Насихат жұмысы жүргізілуде

Қазір жастардың көбі латын әліпбиін қолданатын шет тілдерін білуге ынталы. Ақпараттың компьютерлік жүйеге көшуі, батыс мәдениетінің теледидар, кино арқылы ықпалы, еуропалық сапа, талап – қоғамымызды латын әліпбиіне итермелейтін алғышарттар.

Қазақ жазуын латыннегізді графикаға ауыстыру әліпбиді жаңғырту арқылы тіліміздің кемел болашағын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жалпы, графиканы ауыстыру, түрлі нұсқаларын сарапқа салу жұмыстары 2017 жылы басталған. Осы ретте Қарағанды облысының тілдерді дамыту мәселелері жөніндегі басқармасы жанынан құрылған Ресурстық тіл орталығы да жаңалықтың жаршысы болып, жаңа қазақ графикасын насихаттауда түрлі шараларға ұйытқы болып жүр. Жоспар бойынша, ересектер аудиториясына түрлі курс, тренинг, семинарлар ұйымдастырылып отырады.

Жақында Қарағанды қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Ресурстық тіл орталығы бірлесіп, бірнеше мекемеде «Латын графикасында оқу және жазу дағдысын қалыптастыру» тақырыбында апталық курс өткізді. Тыңдаушылар ZOOM платформасында жаңа әліпбимен танысып, оқылым, жазылым дағдыларын қалыптастырды. Сондай-ақ, онлайн диктант жазып, салалық терминдердің жаңа әліпбиде жазылуын меңгерді. Практикалық тапсырмалар мен терминдер жасырылған судоқуды жарыса орындады. Quizizz бағдарламасы арқылы викториналық ойын сұрақтарына жауап берді. Мекеме қызметкерлеріне арналған курс алдағы уақытта да жалғасын табады.

Ф.БОРАНҒАЗЫ,

Қарағанды облысының тілдерді дамыту мәселелері жөніндегі басқармасы жанындағы

Ресурстық тіл орталығының оқытушысы.