Шет ауданынан Ұлы Отан соғысына аттанып, хабарсыз кеткен Әкімжан Айдосовтың (1904-1942 ж.ж.) қаза тауып, жерленген орны табылып, оның қабір топырағы осы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мерекесі қарсаңында өзі туып-өскен Үңірек ауылындағы ата-баба қорымына әкелініп қойылып, рухы 83 жылдан кейін туған топырағында тыным тапты.

Әкімжан марқұм – Арқа өңіріндегі шерпе күйдің көрнекті өкілі, соңында «Наз», «Сезбес», «Отбасы», «Сембектің қосбасары» сияқты он шақты күй қалдырып, 30-жылдардың зобалаңында жазықсыз атылған атақты күйші Сембек Айдосұлының (1864-1931 ж.ж.) сегіз баласының бірі.
Ол Жезқазған қаласында жұмыс істеп жүргенде әскер қатарына Шет ауданынан алынғанда, жары Сәлиман екі жастағы Зекен және сол кезде құрсақтағы Мүгілсімімен қала береді. Сол кеткеннен Әкімжаннан хат-хабар болмай, 80 жылдан аса өлі-тірісін ешкім білмеген.
Тек осы кейінгі уақытта қызы Мүгілсімнен туған жиені, кеден қызметінің полковнигі Өмірзақ Бейіспековтің сұрау салып, талмай іздестіруінің арқасында нағашы атасының Ресейдің Смоленск облысының Сычев елдімекеніндегі бауырластар зиратына жерленгені анықталған. Оның өзінде 1942 жылы қаза тапқан жауынгердің тегі «Андосов» болып жаңсақ жазылғанымен, әскери мұрағат деректері бойынша оның Әкімжан Айдосов екені белгілі болады.
Содан республикалық «Атамның аманаты» қоғамдық ұйымы Отан үшін құрбан болған асыл азаматтың қабірінің бір уыс топырағын Қарағандыға жеткізіп, ұрпақтары мен ағайын-туыстарына табыстаған болатын. Олар түйіншекке салынған осы аманат топырақты майдангердің ата-бабалары жатқан Үңірек ауылындағы қорымға апарып қойып, басына құлпытасын орнатып, ауыл мешітінде аруағына ас беріп, дұға оқытты.
Одан кейін ауылдық әкімдікте клуб және кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Ер есімі – ел есінде» атты кеш өткізіліп, оған Әкімжан жұрағаттары мен туыстары, жастары сексеннен асқан қыздары Зекен мен Мүгілсім, ТҮРІКСОЙ ұйымының хатшысы, Сембек күйшіні насихаттаушы Дүйсен Қасейінов, тарихшы ғалым Нұрлан Ошанов арнайы келіп қатысты.
Осында сөйлеген сөзінде Дүйсен ағамыз:
– Мен бұл әулетке жиеншар болып келемін. Әкем Қорабай Сембек күйшінің қызы, Әкімжанның апасы Рахиладан туған. Ұлы нағашымның аты қалай өшпесе, оның елі мен жерін қорғап, қан майданда қаза тапқан ұлының есімі де бүгін жаңғырып, қабір топырағы туған жерге тапсырылғанын естіген Қазақстанның өнер адамдары да қатты қуанып жатыр. Енді Әкімжан нағашымның жаны тыныш тауып, рухы шат болсын! – деді.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Шет ауданы