АймақБас тақырыпҚарағанды

Саранда ескі үйлер қайта жаңаруда

Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Аймақ басшысы өңірдегі инфрақұрылым бағытында атқарылып жатқан ауқымды жобалар мен нақты нәтижелерге тоқталды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жыл соңына дейін облыс аумағында 545 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл көрсеткішке жеке тұрғын үй құрылысы бағдарламалары мен жеке инвестициялар есебінен қол жеткізілмек.

– Көлік инфрақұрылымы бойынша маңызды жол учаскелерінде құрылыс пен жөндеу жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, «Балқаш – Бурылбайтал» және «Қарағанды – Қарқаралы» бағыттарындағы жолдар аяқталуға жақын. Сонымен қатар, «Қарағанды – Жезқазған» бағыты бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, – деді аймақ басшысы.

«Достық – Мойынты» теміржол желісі іске қосылғаннан кейін облыстың транзиттік әлеуеті бес есеге дейін артады. Бұл Қазақстан арқылы өтетін жүк тасымалының көлемін айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Қарағанды әуежайын жүк терминалына бейімдеу жобасы да қолға алынды. Жобаны іске асыру арқылы жылына 50 мың тоннаға дейін жүк өңдеуге мүмкіндік туып, Еуропа – Қытай бағыты бойынша халықаралық жүк және жолаушылар рейстерінің саны артады деп күтілуде.

Жылу жүйелері де назардан тыс қалған жоқ. Қарағанды, Теміртау, Балқаш және Ақтоғай ауданында 6 ірі жоба жүзеге асырылуда. Оған жылу қазандықтарын жаңғырту, жаңа қазандықтар салу және жылу желілерін ауыстыру жұмыстары кіреді. Сонымен қатар, жылу көздеріндегі энергоблоктар мен турбиналарда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 

Саран қаласында тозығы жеткен тұрғын үй қоры қалпына келтіріліп жатыр. Соңғы бірнеше жылда мұнда 22 көпқабатты тұрғын үй жөнделді, оның ішінде 5-еуі – бюджет есебінен, қалғандары – жеке инвесторлар есебінен.

Президенттің тапсырмасы аясында ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де кешенді түрде шешілуде. Облыс бойынша 36 су нысанында құрылыс және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар 200 мыңнан астам ауыл тұрғынын таза ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, арнайы мемлекеттік қор есебінен қосымша 11 су құбыры жобасы іске асырылуда.

Газ инфрақұрылымы да дамып келеді. Қарағанды мен Теміртауда 5266 үй табиғи газға қосылды. Тағы 4323 үй газ жүйесіне қосылуға техникалық мүмкіндігі бар.

– Бұл жұмыстар халықтың тұрмыс сапасын арттырумен қатар, өңірдің экономикалық әлеуетін көтеруге бағытталған. Инфрақұрылым – ұзақ мерзімді дамудың іргетасы, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button