АймақБалқаш

15 шақырым жол жөнделеді

«Ortalyq Qazaqstan» газеті №28 санында «Көлшікке айналған көшелер» атты мақала жариялап, Балқаш қаласындағы жолдардың сапасы жайында мәселе көтерген еді.

Шағын шаһардың әкімі Қайрат Қамзин өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар жайлы айта келе, тозығы жеткен көшелердің жөнделетінін де жеткізді.

Брифинг барысында қала басшысы шаһарда туризм, мәдениет, медицина, білім мен ғылым, спортқа жете назар аударылып, мұнда тұрғындардың, жастардың жан-жақты дамуына толық жағдай жасалуына игі шаралар қолға алынатындығы туралы айтты.

Қала басшысы Қайрат Амангелдіұлының айтуынша, мемлекеттік тұрғын үй саясатын жүзеге асыру үшін 2022 жылы барлық қаражат көздерінен 16 754 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Биылғы жылы 10 шағын ауданда былтыр басталған екі 45 пәтерлік үйдің құрылысы толық аяқталады. Сонымен қатар, 2024 жылы 45 пәтерлік төрт үйдің құрылысы жоспарланған. Өткен жылы кезекте тұрған 96 отбасы, оның ішінде алты көпбалалы отбасы несиелік жаңа тұрғын үйге қоныстанған. Биыл жаңадан салынған үйлерден кезекте тұрған азаматтарға 50 пәтер сатып алынбақшы. Сондай-ақ, тозығы жеткен көше жолдары жөнделетіндігін жеткізді.

– Қалада 12 көше орташа деңгейде жөнделеді. Жөнделетін жолдардың жалпы ұзындығы 15 шақырымды құрайды. Сапасы жақсы жолдардың саны 82 пайызға дейін артады. Сондай-ақ, 18 ауланы абаттандыру, 11 үйдің шатырын, 16 үйдің қасбеті мен шатырын және үш үйдің қасбетін жөндеу жоспарлануда. Сонымен қатар, биыл Балқашта қаланың суару жүйесін қайта құру, жағалауды абаттандыру басталады. «Қоңырат» шағын ауданында жылу желілерін салу, магистральдық жылу және су құбыры желілерін қайта жаңарту жалғасады. Ағыбай батыр көшесінде, Қадыржанов көшесіндегі аллеяға абаттандыру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Сәбитова шағын ауданында 200 адам қабылдайтын емхананың құрылысы аяқталуда. Биыл жаңа аз инвазивті кардиоорталықтың ашылуымен Балқаштың көпсалалы орталық аудандық ауруханасын жаңғырту басталды. Сондай-ақ, аумақты абаттандырумен жұмыс істеп тұрған ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілетін болады, – деді Қайрат Қамзин.

Сонымен қатар, баспасөз мәслихатында «Жайлы мектеп» жобасы аясында Қ.Нұржанов шағын ауданында 1200 орындық мектеп құрылысы басталатындығын және Президенттің экономикалық өсімді қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын жақсарту бойынша тапсырмаларының жүзеге асырылып жатқандығы жөнінде баяндады.

Нұрдос КӘРІМ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button