«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, қазақтың ұлы ақыны Абай ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ 175 жылдық мерейтойына орай, Қарағанды қаласында «Әдеби аялдама» пайда болды. Бұл тың дүниені «Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен «Қарағанды облысының балалар мен жастар ұйымдарының Одағы жастар қоғамдық бірлестігі» жүзеге асырды.
«Әдеби аялдама» Бұқар жырау даңғылындағы «Таир» аялдамасында орнатылған. Аялдаманың маңдайшасына «Әдеби аялдама», «Литературная остановка» деп екі тілде жазылған.Оның құрылымы үш бөлімнен тұрады.
Алғашқысы – ішкі тұтас қабырғаға Абайдың үлкен портреті мен мерейтойлық логотипі жапсырылып, он бесінші қара сөзі қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған. Екіншісі – ішкі сол жақ қабырғасына Қасым Аманжоловтың «Қарағанды» өлеңі орналастырылса, ішкі оң жақ қабырғасында «Абайға айтарым» шығармасы тұр. Үшінші бөлімнің сол жақ сыртқы қабырғасында Мұқағали Мақатаевтың Абайға арнаған «Дала данышпаны» жыры орын алса, оң жақ сыртқы қабырғасына Сұлтанмахмұт Торайғыровтың хакім жайлы «Асыл сөз» өлеңі орнатылған.
Болашақта туындылар түнде де көрінуі үшін әр қабырғаға шамдар да орнатылады. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта «Әдеби аялдама» жобасы сақталып, ондағы ақындардың өлеңдері ауыстырылып отыратынын айтады.
– Бұл кітап оқымайтын нарықтық дәуірде титтей де болса жұртшылыққа рухани азық сыйлап, қазақ ақындарының өлеңдерін насихаттау мақсатында жасалып отыр. Алдағы аптада С.Мұқанов көшесіндегі «Автобекет» аялдамасын да осы сарында түрлендіреміз, – дейді Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тілдерді дамыту жөніндегі бас маманы Ұлжан Бөрібаева.
Жәлел ШАЛҚАР.