Бас тақырыпБасты тақырыпТаным

«Жеті қазынадан» жүлде – Қарқаралы саятшыларының мерейі үстем

Қарқаралы ауданының жүйрік жаратып, қыран құс ұстап, құмай тазы баптаған азаматтары Абай ауданының Қараауыл ауылында өткен «Жеті қазына» республикалық фестивалінен жүлделі оралды. Төзімділік пен табандылықты талап ететін құсбегілік өнерді аймақ көлемінде барынша дамытып келе жатқан бүркітшілер осылайша ұлттық дәстүрді жаңғыртты. Аймақ намысын қорғаған өнерпаздар Абай облысын құлақтан кіріп, бойды алған әсем ән мен тәтті күйге бөледі. Республикалық фестиваль қазақтың ұлы ақыны, ойшылы және ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналды. 

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген этноспорт шеберлері ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, 40 мыңға жуық көрерменге тамаша сайыс тарту етті.

Суреттер облыс әкімдігі сайтынан

Сол додада Қарқаралы ауданы да ұлттық дәстүрін лайықты дәрежеде танытып, абыроймен оралды.

Бүркітшілер арасындағы «Қыран бүркіт» жарысында Томар ауылының 25 жастағы тұрғыны Нұрлыхан Жәркен күміс жүлдегер атанды. Бұл – оның кәсіби жолындағы ең ірі жеңісі.

– Құсбегілікпен айналысқаныма бес жылдай болды. Осы уақытқа дейін мұндай деңгейдегі жарыстарда жүлде алып көрмеп едім. Биыл тәжірибе молайды. Ұлы Абай мерекесіне дайындықты жаздың басында бастадық. Күн сайын құсты қолға қондыруға, шырғаға түсуді үйретуге жаттықтырдым. Бұл – төзімділік пен табандылықты талап ететін өнер. Алғашқы кезеңде 500 метр қашықтықтан бүркітті қолға шақыру тапсырмасы болды. 10 ұпай жинап, келесі кезеңге өттім. Екінші кезеңде шырғаға шабуыл жасау жылдамдығы сыналды. Финалда 11 бүркітші бақ сынады, мен солардың ішінде екінші орынға тұрақтадым. Намысты қолдан бермей, өңірдің мерейін асырғаныма қуаныштымын. Фестиваль жоғары деңгейде өтті, ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін, – дейді Нұрлыхан Жәркен.

Қарқаралылықтар «Құмай тазы» жарысында да топ жарды. Едірей ауылынан келген Желқара атты тазы екінші орын иеленді.

Оның иесі Азамат Төкешов тазы өсірумен және баптаумен 2017 жылдан бері шұғылданады.

– Тазы – өте жүйрік, төзімді, ақылды ит. Менің тазым – Желқара. Абайдың 180 жылдығына арналған аламанда екінші орын алдық. Іс-шара өте әсерлі өтті, жергілікті халықтың қонақжайлығы ерекше қуантты. Бала кезімнен жылқы мен аңшы иттерге әуеспін. Қазір ұлттық құндылықтарды жаңғырту үшін жылқы мен тазыны баптап жүрмін. Аға буыннан үйренеріміз көп. Алда бізді әлі талай дүбірлі дода күтіп тұр деп сенемін, – дейді Азамат Төкешов.

Фестиваль жеңімпазы атанып, дала дәстүрін дәріптеген дарабоздарға екі жорға бие тарту етілді.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button