Руханият

Бәсекелестік һәм ысырап

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртуға бағытталған бірнеше концепция мен бағыт-бағдар бар. Соның ішіндегі «Прагматизм» бөлімі қазақстандықтар үшін, қоғамның өмір салты үшін аса маңызды саналады.

«Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көрегенділікті көрсетеді», – дейді өзінің мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев.

Шынында да, ысырап қайдан келеді, ол мақтаншақтық пен даңғойлықтан туады. Біздің әлі жеңе алмай келе жатқанымыз – бәсекелестік. Анығын айтқанда даңғазалық. Осының салдары ертеңгі күні банктен несие алуға апарады. Сосын жүреміз, ақшамызды жеткізе алмай. Бір банктен алған несиені екінші банктен алған несиемен жауып.

Қазір бізде не көп? Той көп. Міне, ысырап та, бәсекелестік те, мақтаншақтығымыз да осы тойда… Бала дүниеге келді, аста-төк той, тілашар ол да қалың жұртты шақырып, дастарқан жайып шашылу. Тәй-тәй басу да кемі жүз адамды жинайтын мерекеге айналған. Қыз ұзату мен үйлену тойы ол бөлек әңгіме. Мұнда кемі 100-200 адам шақырмасақ бойымызға ас батпайды. Ысырап туралы сөз қозғадық, енді сол тойға сойылған малдың өзінен де қанша пайданы желге ұшырамыз, соны қаузайық. Табақ-табақ ет тартылады. Ал, етін жедік делік (қалғаны тойхананың қоқысына кеткен қалдықтарды айтпағанда), «қалғаны қайда?» деп бас ауырттық па? Жоқ. Өйткені, бізде тері өндеу, жүн түту, сонымен бірге, ішек-қарын тазалау деген ескінің сарқыншағы сияқты болып барады.

Ата-бабамыз қастерлеген төрт түлік малының терісі мен жүнінен киім тігіліп, киіз басылып, сан түрлі ыдыстар мен жауынгерлік бұйымдар дайындалған. Бүгінде осы дәстүрді көздің қарашығындай сақтап келе жатқан бірен-саран адам болмаса, жүн мен терінің қадіріне жетіп жатқан ешкім жоқ. Кезінде соншалықты құнды болған шикізат бүгінде шыбын жеп, құрттап далада жатыр. Жинап, тергеніміздің өзін шетел асырамыз. Олар болса, шикізатты арзан бағаға алады. Қой терілері көбінесе далада қалады да, басты саудаға қара мал терісі түседі. Енді өзіңіз есептей беріңіз, бір келі сиыр терісі 500 теңгеден өтсе, көрші елдің кәсіпкерлері одан 5-6 аяқ киім жасап, не жейде тігіп, әрқайсын өзімізге 8-10 есе қымбатқа сатады. Міне, мәселе қайда жатыр?! Бізден алған арзан шикізат арқылы өз елінің бюджетіне миллиондап ақша құюда!

«Жерасты байлығымыз мол!» деп қашанғы мақтана береміз? Осындайда «өз байлығымызды өзіміз неге игермейміз?» деген де сұрақ туындайды. Енді осы сыртқа кетіп немесе өзімізде қалып, шіріп жатқан шикізаттардан қандай өнім алуға болатынын қараңыз: «Күздік тері – қазан, қарашада сойылған малдың өңі қалың терілері. Бұл теріден тон, шалбар, ішік, бөрік тігуге болады. Соғым терісі – жүндес, қыртысы қалың мықты терілер. Тақыр тері – жүнін қырқып алысымен сойылған немесе жүнін жидітіп алған тері. Бұдан жарғақ шалбар, қап, тұлып, дорба сынды заттар жасалады. Сеңсең – үш ай мен бес ай аралығындағы қозының қырқылмаған терісі. Көбінесе ішік, тымақ, бөрік, бөстек жасауға қолданылады. Елтірі – туғанына 2-3 ай болған қозы терілері. Одан ішік, тымақ, бөрік, жаға жасайды. Жабағы – қойешкінің сәуір, мамыр айларындағы жабағы жүні, қопсымаған қалық түбітті терісі. Қырықпа – жабағы жүн мен күзем жүндері қырқылғаннан кейін сойылған малдың сұйық жүнді терісі. Мари – туа салып немесе бірекі тәулікте өлген қозы, лақ терілері. Бөрік, тымақ тігуге, әдіптеуге, киім тысын көмкеруге қолайлы. Маридің жүні тықыр, жылтыр, өрнекті болып келеді. Жылбысқы – іште жатып өлген немесе туа салып өлген қозының өте жұқа терісі. Тоқтышақ терісі – сеңсеңі қырқылғаннан кейін біркелкі майда жүн өскен, 4-5 айдан асқан қозы терісі. Ол – киімнің барлық түрін тігуге жарамды, жеңіл әрі жылы, жұмсақ тері. Одан қаптама тон жасайды». Бұл біздің ұлттық құндылығымыз. Ата-бабаларымыз жалаңаш жүрген жоқ, суықтан қорғану үшін киіз үйді ойлап тапты, тоңбас үшін киім-кешектің түр-түрін, аяқтарына да аяқ киімді өздері тікті емес пе, басқаға жалынбай?! Міне, осының бәрін төрт түліктің арқасында жүзеге асырды. Ал, қазір біз сол үрдістен айырылып қалдық. Қалтамызда шетке өткізген тері мен жүннен түскен тиын-тебеннің сылдырлағанына мәзбіз.

«Әлемде мал терісін ең көп пайдаға асыратын елдердің көшін Қытай бастап тұр. Гуанчжоу қаласы тері өнімдерін тереңдеп өңдейтін кәсіпорындары, сапалы терілерден тігілген аяқ киім фабрикаларымен аты шыққан. Теріні терең өңдейтін кәсіпорында технолог болып жұмыс істеген қандасымыз Орынбасар Тәжи:

– Теріден тігілген аяқ киімдерді дайындау күрделі үдеріс. Гуанчжоудағы аяқ киім шығаратын зауыттарда технологияық тізбек механизмі дұрыс үйлестірілген. Теріні терең өңдеу, оны бояудан аяқ киімге дейінгі жұмыс бір жерде кезең-кезеңімен жүргізіледі. Шикізатпен қамтамасыз ету жағы алдын ала келісімшарт бойынша шешіліп қойған. Сіздерде осындай жүйелілік әлсіз. Кәсіпорындардың жабылып қалуы, себебі киімдерде талғамға және сұранысқа қарай үйлестіріп отыратын мамандармен жұмыс жүргізілмейді. Кез келген кәсіпорын бірінші кезекте осы факторға басымдық береді, – дейді» деп жазды «Таза Ел» сайты. Айтқаны орынды. Бізде құлық жоқ!

1990 жылдары ауылымызға Моңғолия елінен қазақтар көшіп келген болатын. Олар өздерімен бірге нағыз қазақы бұйымдарды да ала келді. Әкем сол кісілермен араласып та кетті. Бір-екі ешкісін солардағы ертоқым, жүген, қайысқа кәдімгідей алыс-беріс жасайтын. Айтайын дегенім, дайынды сырттан тасымай, өзімізде барды оңтайлы пайдаланатын уақыт жетті. Жалпы, осы біз неге төрт түліктің терісі мен жүнінен теңге таппаймыз? Қашанғы сыртқы елді байытып, өз-өзімізді өгейсітіп жүреміз?!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button