АймақБас тақырыпСаран

Саран станциясы климатқа да, экономикаға да пайдалы

Аймаққа Жасыл климат қорының (GCF) атқарушы директоры Мафальда Дуарте ханым бастаған халықаралық делегация ресми сапармен келді. Бұл сапар – Қазақстан мен халықаралық қаржы институттары арасындағы жасыл энергетика саласындағы әріптестіктің нақты нәтижелерін көруге бағытталған маңызды оқиға.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Сапар аясында делегация Саран қаласында орналасқан қуаты 100 мегаватт күн электр станциясында болды. Бұл жоба – GCF пен Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) серіктестігімен іске асқан ең ауқымды бастамалардың бірі. 2019 жылдан бастап табысты жұмыс істеп келе жатқан станция жаңартылатын энергия көздерін дамытудағы Қазақстанның көшбасшылық ұмтылысының айқын дәлелі.

GCF басшысы Мафальда Дуарте ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевпен, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен және ЕҚДБ өкілдерімен бірге станцияны аралап, оның жұмысымен танысты. Күн паркінің жалпы ауданы 160 гектарды құрайды, онда 300 мыңнан астам фотоэлектрлік модуль орнатылған. Кешен құрамында негізгі қосалқы станция мен энергия жинақтағыш бар. Барлығы 11 адамнан тұратын ұжым, негізінен жергілікті тұрғындар, бұл озық нысанға қызмет көрсетіп отыр.

Кәсіпорын басшысы Евгений Гребенниковтың айтуынша, күн станциясы жылына орта есеппен 120 миллион киловатт-сағат электр энергиясын өндіреді. Бұл энергия KEGOC желісіне толық көлемде жеткізіледі. Бұл – Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығымен жасалған ұзақмерзімді келісімшарттың арқасы.

Гребенников атап өткендей, жобаның табысты жүзеге асуына мемлекет пен жергілікті билік үлкен қолдау көрсетті.

– Жасыл экономика туралы заң инвестициялық шешім қабылдауда негізгі құжатқа айналды. Біз «ашық терезе» қағидаты бойынша барлық қажетті рәсімдерді жедел орындап, жобаға қажетті жерді, техникалық-экономикалық негіздемені және материалдарды дер кезінде алдық, – деді ол.

Мафальда Дуарте ханым бұл сапардың басты мақсаты – Қазақстандағы пилоттық жобалардың нәтижесін көру және алдағы кезеңде қандай бағыттарға басымдық беру қажеттігін талқылау екенін айтты:

– Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым. Біз бұл станцияға инвестиция салдық және ол барлық бағдарлама көлемінің 40 пайызын құрайды. Мұндай жобалар арқылы біз мақсатымызға жетіп жатқанымызды көреміз, – деді ол.

Сапар барысында делегация мүшелері Қарағанды техникалық университетінде болып, жасыл энергетика саласына қатысты ғылыми жобалар көрмесін тамашалады. Бұл Қазақстанда болашақ мамандар мен зерттеушілердің жасыл технологияларға қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді.

Саран күн электр станциясы – таза энергияға көшу жолындағы нақты қадам. Ол көмірқышқыл газының (CO₂) шығарындыларын азайтуға, тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетуге және халықаралық инвесторлар сенімін нығайтуға елеулі үлес қосуда. Бұл жоба – Қазақстанның жасыл экономикаға бағытталған стратегиялық ұстанымының жарқын мысалы.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button