АймақЖезқазған

Қолды болған құбыр

Қаланың іргесіндегі “Талап” ауылында жиырма жылдай “жыр” болған сапалы ауыз су мәселесі 2018 жылы шешімін тапты. Облыстық бюджеттен 200 млн. теңгеден астам қаражат бөлініп, бұрынғы тозығы жеткен құбырдың қатарынан жаңадан полиэтилен түрі тартылды.

Әрине, әлеуметтік маңызы бар мұндай мәселенің ауылда оң шешім тапқаны – құптарлық! Бірақ, біздің айтпағымыз басқа: ай мен күннің аманында қолды болған құбырдың жайы.

Былтыр жазда қуатты техника қолданған бірнеше адам қара жерді қақырата қазып, екі метрдей тереңдікте жатқан ескі құбырды бөлшектеп, қаланың оңтүстік-шығысындағы өндірістік аймақта орналасқан жекеменшік базаның біріне апарып жинады. Сосын жүк автокөлігімен Қарағанды қаласына жөнелтті. Жүздеген тонна металл сынығы сол жақта жөнін тапқан сияқты.

Жезқазғандағы гидроцех пен “Талаптың” арасы шамамен 20 шақырым. Басқа себебі болды ма, әлде темірді талапайға салған топ сырт көзден сескенді ме, су таратқыштың қала жағындағы 5-6 шақырымы қазылмай қалды. Алайда, диаметрі 219 миллиметрлік қолды болған құбырдың құны да қыруар қаражат еді. Өйткені, білетіндердің айтуынша, оның бір метрі кемі 30 келі тартатын көрінеді. Енді осыны 13-14 шақырым мен келісін ең төменгі 50 теңгелік бағаға көбейтіп көр: 20 млн. теңгеге еркін жетіп жығылады.

Әрине, түйені түгімен жұтатын топ үшін бұл түк емес. Бірақ, құбыр кеңестік кезеңде тартылса да, тәртіп бойынша, қайта монтаждалғаннан кейін иесінің қоймасына қойылуға тиіс. Егер қалпына келтіріп, апаттық-жөндеу жұмысына жұмсауға жарамаса, металл сынығы ретінде өткізіліп, ақшасы иесінің есеп-шотына түсуі керек. Өкінішке орай, оның қайта монтаждалғаны туралы, басқа құжатты былай қойғанда, жасалған акті де жоқ. Ал, түскен қаражат кімнің қалтасында кеткенін бір Құдай біледі.

Сонда, бұл құбыр – сұраушысы жоқ, қараң қалған дүние ме? Әрине, иесі бар: бұл магистральдық сутаратқыш 1997 жылдың 1 мамырынан бері Жезқазған жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорнының балансында. Ал, акциясы басыбайлы (100%) қала әкімдігінің экономика және қаржы бөліміне қараған аталмыш кәсіпорынды “Қазақмыс” компаниясы сенімді басқаруға алғалы жиырма жылдан асты. 2017 жылы келісім-шарт тағы ұзартылды, бірақ бүгінгі номиналды егесі – қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы.

Бір ғажабы, қолды болған құбырдың иесі – Жезқазған жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорны түк болмағандай үнсіз отыр. Жергілікті билік те жайбарақат: “Жобада ескі сутаратқышты қайта монтаждау қарастырылмаған” дейді.

Алайда, сыбайлас жемқорлардың жұтқыншағынан өтіп кеткен қыруар қаражат мемлекет қазынасына қайтарылуға тиіс! Ендігі үміт қала прокуратурасы мен құқық қорғау органдарында! 

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button