Жаңалықтар

16. Тоқырауын бойына мал толса…

Тәңірберген бүгін де әдеттегідей ерте тұрды. Шығыс тұс ағара түскені болмаса, ауыл әлі түн құшағында жатыр. Шырт ұйқыда. Табалдырықтан аттай бере таңғы ауа қойны-қонышын толтырды. Тулақтың үстінде жатқан ала күшік те еркелей асылды. Бойы тітіркеніп, салқын леп сергектік сыйлағандай болды. Иығына іле шыққан күпінің қос етегін жинап, күшігінің басынан сипады. Аспан ашық, тек, батыс көкжиекте жалғыз шөкім бұлт қараяды. «Жаңбыр жаумайтын сияқты» деді ішінен. Кеше бір трактор сынып, шабындықта қалып еді. Күн райы бұзылмай шөпті жеткізіп алу керек. «Әлгілер де жолға шыққан болар», – қалтасындағы ұялы телефонын алып, қарады. – «Иә, ендігі шыққан шығар…».

Ауылдың қалада жүрген жігіттеріне сайман тапсырған еді… Тездетіп фермаға жету керек. Шаруа шаш-етектен…

«ЖАҚСЫНЫ КӨРМЕККЕ»

Тәңірберген Қасымов – Ақтоғай ауданы Сарытерек ауылындағы «Әлия» фермасының меңгерушісі. Іргелі шаруашылықтың бар ісіне жауапты өзі. Ақ «Нивасына» аяқ артып, күрежолмен фермаға қарай құйғытқанда күннің де құлағы қылтиған-ды… Орталықтағыдай емес, фермадағы тіршілік ерте басталады. Тәңірберген жеткенде қой өріске беттеп үлгерді. Атын, ас-суын сайлап алған қойшы Кенішбек ақсақал – соңында. Осыдан қас қарайғанда ауыл маңына оралады. Қора жақ азан-қазан. Мөңіреген бұзау, күл шашқан бұқа. Сиырға жекіген сауыншылардың дауысы, күрп-күрп еткен сүттің дыбысы естіледі. Түнгі жайылымнан келген жылқы өзенге құлап барады. Кеше шабындықтағы қосты тастап, ауылға қайтқан тракторшылар да керек-жарағын сайлап, меңгерушіні күтіп жүр екен. Бұларды шабындыққа жеткізіп тастау қажет. Бірақ, әуелі қаладан сайман жетуі тиіс… Сарытерек ауылында 68 шаруа қожалығы бар. «Әлия» – солардың арасындағы ірі шаруашылықтар қатарында. Қожайыны – Болатхан Жұмалиев. 2005 жылы 17 млн. теңге қаржысын құйып, осы шаруашылықты жолға қойды. Бүгінде мұнда 500 жылқы, 2 мың қой және 300 сиыр бар. 8 мың гектар жерді игілігіне пайдаланып отыр. Әрине, мұндай дәулетті ферманың шаруасын дөңгелету де оңай жұмыс емес. Кеңес уағында бұл жерде «Самал» бөлімшесі болды. Мыңғыртып мал айдап, совхоздағы маңдайалды фермалардың алдында жүрді. Одақ тараған соң бөлімшедегі малдың да, жанның да басы азайды. Ел көшіп, шаруаның күйі кетті. Тек, инвестор ақша салып, шаруашылық құрылғанда бөлімшенің тамырына қайта қан жүгірді. Ертеңіне алаңдаған ел сонда ғана тынысы ашылғандай күй кешті. Ферма Ақтоғайдан Балқашқа апаратын жол бойындағы Ақтұмсықтан 3 шақырым қашықта жатыр. Тоқырауын дәл іргесінде. Малға жайлы, түгін тартсаң, майы шығатын шұрайлы мекеннің нақ өзі. «Жақсыны көрмекке» деген. Сарытерек ауылының әкімі Қанатбек Серкебаев екеуіміз фермаға жеткенде Тәңірберген бастаған жігіттер шабындыққа аттанып барады екен…

«ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ЖАЗ ОЙЛА»

Шөп шабу науқанына көлденең кесапат кедергі келтірді биыл. Шөптің шығымы да аз. Жаңбыр жауған жоқ. Сондықтан, жылдағыдай емес, шабатын жер көлемі де ұлғайды. Бұл – шаруашылыққа қосымша салмақ – керосиннің шығыны, техника шығыны. Уақыт та қысып барады. Әупірімдеп, енді біраз күнде тасуға кірісеміз деп отырғанда, өрт шықты. Жиып қойған шөптің бір бөлігі жанып кетті. Тілсіз жаумен алысып жүріп, тағы бірнеше күнді өткізіп алды. Өртті ауыздықтаған соң тракторшылар қайта шабындыққа шықты. Күлге айналған шөптің орнын толтыру керек. Сөйтіп, абырой болғанда науқанды созбай тәмамдап үлгерді. Ендігісі – бар шөпті кешіктірмей жеткізіп алу қажет. Ауыл әкімі шаруа қожалықтарын аралап, жай-күйімен танысып тұруды дәстүрге айналдырған. Бұл жолы да әкімді шаруашылықтың қысқа дайындығы қызықтырды. Шөп қоры жеткілікті. Енді фермаға жеткізіп алудың қамымен жүрміз. Ауа райы оң қарап тұрса, жақын күндері жұмысты бітіреміз деп отырмыз, – дейді Тәңірберген меңгеруші Таң бозынан өрген қой тек ымырт жабыла ауыл маңына жетеді.

Және Кенекең малды алдына салып, қуаламайды. Өз екпінімен баруы тиіс. Жеген шөбі де сонда бойына жайымен тарамақ.

ТОҚЫРАУЫН БОЙЫ ТӨРТ ТҮЛІККЕ ТОЛҒАЙ

Фермада күнделікті өмірге қажет дүниенің бәрі бар. Жарық, су үйге келіп тұр. Мемлекеттің көмегімен күн панельдерін де алған. Оны шалғайдағы қыстауларда пайдаланып отыр. Арнайы әкімшілік кешендер, жұмысшыларға арналған тұрғын-жайлар тұрғызылды. Ескі қоралар жөнделіп, жаңадан да салынды. Ауыл қыздың жиған жүгіндей әдемі көрінеді. Жинақы, шашау шыққан, қаңырап тұрған ғимарат жоқ. Шаруаның ретін білетін жанның қолы тигені көрініп тұр. Мал – құт. Ертеден Тоқырауынды жайлаған ел мыңғыртып мал айдады. Шаруашылық қожайыны өзен бойын тағы төрт түлікке толтыруды көздеп отыр.

CУРЕТТЕРДЕ:

1.Малдың жайын білетін Кенішбек АУМАСБАЕВ.

2.Сарытерек ауылының әкімі Қанатбек СЕРКЕБАЕВ, «Әлия» фермасының меңгерушісі Тәңірберген ҚАСЫМОВ, тракторшы Сағат ЕСМАҒАМБЕТОВПЕН бірге.

3.Елдің құты жылқы.

Суреттерді түсірген автор.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ. 

Басқа материалдар

Back to top button