Руханият

Әлімхан Ермековке ескерткіш тақта орнатылды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, математикадан тұңғыш қазақ профессоры Әлімхан ЕРМЕКОВКЕ мемориалдық тақта орнатылды. Ол Әлімхан Әбеуұлы тұрған Қарағанды қаласы, Абай көшесі, 58 үй қабырғасына ілінді. Бұған ұйытқы болған – Қарағанды техникалық университеті мен қала әкімдігі.

Ұлттың ұлы перзенті Әлімхан Ермеков мемлекетіміздің шекарасын белгілеуде жанқиярлық еңбек сіңірді. Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ интеллегенциясының осындай жауапты істі оған сеніп тапсыруы білім-білігінің биіктігін көрсетсе керек. Оның 1935 жылы жарық көрген «Ұлы математика курсы» атты оқулығы және басқа да ұлты үшін ізгі істері ел есінде.

1920 жылы 17 тамызда Лениннің төрағалығымен өткен Қазақ автономиясының шекара мәселесі қаралғанда ол өзгелерді дәлеліне сендіре, нақты сөйлеген. Туа біткен шешен де өжет мінезі, мысы басым дегдарлығы, қисынды ұстанымы қазақ жері шекарасының негізін белгілеп, территориясын анықтайтын шешуші сәтте қырағылық танытып, ерлік көрсетті.

Бұл туралы Ә.Бөкейхан «Мен сен сөйлеп отырғанда көтеріліп-басылған жанартаудың үстінде отырғандай болдым. Сөйлегендегі жалының бетімді шарпыды» – деп баға берген.

Мемориал тақтаны Қарағанды қаласының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев, Қарағанды техникалық университетінің ректоры Марат Ибатов және немересі Олег Ермеков салтанатты түрде ашты. Оның ұшан-теңіз еңбегі мен асқақ рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды, біртуар тұлғаның қолының табы, табанының ізі қалған қасиетті ордаға бас иді.

– Келесі жылы «Алаш» партиясының негізін қалаушылардың бірі, ұлтымыздың ұлы математигі Әлімхан Ермековтің туғанына 130 жыл толуын атап өтеміз. Ол қазіргі Қарағанды техникалық университетінің іргесін көтеріп, соңына көп шәкірт қалдырған тұлға. Қуғын-сүргін жылдарына қарамастан зиялылық пен даналықты, берік азаматтық ұстамдылықты сақтай алды. Оның өнегелі өмір жолы бізге қашан да үлгі, – деді қала әкімі Ермағамбет Бөлекбаев.

Университет ректоры Марат Ибатовтың айтуынша, алдағы жылы Қарағанды техникалық университетінде арнайы аудитория ашылса, Томскідегі оқыған оқу орнына ескерткіш тақта ілінеді. Сонымен қатар, екі іргелі конференция өткізу жоспарланған.

Ал, немересі Олег Мағауияұлы көрсетілген құрметке Ермековтар әулеті атынан алғыс айтты. – Атам Ленинге қарсы шыққаны үшін 58 статьяның 8 тармағымен «Халық жауы» деп танылып, Ленин көшесіндегі 58 үйден 8 пәтер берілген. Сондай-ақ, астынан саналатын пәтердің реттік санын екінші қабаттан бастап санап, 8 пәтерді 1 қабатқа сәйкестендірген. Мақсаты – кімге қарсы келгенін, қандай бап, қай тармақпен сотталғанын есінен шығармасын және үнемі төменде өмір сүрсін деген озбырлық ниет пен шовинистік көзқарас еді. Бірақ, ол ешқашан мойыған жоқ, өмірінің соңына дейін еңсесін тік ұстап, еліне қызмет етті. Біз де ұлымызбен Ұлыбритания елінде білім саласында қызмет етудеміз. Сол елдің ең үздік университеттері мен білім саласы біздің жүйемен білім алуда. Қазақстаннан келген студенттерге де көмек береміз. Атамыздың жолын осылай жалғастырудамыз, – деді ол.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button