АймақЖаңаарқа

Қайырымдылық қайыры

Жаһанды жайлаған жаман індет адамның бойындағы жақсы қасиеттің ашылуына да түрткі болғандай ма, қалай?! Қысылтаяң кезде бейтаныстың өзі бауырмалдық байқатып, қол ұшын беруге пейіл танытқанына талай куә болдық. Ел бірлігі қандай қиындықты да еңсеретініне көз жетті.

Осындай сындарлы сәтте Ералиев ауылдық округінің азаматтары да сауын айтып, қысылғанға көмек көрсетудің қамына кіріскен. Шілденің ортасында жеделдетіп бір тоннадай қымыз жинап жартысына жуығын облыс орталығындағы ауруханаларға, 120 литрін аудандық ауруханаға және 320 литрін Жезқазғанға жөнелтті. Араға апта салып тағы 900 литр қымыз бен 200 кило құртты Қарағандыға аттандырды.

Таяуда жезқазғандық бірнеше кәсіпкер азамат Ералиев ауылына өкпе желдеткіш аппаратын сыйға тартты. Мұны ауылдағылар қайырымдылықтың қайырындай қабылдап, жөн-жоба білген жігіттерге ризашылығын білдірді. «Бұл індет елге жеңіл тиген жоқ. Талай адамнан айырылдық. Бір-бірімізге сүйеу болғанның арқасында азалы күн артта қалды. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Алла тағала алапат аурудан аулақ қылсын! Жезқазғандық жігіттерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ» дейді ауыл имамы Ерсін Бейбітов. 

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button