Жастар таңдауы – латын әліпбиі

Жақында Приозерск қаласы жастар ресурстық орталығының басшысы Ұлан АЛМАСТЫҢ төрағалығымен Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Латын әліпбиі – өрісі кең әліпби» тақырыбында онлайн-конференция өтті.

Аталмыш шараға «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары мен қала жастары қатысты. Жиынға қатысушылар латын графикасына көшуді қолдап, ел болашағы үшін қабылданған маңызды шешім екендігін жеткізді.

– Әліпби алмастыру, бұл – ұлтымыздың тарихындағы ең маңызды бетбұрыс деп санаймын. Сондықтан, осындай жауапты қадамға әркімнің атсалысқаны абзал. Латын графикасын үйреніп алу үлкен қиындық туғыза қояды деп ойламаймын. Өйткені, әлем қабылдап отырған әліпби бізге де жат емес. Біз күнделікті өмірімізде латын графикасымен жиі кездесеміз. Тауарлардың көпшілігінде ақпараттар латын қаріптерімен берілген. Ғаламтор мен ұялы байланысты пайдаланушылар, әсіресе бүгінгі жас буын өкілдері латын әліпбиін пайдаланып та жүр. Алайда, осы жұмысты жүйелеп, бір бағытқа салу үшін қазақ тілінің түбегейлі латын әліпбиіне көшуі қажет, – деді спикер Ұлан Алмас.

Сондай-ақ, онлайн-кездесуде латын қарпін жаттаудың оңтайлы әдістері туралы слайд көрсетілді. Қатысушылар латын әліпбиі туралы ой-пікірлерімен бөлісіп, қойған сауалдарына тұшымды жауап алды.

Өз тілшімізден.

ПРИОЗЕРСК қаласы.