Құрылыстың жай-күйін бағамдады
Жезқазғанға жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК қауіпті індет жұқтырғандарға арналған модульді инфекциялық аурухана құрылысының жай-күйімен танысты. 200 орынға шақталған, жылдам тұрғызылатын госпиталь қажетті жабдықтармен толық жасақталатын болады. Аймақ басшысы Есқұла су таратқышының құрылысын қайта салу барысын да бағамдады.
Аурухана инфекция жұқтырғандарды дер кезінде әрі сапалы емдеу мақсатында салынуда. Пандемия аяқталған соң стационарды басқа да жұқпалы аурулармен ауырғандарды емдеу үшін пайдалану жоспарланып отыр. Госпитальде 20 реанимациялық орын, компьютерлік томография, цифрлық рентген, УДЗ аппараттары, медициналық газ жүйесі және тағы басқалары болады.
Облыс әкіміне Есқұла су таратқышы құрылысының салыну барысы туралы мәлімделді. Қазіргі таңда Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында тұрғындарға үздіксіз су жеткізу мәселесі – өте күрделі жағдайда. Су таратқышты қайта құрылымдау халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуі тиіс. Оның құрылысын қайта салуды бұдан бірнеше жыл бұрын аяқтау жоспарланған еді. Оған қаржының жетіспеушілігі қолбайлау болды. Биыл Үкіметтің қолдауы және «Қазақмыс» корпорациясының қатысуымен мәселені оңтайлы шешу мүмкіндігі туды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.