ТӨЗІМГЕ СЕНІМ СЕПТЕССЕ…
Әр атқан таң әйтеуір бір жаманат хабар ала келетініне “көз үйреніп, көңіл сенген” күрделі кезеңде жанды жадыратар жағымды жаңалық естудің өзі қандай керемет?! Бірақ, сол індеттің “құрығынан” құтылған адамға қоятын сауал таппай, қиналады екенсің. Абай атындағы №4 мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, тарихшы Сандуғаш СЕЙІТЖАППАРОВАНЫҢ әңгімені өзі бастағаны абырой болды. Содан кейінгі сөз сәтімен сабақтала берді.
— Қазақта жанға қатысты “жан тәтті”, “ит жанды”, “жаны сірі” деген сөз бар, — дейді Сандуғаш Аманғазықызы. — Расында, адамның жаны сондай мықты: ол кеудеден шыққанша көрмегенді көресің. Құдай жаныңды алмаған соң бəріне де төзесің. “Көресіні көрмей, көрге кірмейсің” деп отырушы еді əжем.
Алайда, аурудан айыққаннан кейін өзіңді жаңа туғандай сезінесің, өмір туралы жаңаша ойлай бастайсың, оған деген көзқарасың өзгереді. Табанды, төзімді, сабырлы болуға бейім тұрасың. Мәселе денсаулыққа келіп тірелгенде бұған дейін кездескен қиындығың түкке тұрғысыз дүние болып қалады екен. “Түймедейді түйедей” қылып келгеніңді түсінесің. “Басты байлық — денсаулық” деген сөздің түп төркінін енді ұққандаймын.
— Жан жөніндегі әңгімеңізді төзім туралы “трактат” деп түсіндім. Денені дендеген дертті жеңу үшін тағы қандай қасиет керек?
— Өмірдегі ең қуатты күш — сенім! Оны да сырқатты еңсергенде барып түсіндім. Бұған дейін қатты мəн бермеппін. Төзімге сенім септессе, дегеніңе жетесің. Аллаға деген сенім, жазыламын деген сенім жəне дəрігерге деген сенім! Дəрігерге толық сенбейінше, сырқатқа ешбір ем қонбайтынын мойындадым. Адам ойы, сенімі мұндай күшті, мұндай ғаламат болады деп ойламаған екенмін. Алдымен — Алла, сосын дəрігердің арқасында бұл сынақтан аман-есен өттім.
— Айтпақшы, ем алған мекеме қандай еді?
— Бағыма қарай, өте білікті мамандардың қарауына түстім. Кеншілер қаласындағы тубдиспансер басшысы Бауыржан Жансымақов пен облыстық фтизиопульмонология орталығы мониторинг және жағдайды екшеу тобының жетекшісі Ербол Қалтұрсыновқа, жалпы тубдиспансер ұжымына өте ризамын. Мен дəрігер мамандығының қаншалықты қадірлі екенін енді түсіндім. Адам өміріне араша түсіп, тəнін ғана емес, жанын да емдейтініне көзім жетті. Дəрігер — жүрегі мейірімге толы, алақаны аялы, сөзі жанға дауа шипагер жан екенін ұқтым. Шынымен науқас жанға керегі қымбат дəрі-дəрмек емес, дертке дауа жылы сөз, мейірім мен қамқорлық екен.
— Әңгімеңізге рахмет! Аурудан аман болайық!
Әлібек ӘБДІРАШ.
СӘТБАЕВ қаласы.