АбайАймақБіздің сұхбатСұхбат

Абай жолы немесе хакім есімін алған шаһардың шырайы туралы шынайы сұхбат

Бұл арада заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы хақында емес сөз. Мұнда әңгіме – Абай атамыздың есімін иеленген еліміздегі жалғыз қала – Абай қаласының даму жолы туралы. Бүгінгі тынысы мен тіршілігі, қарекеті мен келешекке жасаған қамы жөнінде. Сонымен… Ұлы Абайдың есімін алған қала һәм ауданды данышпанның аруағы желеп-жебей ме, кім білген, әйтеуір, қанаттас қалалардан шоқтығы – қалқан төңкергендей тым биік. Көппен бірге сонау жылдары тоқырауды өткерсе де, бордай тозып кетпеді. Тығырыққа тіреген тоқсаныншы жылдарда жұрт жаппай жан баққанда, Абай ауданы мал мен дән бағып шығыпты. Жыл өткен сайын шалқыған шаруашылығымен бүтін өңірдің өзегін талдырмады. Егіні мен көкөнісі өзгеден ерек өсетін ауданды Алла алқап, аруақ жарылқап жүрген сыңайы бар. Ұлы Абайдың 175 жылдығы тұсында аттас шаһардың жүрек дүрсіліне үңілгенбіз. Данышпанның торқалы тойына қандай іс қылғанын білмек үшін. Халықаралық деңгейдегі іргелі істерді жоспарлаған ауданның індет алдын орап отыр. Бірақ, солай екен деп, қол қусырып, аузын қу шөппен сүрткен абайлықтар жоқ. «Абай» қаласы деп келген меймандардың мейманасын тасытатындай жұмыстарға жұмылыпты. Руханият пен әлеуметтік-экономиканың таразы басын тең ұстаған шаһар дана есімін дәріптеп, қал-қадірінше әспеттеп отыр. Абай ауданының әкімі Бауыржан АСАНОВПЕН сұхбатта мұны және бір түйсіндік…

«ТОЙ АТЫМЕН ТОН ТІГІЛЕДІ»

– Еліміздегі екінің бірі, егіздің сыңарындай болған Абай қаласының хакімнің 175 жылдығына жоспары қандай еді?

– Өздеріңізге мәлім, Абай қаласы – еліміздің ұлы ойшылы, данасы Абай Құнанбайұлының есімімен аталған жалғыз қала. Биыл Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай, бірсыпыра мәдени, әдеби, ғылыми шаралар жоспарланған еді. Арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген-ді. Алайда, қазіргі елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты оның барлығын онлайн-форматта өткізуге мәжбүрміз. Мұндағы ең басты шараның бірі – абайтанушы, филолог ғалымдардың басын қосуды мақсат тұтқан «Абай мұрасы – ұрпаққа ұлағат» ғылыми-тәжірибелік конференциясы еді. Әйткенмен, бүгінгі кезеңдегі жағдайға сай тоқтатылды. Екінші тағы бір ауыз толтырып айтатын іргелі іс – қалалық Мәдениет үйінің алаңына Ұлы Абайға ескерткіш орнату. Мұны біз былтырғы жылдан қолға алдық. Ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссияның рұқсаты берілді. Қазан айының алғашқы онкүндігінде ескерткіш ашылады деген жоспар бар. Соған байланысты Мәдениет үйінің алдындағы алаңды қайта жөндеуден өткізіп, абаттандыру жұмыстарын бастап кеттік.

Тағы бір ойға алғанымыз – Абай қаласында Абай әндерінің халықаралық ән фестивалін өткізу еді. Бірақ, індет кесірінен жүзеге асыра алмадық. Бұған қоса, Президенттің түрлі шараларға қаражат көлемін азайту туралы тапсырмасы да бар. Сондықтан да, бұл тапсырманы да назарда ұстауға тура келеді.

– Қазіргі кезең экономиканың бар саласына оңай соқпай тұрғаны ақиқат. Осындай күрделі кезеңде ауданның тынысы тарылмады ма?

– Жалпы, Абай ауданына биылғы жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы арқылы 1 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл бағытта ауданда 42 жоба жүзеге асырылуда. Аудан аумағындағы барлық кенттерде, ауылдық округтерде абаттандыру, жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, балалар алаңдарын орнату секілді көптеген жұмыстар жүргізілуде. Биыл бұдан қалыс қалған бірде-бір округ, кент жоқ.

Ал, ауыз су мәселесіне келсек, Құрма ауылында өзекті еді. Онда көп жылдан бері ауыз судың күрмеуі шешілмей келгені жасырын емес. Осыған байланысты республикалық, облыстық бюджеттен қаражат беріліп, биыл су құбырларын жаңадан тартып жатырмыз. Мердігер компанияға жылдың соңына дейін аяқтау туралы міндет жүктедік. Егер, Құрма ауылындағы бұл істі мәреге табысты жеткізсек, Абай ауданының ауылдарында ауыз су мәселесі 100 пайыз шешілді деп толық сеніммен айта аламыз. Былтырғы жылы Есенгелді ауылында су құбырларын ауыстырдық. Сонымен қатар, Юбилейный ауылдық округінде ол проблема шешілді. 40 жыл бойы ауыз су болмаған. Халық құдықтан су ішіп келген. Осы күні орталықтандырылған ауыз су жүйесі іске қосылды.

Абай қаласының басында кәріз желісі қайта қалпына келтірілуде. Бұл үш жылға жоспарланған өте ауқымды жоба. Биыл, бұйырса, мәреге жетеді. Бірқатар көшелерде құдықтар орнатылуда. Егер, біз осы кәріз желісі бойынша жұмыстарды сәтті аяқтай алсақ, Абай қаласында тағы бір аса маңызды проблеманың түйінін тарқаттық деуге әбден болады. Шыны керек, қаладағы кәріз желілерінің тозығы 85-90 пайыз шамасында-тын. Жоба мәреге жеткенде кәріз жүйесі 100 пайызға жаңарады.

Әлбетте, кәріз желісі жөнделген соң қалаішілік жолдардың бүлінетіндігі, бүлінгендігі даусыз. Жолдарды жөндеуде де аса тиянақты қадамдар жасалуы тиіс. Мәселен, келесі жылы кәріз желісіне қосылатын үйлер, нысандар орналасқан жолдарды жөндеудің бюджетке де, қалаға да, тұрғындарға да тиімсіз екені айдан анық. Сол себепті, біз алдағы уақытта сол нысандарды кәрізге қосып барып қана жолдарды қалпына келтіреміз. Дегенмен, кәріз желісін тарту толықтай аяқталған, бұдан әрі қазылмайтын жол учаскелері жөнделеді. Қазіргі таңда бұл орайда жұмыс – қызу.

Айталық, Тәуелсіздіктің 10 жылдығы көшесінен бастап, Вольное кентіне шығатын өтпелі жолға дейінгі көше асфальтталды. Толығымен бітті. Сондай-ақ, 2 шағын ауданнан қалалық ауруханадан бастап, Ленин көшесіне дейінгі Промышленная көшесінің жолын жөндейміз. Мұның тұрғындарды алаңдатып отырғаны рас. Бұл арада да кәріз жұмыстары аяқталды.

Калинин, Школьная, Ержанов, Гете көшелері бар. Бұл көшелерді ең алдымен кәріз жүйесіне қосуға тиіспіз. Содан кейін барып, жол жөндеу жұмыстарын жүргізе аламыз. Сол себепті, халық арасында түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Биыл Калинин көшесіндегі көптеген нысандар кәріз желісіне қосылуға дайын. Ол келесі жылы да жалғасады.

«КӘРІЗ ЖЕЛІСІ 100 ПАЙЫЗ АУЫСҚАНДЫҚТАН, ҚАЗЫЛМАҒАН КӨШЕ ҚАЛҒАН ЖОҚ»

– Сіз айтқан көшелердің жол мәселесі осыдан біраз бұрын республикалық деңгейде, еліміздің телеарналарында тұрғындар шағымданған жайт қой..?

– Иә, бұл туралы «Хабар-24 кz» бағдарламасында да айтылды. Рас, мәселе бар. Кәріз 100 пайыз ауысқан соң қалада қазылмаған көше қалған жоқ. Ол енді бір апта, я бір айдың ішінде бітіре қоятын шаруа емес.

Кәріз жүйесін ауыстыру – өте күрделі жұмыс. Жол жөндеуді кейінге қалдырудың да себебі – сонда. Әйткенмен, халықтың басым бөлігі түсіністік танытып отыр. Егер бүгін тұрғындар талап еткен сол жолды жөндеп алып, ертең тағы қазып жатсақ, оның несі жөн? Бұл – заңдық негізде де дұрыс емес. Онда бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылған деп есептеледі.

– Шаһардың сәніне салтанат қосатын абаттандыру ісі де бұл күні зор мәнге ие екені аян…

– Қаламыздағы басты көше – Абай көшесін абаттандырудың үш жылдық жоспары жасалған. Былтыр бірінші кезектегі учаске абаттандырылды. Осы жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдығы көшесінен Энгельс көшесіне дейінгі Абай көшесінің екі жағын, скверді абаттандырамыз.

Сондай-ақ, тұрғындардың көкейінде жүрген мәселе – аулалардың абаттандырылуы. Бұл бағыттағы жұмыстар да қолға алынды. Аулаларды абаттандыруға 90 млн. теңге бөлінді. 70 млн. теңге бассейннің алдындағы скверге берілді. Абай көшесін абаттандыруға 500 млн. теңгеге жуық қаржы қарастырылды.

Бұдан бөлек, Абай ауданын абаттандырудың үш жылдық жоспарын дайындаудамыз. Ол 2021 жылдан бастап іске асады.

«ЕКІ ЖЫЛДА 80 ПӘТЕРЛІ 3 ҮЙ БЕРІЛЕДІ»

– Бұл күнде жер-жерде тұрғын үйлер көптеп салынып, бұқараның баспаналы болуы үшін ірі жобалар қолдау тапты. Соған орай, шаһар тұрғындарын баспанамен қамту қалай жүзеге асуда?

– 2018 жылы 9 қабатты 2 үйді пайдалануға бердік. Ондағы 72 пәтер үй кезегінде тұрған мұқтаж жандарға табысталды. Биыл республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 2 бес қабатты үйдің құрылысын бастадық. Мұнда 80 пәтер бар. Оның біреуі – жалдамалы үй. Оның құрылысы келесі жылы аяқталады. Себебі, қаражаты толықтай шешілген жоқ. Екінші үй – несиелік үй. Оны тұрғындардың «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы алу мүмкіндігі бар. Үйдің құрылысы биыл аяқталады. Сонымен бірге, үшінші тұрғын үйдің құрылысы туралы жобалықсметалық құжаттар әзірленуде. Сөйтіп, екі жылда 80 пәтерлі үш үй халық игілігіне бұйырады. Топар кентінде 18 пәтерлі үй биыл тапсырылады. Ол да кезектегі тұрғындарға тарту етіледі. Ауылдық округтердегі пәтерлер қалпына келтіріледі. Биылғы жылдың өзінде Южный кентінде 2 пәтер, Дубовкада 3 пәтер қалыпқа келтірілді.

«ШАРУАШЫЛЫҚ ШАШАУСЫЗ»

– Облысты көкөністің аса қажетті түрлерімен қамтамасыз ететін – Абай ауданы. Ауданда аты аймаққа ғана емес, елге мәлім шаруашылықтар бар. Ел несібесін еселеп жүрген шаруа қауымының жағдайы жақсы ма? Қазіргі уақытта цифрландыруға ден қойылуда. «Ақылды фермалар» ашылып жатыр. Білуімізше, Абай ауданында екі «ақылды ферма» жабдықталады ғой…

– Абай ауданы мал және егін шаруашылығымен де айналысады. Десек те, көкөнісі көп алқап – біздің ауданда. Биылғы жылдың өзінде 5 мың гектарға картоп отырғызылды. 900 гектарға жуық алқапқа көкөніс салынды. Ауа райының кейбір қолайсыздығына байланысты егіннің түсімі орташа деңгейде болуы тиіс деп жоспарлап отырмыз. Шаруа қожалықтары межелеген жоспарларына қол жеткізеді деп сенеміз.

Енді өзіңіз айтқан мал шаруашылығындағы сүтті-тауарлы ферманы ашу бойынша жұмыстар жалғасуда. Оның бірі «Шанс» шаруа қожалығында іске асады. Онда «ақылды ферма» ретінде сиыр сауылып, сүт өндіріледі. Екіншісі – «Астро Агро» ЖШС базасында. Мұнда 400 басқа арналған сүттітауарлы ферма ұйымдастыру – жоспарда. Қазіргі таңда құрылысы жүріп жатыр. Қараша айына дейін сонда сүтті сиырларды әкелуді көздеп отыр. Юбилейный ауылдық округінде де бетке ұстар, аяғынан нық тұрған шаруашылықтар аз емес. Атап айтсақ, «Надежда», «Достық–2009», «Шығыс» шаруа қожалықтары. Көкөніспен айналысатын «Поливное» ірі шаруа қожалығын ерекше атаған абзал. Онда көкөністің түр-түрін өсіріп отыр. Негізі, аудандағы шаруашылықтардың ахуалы жаман емес.

– Індет белең алған қазіргі күрделі кезең шаруашылықтарға салқынын тигізген болар...

– Ауыл шаруашылығына айтарлықтай ықпал ете қойды деуге келмейді. Шаруа қожалықтары өздерінің жұмыстарын атқара алды. Дей тұрсақ та, шағын және бизнеске әсері тигені рас. Бірақ, Үкімет тарапынан көрсетілетін қолдау олардың тоқтап қалмай, одан әрі ісін жалғастыруына серпін береріне сенімдімін.

– Әңгімеңізге рахмет! Дана есімін алған шаһар даралығынан танбасына ел де сенеді.

Әңгімелескен Қызғалдақ АЙТЖАН.

Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button