Коронавирус

Кәсіподақтар – қауіпсіздік үшін

2020 жыл біз үшін үлкен сынақтарға толы болды. Індетті өршітпеу үшін енгізілген қатаң карантин шаралары көптеген кәсіпорындардың жұмысын тоқтатты. Соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар және халықтың басқа да әлеуметтік қорғалмаған топтары одан да ауыр салмақты сезінді. Бұл жағдайда үнемі еңбек адамының мүддесін қорғайтын кәсіподақ ұйымдарының рөлі артты. Кәсіподақ ұйымдарының барлық қызметкерлері осы күрделі кезеңде де жанқиярлықпен жұмыс істеді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы Қарағанды облысындағы 164 327 мүшесі бар 1329 бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктіретін еліміздің 15 салалық кәсіподағын қамтиды. Төтенше жағдай жарияланған соң Үйлестіру кеңесінің шешімімен Кәсіподақ орталығы қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету, әлеуметтік кепілдіктер мәселелерін реттеу мақсатында ҚР Кәсіподақтар федерациясының облыстық жедел штабы құрылды. Құрамына Қарағанды облысының салалық және ірі жергілікті кәсіподақтарының аумақтық құрылымдарының басшылары кірді. Облыстық жедел штаб еліміздің барлық өңірлеріндегі әріптестерімен бірлесіп, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы – Сатыбалды Дәулеталин басқаратын республикалық жедел штабы бар жағдайдан хабардар етіп отырады. Жедел шешімдер қабылдауға қатысуда мұндай ымыра-бірлік еліміздің кәсіподақтарының жаңа тарихында бұрын болмаған да шығар.

Індетпен күреске «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы Қарағанды облыстық филиалының кәсіподақ мүшелері алғашқылардың бірі болып кірісті.

Сондай-ақ, тұрақты негізде еңбек заңнамасы мәселелері бойынша құқықтық көмек жүргізіледі. Мәселен, өткен кезеңде медициналық қызметкерлерді басқа заңды тұлғамен іссапарға жіберу бойынша – 9 сұрақ, жалақысы сақталмайтын демалыс – 28, қашықтықтан жұмыс істеуге ауыстыру – 11, жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету – 25, жұмыссыз қалған жағдайда тәуекел топтарға ҚР денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес үстемеақы және еңбекақы төлеу – 42, індет жұқтырған Денсаулық сақтау қызметкерлеріне 2 млн. теңге мөлшерінде біржолғы төлемдерге қатысты – 75, індеттен қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына 10 млн. теңге мөлшерінде біржолғы төлемнің екі мәселесі бойынша сұрақтар түсті. Сондай-ақ, 42500 теңге мөлшерінде біржолғы жәрдемақы алуға өтініш беру, әдістемелік және практикалық көмек бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Барлық сұрақтарға ҚР-ның қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауаптар беріледі.

Филиалдың және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының күшімен 4 млн. теңгеден астам сомаға жеке, ұжымдық қорғану құралдары сатып алынып, бетперде тігілді. 2 млн. теңгеден астам сомаға карантиндік госпитальдар, блокпосттар және жабық стационарлар қызметкерлеріне ыстық тамақ, азық-түлік және су сатып алынды. Карантиндік аймақтарда және жабық стационарларда жүрген адамдардың отбасыларына 300 мың теңгеден астам сомаға азық-түлік таратылып, түнгі уақытта қызметкерлердің таксимен жол жүру ақысына 40 мың теңгеден астам қаржы жұмсалды. Осы жұмыстарды атқаруға «Келешек» жастар кеңесінің еріктілері тартылды.

Облыстық білім және ғылым саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы мүшелері індеттің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, барлық білім беру қызметкерлеріне пандемия белгілері және вирусқа күдік туындаған кездегі алдын алу шаралары мен іс-әрекеттері туралы ақпаратпен қамтамасыз етеді.

Төтенше жағдай кезінде қиын өмірлік жағдайға тап болған еңбек ардагерлерін қолдау өте маңызды болды. Осылайша, Шахтинск қалалық кәсіподақ комитеті зейнеткерлерге 200 мың теңге сомасына азық-түлік пакетін таратты. Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық комитеті 150 мың теңге, Нұра аудандық кәсіподақ комитеті 200 мың теңге, Абай аудандық кәсіподақ комитеті 300 мың теңге көлемінде білім беру қызметкерлеріне материалдық көмек көрсетті. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасады.

Есепті кезеңде білім беру ұйымдарының қызметкерлері Еңбек заңнамасын бұзған жоқ.

Бүгінде қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Қарағанды облыстық ұйымының білім беру қызметкерлеріне 18 млн. теңгеден астам материалдық көмек көрсетілді.

Жезқазған аумақтық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының филиалдары азық-түлік жиынтығын, дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарын сатып алу үшін 2 млн. 898 мың теңге сомасында материалдық көмек көрсетті. Сонымен қатар, қызметкерлерді әлеуметтік қолдау үшін қосымша өз қаражатынан 2 млн. теңге бөлді.

Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық филиалы карантин кезінде 80 бастауыш кәсіподақ ұйымының барлық төрағаларымен Еңбек процесінің жаңа моделі – онлайн-режимі, жалақыны сақтау және төлеу, әлеуметтік серіктестермен еңбек қатынастары мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ұжымдық шарттарға енгізілетін маңызды толықтыруларды әзірлеу бойынша модельдер, сондай-ақ, қызметкерлер мен жұмыс берушінің еңбек қатынастарының барлық мәселелеріне түсініктемелер ұсынылған. Барлық спорт, мәдениет, мұрағаттар ұйымдарында қызметкерлердің жалақысы сақталған.

Бастауыш кәсіподақ ұйымдары елге көмектесіп, ондаған мыңнан астам қауіпсіздік бетперделерін тікті, алда да тікпек. Бұқар жырау ауданының 34 ауылдық клубының қызметкерлері әріптестеріне, басқа да ұйым қызметкерлеріне және ауыл тұрғындарына 5 900 бетперде тігіп, тегін таратты. Сондай-ақ, бетперде тігуді алғаш бастағандар қатарында Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды музыкалық драма театры, Қарқаралы ауданының орталық кітапхана жүйесі, Осакаров ауданының мәдени-сауық орталығы бар.

Ұйымдар мүмкіндігінше еңбек ардагерлеріне және жалғызбасты зейнеткерлерге, қиын жағдайда қалған қызметкерлерге материалдық және азық-түлік көмегін көрсетуде. Мәселен, мәдениет және спорт кәсіподақ ұйымдарының күшімен әлеуметтік қолдауға шамамен 1 млн. теңге бағытталды. Зейнет жасындағы адамдар мен көпбалалы отбасыларға көмек беру бойынша «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Жақтау» металлургтер кәсіподағы үлкен жұмыс атқаруда. Әлеуметтік серіктестермен бірге «АрселорМиттал Теміртау» АҚ автокөлік басқармасының әкімшілігі атынан азық-түлік тауарлары өз бетімен үйден шығуы қиын 70 және одан жоғары жастағы комбинаттың 45 ардагеріне жеткізілді. Қызметкерлерге нақты көмекке 11 млн. 637 мың теңге жұмсалды.

Сондай-ақ, халыққа қолдау көрсетуге «Қорғау» көміршілер кәсіподағы соңғы уақыттың өзінде 10 млн. 500 мың теңге жұмсады. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кәсіпорындары қажетті санитарлық нормаларды қамтамасыз етуге міндеттелді. Мысалы, зауыт басқармасының өту орнында тепловизор орнатылды. Бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағалары түскен мәселелерді түсіндірумен тұрақты айналысады. Бұл ретте «АрселорМиттал Теміртау» АҚ әрбір кәсіпорынында құрылған әлеуметтік желі чат-топтарында және мессенджерлерде туындаған барлық мәселеге белсенді мониторинг жүргізеді.

«BIZ BIRGEMIZ» республикалық акциясын қолдау мақсатында «Central Asia Cement» АҚ мен «Карцемент» АҚ Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері салалық кәсіподағының Қарағанды филиалының кәсіподақ ұйымымен бірлесіп, кәсіпорын қызметкерлері мен Ақтау кентінің тұрғындарынан 100-ден астам көп балалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетті. 3 млн. теңгеге жуық сомаға ең қажетті азық-түлік жиынтықтары тапсырылды.

Теміржол, автокөлік қатынасы, әуе және су көлігі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық филиалы да 5 млн. 882 мың теңгеге жеке қорғану құралдары мен материалдық қолдау көрсетті.

Қазір Кәсіподақ орталығының өзекті міндеттерінің бірі пандемия кезеңінде жұмыс берушілер мен жұмыскерлерді қолдау жұмыстары. Осы­лайша, Кәсіподақ орталығы әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Қарағанды облыстық үшжақты комиссияның отырыстарында «Облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарында жұмыстан босатылатын қызметкерлерді қысқарту және жұмысқа орналастыру жағдайы туралы» мәселені әр тоқсан сайын қарау бастамасымен шықты. Қазір бұл жұмыс әлеуметтік серіктестермен бірге күнделікті бақылауда.

Қариялардың індет кезіндегі ең осал топ екендігі белгілі. Инфекцияның таралуына қарсы қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, денсаулығына байланысты сатып алуға мүмкіндігі жоқ қарттарға алғашқы қажеттілік өнімдері жеткізілді. Жұмыс Ұлы Отан соғысының ардагері, Иван Скрипниковке көмек көрсетуден басталды. Сондай-ақ, #БізБіргеміз акциясы ая сында «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің кәсіподақ өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер бірлесіп, соғыс жылдарындағы тыл еңбеккері Владимир Ким мен еңбек ардагері Раиса Кимнің үйі аумағындағы қарды күреді.

Облыстық Кәсіподақ орталығының «Келешек» жастар кеңесінің мүшелері #КәсіподақтарБіргеміз және #ВремяСПользой хэштегтерімен челлендж ұйымдастырды. Мақсаты – бос уақытты пайдалы өткізуге үндеу. Суретші Ринат Елубаев, мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің Осакаров салалық кәсіподағының «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы, Осакаров ауданы Ертіс ауылының «Жастар Алаңы» жастар бірлестігінің жетекшісі, белсенді жастармен бірге төрт отбасына азық-түлік өнімдері мен көпреттік бетперделер (280 дана) тігуге қаражат жинауды ұйымдастырды.

Мемлекеттік, банк және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы төрағасының міндетін атқарушы Ерсін Абдулманафов «Евротрейд-инжиниринг» ЖШС әлеуметтік серіктесімен бірлесіп, блокпост жұмысындағы қызметкерлердің жеке қорғаныс құралдарына қаражат бөлді. «Келешек» жастар кеңесінің еріктілері мен Қарағанды қаласының қалалық Жастар ресурстық орталығы жанындағы еріктілер штабы мүшелері Теміртау қаласынан Қарағандыға кіреберістегі блокпостқа жеке қорғаныс құралдарын сатып алып, жеткізді.

Салалық кәсіподақтардың өңірлік құрылымдарымен бірлесіп, «келіссөздер жүргізе білу, еңбек дауларында бітімге қол жеткізу, жеке еңбек дауларын шешу және кәсіпорындардағы келісу комиссиясының қызметі» тақырыбында келісу комиссияларының мүшелері үшін ақысыз негізде онлайн-режимде оқыту семинарын өткізу ұйымдастырылды. Оған кәсіподақтардың 67 мүшесі белсенді қатысты.

Ағымдағы жылдың 6 айында медиация орталығына 131 өтініш түсіп, оның 20-сы отбасылық жанжалдарға, 12-сі тұрғын үй мәселелеріне, 4-і еңбек дауларына,7-сі экономикалық, 6-сы қылмыстық даулар мен банк мәселелері өтініштеріне, 27-сі орталықтың жұмысы мен медиаторлардың қызметтері туралы кеңестерге, 44-і Заң мәселелері консультацияларына байланысты болды. Сонымен қатар, 8 медиативтік келісімге қол қойылды.

Қарағанды облысының кәсіподақ ұйымдары пандемия кезінде әлеуметтік қолдауға 73 млн. теңгеден астам қаржы бөлді.

Ұйым ҚР Кәсіподақтар федерациясының медицина қызметкерлерін қолдау және олардың мәртебесін көтеру, эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізуге тартылған қызметкерлердің жеңілдікті еңбек өтілін белгілеу, оларды міндетті зейнетақы және басқа да жарналардан босату, оның ішінде жеке табыс салығын төлеу, коммуналдық қызметтерді төлеуге арналған шығындардың 50% өтемақысын енгізу және тағы басқалар туралы ұсыныстарымен толық келіседі.

Осы шаралар мен ұсыныстарды заңнамалық деңгейде қабылдау күрделі кезеңде індетпен күресте алдыңғы қатарда жүрген «Ақ халатты батырлардың» – медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтерері анық.

Болат ЖҰМАБЕКОВ,

Қарағанды облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасы.

Басқа материалдар

Back to top button