Кино әлеміРуханият

Қазақ хандығы

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бір саласы – Ұлы даланың жеті қыры екені белгілі. Соған бірден-бір лайық туынды деп осы «Қазақ хандығы» киноэпопеясын атауға болады.

Ең қуаныштысы – қаймана қазақтың мемлекет ретінде негізінің қалануы осы фильмде өте сәтті көрсетілген. Шынында да ықылым заманнан бері қазақ деген халық ру-руға бөлініп келгенімен, мемлекет болып тұңғыш рет әлемдік аренада көрінуі осы Керей хан мен Жәнібек сұлтаннан бастау алады, бұл фильмде жан-жақты ашылған. Егер, бүгінгі ұрпақ тарихымызды бұрын үзіп-жұлып оқыған болса, мына кинотуынды арқылы тереңнен танып біле алады.

Фильмді тамашалап отырып мақтанасың, өйткені, ол рух береді. Картинаның ерекше ұнағаны тарихты бұрмаламай сол күйінде беруге тырысқан. Қазақтың шексізшетсіз кең даласында сол кезеңде қаншама қиындықтар болды. Зобалаң замандар өтті. Соның бәріне қасқайып қарсы тұра білген жұртымыздың бүгінгі күнге жетуі, соғыса жүріп, жерін жауға бермеуі, елді бір тудың астына ұйыстыра білген батырларымыз бен хандарымыздың еңбегі әдемі көрсетілген. Бұл кәдімгі үлкен кинопанорама.

Ең бір тамашасы фильмнің режиссерлік шешімі өте жақсы шыққан. Ал сондай батыл шешімге бару үшін о бастан жақсы сценарий болған деп есептеймін. Өте әдемі жазылған, тарих қойнауындағы қазақ халқының бүгінгі күнге жетуі үшін қаншама қиындықтарды жеңуі, салт-дәстүрін сақтап қалуы әдемі көрсетілген.

Бұл фильмнің ерекше бір ұтқан жері – актерлік ансамбль өте жақсы жасақталған. Және бұрынғы жаттанды болып қалған таныс бейнелер емес. Мысалы, Керей ханның рөлін сомдаған Қайрат Кемалов тұңғыш рет киноға түскен. Шеберлігі толысқан драма актері фильмге бірінші рет түсіп тұрса да жаңа қырынан танылды.

Менің бір таң қалғаным, өзіміздің актер болған соң, сыни көзбен қараймыз ғой. Жетпей жатқан жері бар ма деп, жай ғана жаулармен қылыштасатын жерін қарасаңыз, сол жердегі көз жанарында бәрі тұр. Көптеген кинода каскадерлер жасайды ондай қимыл-әрекеттерді. Ондайда ішкі жан-дүниесі, жауға деген өшпенділік мүлде көрінбей қалады. Ал, Қайратта көз жанарынан ішкі дүниесі түгел көрініп тұр, жауға деген кек пен өшпенділікті тура лап еткізеді, отты көзінен соны көресіз.

Жәнібек сұлтанды ойнаған актер Еркебұлан Дайыров, ол Халық батыры Бауыржан Момышұлын сомдаған мықты артист. Оның кинодағы бір рөлі бір рөліне ұқсамайды. Осы туындыдағы әсіресе психологиялық жағынан кейіпкердің ішкі жан-дүниесін беретін сәттері жанды шыққан. Керей хан екеуінің отырып келісетін жеріндегі екеуінің ішкі қиналыстары, әсіресе маған қатты ұнағаны – «Алмас қылыштың» соңына таман кімді хан сайлаймыз дегенде, «екеуіңнің біреуің болыңдар» деп киіз үйдің ішінде қалдыратын жері бар емес пе?.. Сонда екеуінің де алып кете аламыз ба деп сөйлесіп, ақылдасып отыратын жерінде жан-дүниелері, ішкі толғаныстары керемет шынайы беріледі. Кейін салт-дәстүрге сай ағасы «сен хан бол, жассың ғой» дегенде, «жоқ, аға, сіз болыңыз!» деген сыйластығы, нағыз қазаққа тән жомарттық пен мәрттікті көрсетіп тұр және соншалықты нанымды көрінеді. Осы сөздерді айтқанда Жәнібек сұлтанның ағасына деген сый-құрметі, сенімі бәрі ғажап.

Ал, Қобыланды батыр рөліндегі Арман Әсеновтің атта отырысы, сөзі көп болмаса да, салмақпен, сабырмен кейіпкерінің шынайы келбетін жеткізе білуі – өте шынайы. Режиссер Рүстем Әбдірашевтің осы фильмдегі үлкен табысы актер таңдауда қателеспегендігі деп ойлаймын.

Шын мәнінде баяғы өзіміздің «Қыз Жібегімізден» кейінгі тарихи тақырыпқа қойылған фильмдердің ішінде тұшынып, сүйсініп көрген дүнием осы болды. Фильмнің 4 сериясын да, телевизиялық нұсқасын да көріп шықтым, барлық эпизодтары бір-бірімен жалғасып, астасып жатыр.

Мұнда сабақтастық тым жақсы көрініс тапқан. Керей хан өлгеннен кейін, «әрі қарай елді кім бастайды, қайда апарады?» деген тұста Жәнібек хан болады. Енді сахнаға жастар шығады. Олардың қатарында кәсіби актер емес те жастар бар. Барлығы жұмылып, режиссер жүктеген міндетті тиянақты атқарған, тамаша ойнаған. Сөйтіп, жас актерлердің талабы ұшталып, таланты ашылған.

Киноның ерекше ұтқан жері Ұлы Даланың табиғаты арқылы, қазақ тарихының шынайы көріністермен берілуі дер едім.

Бұл фильмнің жетістігі өте көп және қазақ халқы өткен ғасырларда қалай өмір сүрген деген сауалдарға жауап беретін танымдық тарихи құнды дүние. Жай ғана қой баққан емес, ой баққан да қазақ екенін көрсеткен. Сән-салтанатты өмір сүрген рухы биік елімізді танытқан кинопанорама. Қатпарлы тарихымызды жетік біле бермейтін шетелдіктерге ұялмай көрсететін сериялы фильмдер.

Бүгінгі Қазақстан Тәуелсіздікке қалай жетті десе, хандықтың, бірлік пен тірліктің арқасында, ру-рудан жинақталып, біртұтас ел болғандығының арқасында жеткендігін көрсеткен тарихи фильм. Біз бөлінбеген, қайта жинақталған ұлтпыз.

Осындай көркем дүниенің ҚР мемлекеттік сыйлығына ұсынылып жатқаны өте дұрыс және бірден-бір лайықты тың туынды.

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,

актер-драматург,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Басқа материалдар

Back to top button