтқаларын, дәретхананы және басқа да адам жақындайтын жерлерді жиі-жиі залалсыздандыру керек. Ақпарат көздерінде әлеуметтік қашықтықты сақтау жайлы жиі айтылады. Өкініштісі, вирустан қорғайтын осы қарапайым тәсілді көпшілік ұстана бермейді. Егер, адамдар арасындағы алшақтық үлкен болса, коронавирус инфекциясының таралуы да азая түсетінін тағы бір мәрте ескерту артық болмас.

Тағы бір айта кетерлік жағдай, жөтелгенде немесе түшкіргенде ауызды майлықпен немесе білегіңізбен бүркеу керек. Содан соң майлықты міндетті түрде аузы жабылатын қоқыс жәшігіне тастаған жөн. Қарап тұрсаңыз, тіпті, қиын емес. Бірақ, сақтанудың осынау қарапайым тәсілінің өзіне бейжай қарайтынымыз орны толмас өкінішке әкелгенін көріп отырмыз…

Бетпердеге де немқұрайды қарамау керек. Өзіңнің ғана емес, өзгенің де денсаулығы үшін алаңдауың қажет осы бір қиын кезеңде бұл да бір маңызды міндетке айналуы тиіс.

Ал, коронавирус инфекциясын жұқтырып алған жағдайда не істеу керек? Әлбетте, дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болса, тыныс алу қиындаса, жедел түрде медициналық көмекке жүгіну шарт. Бұл ауруды уақытылы анықтап, науқастың жағдайы ауырламауына жедел шара қолдануға мүмкіндік береді.

Инфекцияның инкубациялық кезеңі 14 күнге созылатыны белгілі. Инкубация – вирустың ағзаға түсіп, алғашқы белгілері пайда болғанға дейінгі уақыт. Бұл әркімде әр түрлі уақытта көрініс беруі мүмкін. Бірқатар адамдарда 5-7 күнде байқалса, бірқатарларында 14 күнге дейін ешқандай ауру белгілері білінбей өтетінін тәжірибе көрсетіп отыр.

COVID-19 дертінің ең көп тараған белгісі – дене қызуының 38°С дейін көтерілуі. Одан кейін жылдам шаршап, терлеп, құрғақ жөтел пайда болады. Иіс пен дәмді сезбей, жүрегі айнып, іші өте бастайды. Ал, бірқатар науқастарда бұлшық еттерінің, буындарының ауруы да байқалады. Мұрынның бітуі, тамақтың жыбырлауы да коронавирус инфекциясына тән көрініс.

Инфекция жұқтырғандардың көпшілігінде ауру белгілері біліне қоймайды. 80% жағдайда науқас толық жазылады. Шамамен COVID-19 жұқтырған алты науқастың біреуінде ғана, әсіресе, ересек адамдар мен ілеспе аурулары барларда тыныс алу жеткіліксіздігі пайда болып, дене қызуы қатты көтеріледі, жөтел пайда болады. Әлі құрып, тыныс алу және жөтел кезінде кеудесі ауырады, жүрек қағысы жиілеп, ерні мен мұрны көгеріп кетеді. Соның салдарынан санасы тұманданып, сандырақтап, тіпті, есінен адасуы да мүмкін. Бұл дамып келе жатқан пневмония немесе респираторлық дистресс-өкпе синдромының белгілері болуы мүмкін. Демек, науқасты жедел түрде ауруханаға жатқызу керек.

Балалар, әдетте, ересектерге қарағанда ауруды жеңіл өткереді. Кейбір жағдайларда ғана пневмония дамуы мүмкін. Әдетте, ол суық тию немесе өкпе патологиясы бар балаларда пайда болады. Егер аурудың осындай белгілері пайда болса, емханаға бару керек немесе дәрігермен хабарласу қажет. Дәрігермен кеңеспей, өздігіңізден ем қабылдау денсаулығыңыз үшін қауіпті екенін ескерткім келеді.

Аурудың алдын алу үшін иммунитетті нығайтуды ұмытпаңыздар. Ағзаға күн тәртібін сақтау, уақытылы демалып, сұйықты көп ішу де пайдалы. Дәрумендер мен минералды кешенді түрде қабылдауды да есте ұстаған жөн.

Нұрсұлу ҚҰРМАНҒАЛИНА,

«Гиппократ» МФ ЖШС Балалар консультативтік-диагностикалық орталығының бас медбикесі.

Басқа материалдар

Back to top button