Дін-діңгек

Жат ағыммен күрес

Қазіргі басты мәселенің бірі – жат ағыммен күрес, экстремизм және терроризмге қарсы жұмыс жүргізу. Өзекті мәселенің түйінін тарқату үшін сала мамандары дәстүрлі түрде семинарлар мен оқу тренингтерін өткізіп келеді. Тұңғыш Президент бастамасымен қолға алынған арнайы іс-шара, облыстық Дін істері басқармасының мұрындық болуымен биыл Қарағандыдағы Әл-Машани қалалық мешітінде жалғасын тапты. Екі күнге созылған оқу семинарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни оңалту бөлімі меңгерушісі Қанат АЛШЫНБАЕВ пен психолог-реабилитолог Гүлназ РАЗДЫҚОВА дәріс жүргізді.

– Жат ағымның жетегінде кеткендермен кездесуді қалай ұйымдастыру керек? Қандай бейнематериал мен әдебиеттер қолдану қажет? Олар нені білуі шарт? Осындай сұрақтар төңірегінде өз тәжірибеммен бөлістім. Жалпы, мұндай жағдайда тек теологтың емес, психолог, әлеумет саласы мамандарының атқаратын рөлі үлкен. Ендігі кезекте Жезқазған қаласына барып, осы бағытта жұмыс атқаратын мамандармен кездеспекшіміз, – деді Қанат Мұқанғалиұлы.

Жат ағымның шырмауына түскендермен жұмыс істеу оңайға соқпайтыны белгілі. Дәріс барысында деструктивті діни ағым өкілдеріне жұмыс жүргізу тәсілдері жайлы әңгіме өрбіді. Түзету мекемелеріндегі жат ағымның жетегіне ерген жандармен жұмыс істеу, оңалту жұмыстарын ұйымдастыру әдісімен бөлісті мамандар.

– Өкінішке орай, қоғамда әртүрлі деструктивті, жалған діни ағымдардың құрбандары әлі де бар. Біз соның бірқатарына семинар барысында тоқталдық. Террористік белсенділікке байланысты эвакуацияланған әйелдермен, қандастармен жұмыс жасау әдістерін кеңінен түсіндіруге тырыстым, – деді Гүлназ Раздықова.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button