КоронавирусҚоғам

Талап бұзғанға – жаза қатаң

Карантин режимі жеңілдетілсе де, сақтық шараларын қатаң сақтау – басты талаптардың бірі. Әкімшілік, санитарлық сала мамандары мен полиция қызметкерлерінен құрылған арнайы топ рейд жұмыстарын әлі де тоқтатқан жоқ. Октябрь ауданына қарасты 4 мобильді топ Сұрыптау кентіндегі сауда орталықтары мен басқа да бизнес ошақтарына кезекті тексеріс жүргізді.

Мәлімет бойынша наурыз айынан 1336 ұйым тексеріліп, 75 хаттама толтырылған. Оның ішінде 65 мекеме жетекшісіне қысқартылған (екі есе) өндіріс тәртібіндегі әкімшілік айыппұл салынды. Тексерістің талаптары қарапайым. Сатушылар жұмыс уақытында медициналық қолғап пен бетперде тағуы – шарт. Дүкеннің кіреберісінде төселген арнайы кілемшеге дезинфекция жасалып, жұмыскерлердің күнделікті дене қызуын дәптерге жазып отыру міндетті. Тұтынушы мекемеге кіретін уақытта дене қызуын өлшеу керек. Сондай-ақ, қосымша ауыстыратын бетперде мен медициналық қолғаптар қорда артығымен болғаны жөн. Демалыс күндері шаштараз, монша және сұлулық салондары жұмыс жасамайды. Дүкен, супермаркет, дәмхана мен көңіл көтеретін басқа да орталықтар кешкі 22:00-ден кейін жұмыс уақытын тоқтатуы шарт.

– Тексеріс кезінде сатушылардың медициналық қолғап пен бетперде тақпауы қалыпты жағдай. Әсіресе, шаштаразшы сақтық режимін қатаң сақтауы қажет. Себебі, ол тұтынушымен тым жақын байланыста болады. Өзім рейд жұмыстарына бірнеше мәрте шықтым. Құқық бұзушыларға айыппұл салғанда аяп кетесің. Бірақ, талаптың аты – талап, – деді Октябрь ауданы әкімі аппаратының куратор көмекшісі Вера Болдырева.

Ең бірінші ат басын тіреген мекеме – «Нұр» сауда үйі. Орталық санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмыс істеуде. Ірі сауда орталығы болғандықтан тек бірінші қабатындағы азық-түлік сататын бөлігі ашық. Ұжымда істейтін барлық жұмыскердің дене қызуы күнделікті өлшеніп, қағаз бетіне түсірілген. Келген тұтынушыны да бетпердесіз кіргізбейтін көрінеді.

– Санитарлық талаптар барынша қатаң сақталады. Дене қызуын күнделікті үш мәрте тексеріп, бетпердені жиі ауыстырамыз. Қорда сақталған бетперде мен медициналық қолғаптар да жеткілікті, – дейді дүкен сатушысы Дина Матютенко.

Бұдан кейінгі «Гастроном» сауда орталығында талаптар толық сақталмайтыны анық көрінді. Тексеріс кезінде шағын супермаркет сатушысы медициналық қолғапсыз, бетпердесіз қызмет көрсетуде. Жұмыскерлердің дене қызуы жазылатын арнайы дәптерде сол күнгі нәтиже тіркелмеген. Дүкен сатушысына талаптарды сақтамағаны үшін хаттама толтырып, 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

«Автостиль» автожуу орталығында да құқық бұзушылық анықталды. Кіреберістегі төсеніш залалсыздандырылмаған. Жұмыскерлердің дене қызуы дәптерге күнделікті жазылып отырса да, қорда қосымша ауыстыратын бетперде мен медициналық қолғаптар жоқ. Жұмыскерлер де бетпердесіз жұмыс істеуде. Бетперде мен медициналық қолғаппен қамтамасыз етпегені үшін мекеме иесіне 230 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

– Айыппұл хаттама толтырған күннен бастап 7 тәулік ішінде төленуі керек. Қазір біз құқық бұзушыларға қысқартылған өндіріс тәртібіндегі соманы белгілейміз. Егер олар айыппұлды көрсетілген мерзімге дейін төлемесе, қысқартылған форматы автоматты түрде толық нұсқасына ауысып кетеді. Бірінші мәрте құқық бұзғандарға ескерту жасау жоқ, – деді Октябрь ауданының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы Айгүл Төлеуқұлова.

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button