15 наурызда әр азаматымыз қазақ елінің жасампаздық жылнамасына өз қолтаңбасын қалдыра алады – Президент
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде айтты.

– Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан айтылған барлық теріс болжамдарға қарамастан, халқымыздың табанды еңбегінің арқасында халықаралық абырой-беделі зор күшті мемлекет ретінде қалыптасты. Бірақ, күшті, мықты ел болу жеткіліксіз. Мемлекеттің шынайы кемелдігі азаматтардың, заң мен өскелең ұрпақтың алдындағы жауапкершілігінен айқын көрінеді. Мықты мемлекет тірек болады, ал жауапты мемлекет ертеңгі күнге деген сенімді күшейтеді. Күш пен жауапкершілік үйлесім тапқанда ғана мемлекет озық әрі қарқынды даму жолына түседі. Кейінгі ұрпақ біздің олқылықтарымызға түсіністікпен қарауы мүмкін, бірақ ел тағдырына әсер ететін тарихи шешім қабылдау кезінде енжар, жігерсіз, жауапсыз болсақ, олар бізді ешқашан кешірмейтіні сөзсіз. Дәл қазір біздің алдымызда кемел санамен, зор жауапкершілікпен тағдырлы таңдау жасау міндеті тұр, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жас отандастарымызға арнайы үндеу жасады.
– Осы орайда барша азаматқа, әсіресе, жас отандастарымызға қарата арнайы үндеу жасағым келеді. Жаңа Конституция жобасы, ең алдымен, Сіздерге арналған. Сіздерге референдумда дауыс беріп, Отанымыздың тағдырына қатысыңыз бар екеніңізді білдіретін орайлы мүмкіндік берілді. Басқаша айтқанда, Сіздер Ата заңға үлес қосқан азаматтар ретінде ел тарихына өз есімдеріңізді жазып қалдыра аласыздар. Біраз уақыт өткен соң, өмір көріп, есейген шағыңызда: «Мен азаматтық парызымды орындадым. Елімнің жаңа Ата заңын қабылдауға өз үлесімді қостым» деп мақтанышпен айтуға толық құқыңыз бар. Қымбатты отандастар! Сіздердің таңдауларыңыз – бюллетень қағазындағы жай ғана белгі емес. Ол – жаңа Халық Конституциясы жобасына көрсетілген нақты қолдауыңыз. Қазақстанды дамудың даңғыл жолына салуға жастар атсалысады. Күні ертең ынтымақ-бірлігі жарасқан, еңбекқор, заңға бағынатын, білім, ғылым, мәдениет және зайырлылық құндылықтары берік орныққан, жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегіне айналатын қоғам құру миссиясы Сіздерге жүктеледі. Сіздің дауысыңыз нағыз жасампаз отаншылдықтың, азамат ретінде ел келешегі үшін жауапкершілік арқалаудың қандай болатынын көрсетеді, – деді Президент.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бүгінде көптеген мемлекеттен көш ілгері екенін айтты.
– Қазіргі Қазақстан көптеген елден көш ілгері. Шартарапқа экономикалық дамуы орнықты, саяси ахуалы тұрақты, түрлі дін мен мәдениетке құрметпен қарайтын ел ретінде танылдық. Біз өркениетаралық және дінаралық диалог өрбітуді, халықаралық құқықты сақтап, бейбіт қатар өмір сүруді, ядролық қаруды таратпай, өзара сенім және қауіпсіздік шараларын нығайтуды жақтаймыз. Қазақстан ұлттық мүддесін, егемендігін әрдайым қорғайды. Келешекте де солай болмақ. Біз – жасампаз ұлтпыз. Қарым-қатынасты қиратпаймыз, бауырымызға тартамыз. Ешкімді жатырқамаймыз, бөлінбейміз, бірігіп, тату-тәтті тіршілік етеміз. Сондықтан біздің төлқұжатымызға халықаралық сенім жоғары, орасан зор күшке ие құжат ретінде мойындалады. Азаматтарымыз дүние жүзін емін-еркін шарлап, шетелдерде білім алады, кәсібін жүргізеді. Бұл еліміздің әлемнің алпауыт мемлекеттерімен терезесі тең, мол мүмкіндіктерге ие екеніне айқын дәлел. Біз Әділетті Қазақстанның негізін қалап жатырмыз. Бұл елде кез келген адам әлеуметтік мәртебесіне, саяси, идеологиялық таңдауына, тіліне, дініне, этникалық шығу тегіне қарамастан, өз қарым-қабілетін толық пайдалана алады. Осы тұрғыдан жаңа Халық Конституциясының жобасы ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының жарқын келешегіне берік әрі мызғымас іргетас болады деп айта аламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент референдумға белсене қатысу – ел тағдырына бей-жай қарамау деген сөз екендігін атап өтті.
– Жаңа Ата заңымыз технологиялық өрлеуге, жасанды интеллектіні дамытуға және жаппай цифрландыруға жол ашады. Отанымыздың әділетті әрі өркендеген мемлекет болуына ықпал етеді. Біз – бейбіт елміз. Қазақстанның көк түсті төлқұжатын жаһан жұртшылығы жақсы біледі және құрметтейді. Әлемнің әр түкпірінде азаматтарымызды жылы қабақпен, ерекше ілтипатпен қарсы алады. Бүгінде 90 мыңнан астам жастарымыз шетелде кедергісіз білім алуда. Біз әр адамға зор мүмкіндік беретін елде өмір сүріп жатырмыз. Жақында өтетін референдум – сондай керемет мүмкіндіктің бірегейі. 15 наурызда әр азаматымыз Қазақ елінің жасампаздық жылнамасына өз қолтаңбасын қалдыра алады. Бұл – нағыз тарихи сәт. Мұндай сәт үнемі бола бермейді. Осы орайда, Мен Қазақстан жастарына тағы да арнайы үндеу жасағым келеді. Референдумға белсене қатысу – ел тағдырына бей-жай қарамау деген сөз. Сол күні өз таңдауыңды жасау – туған елдің жарқын болашағын Өз қолыңмен құру деген сөз. Уақыт өтеді, ал Қазақстан жаңа Конституцияның арқасында қарыштап дами береді. Көп ұзамай әлемдегі ең озық елдің біріне айналады. Сол кезде «Қастерлі Отанымды осы биікке жеткізген жолды таңдауға мен де атсалыстым» деп, мақтанышпен айта аласыздар. Ал, кейінгі буын өздеріңізге әрдайым ризашылығын білдіріп жүреді. Ұлы Абай «Адамның адамшылығы істі бастауынан білінеді» деген. Біз бір ел болып маңызды әрі жауапты жұмысты қолға алдық. Ең бастысы, ниетіміз – түзу. Демек ісіміз оңға басып, берекелі болары сөзсіз. Түптеп келгенде, мұның бәрі елдің ертеңі үшін жасалып жатыр. Ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бізге кең-байтақ жерді аманат етті. Біз де келер ұрпақтың әділетті әрі өркендеген Қазақстанда өмір сүргенін қалаймыз. Сол үшін бәрін жасаймыз. Мен халқымыздың жасампаз қуатына, жастардың таудай талабына сенемін. Енді бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, белсенді жұмыс істейік. Ел мүддесіне адал қызмет ете беріңіздер! Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын! – деді Президент.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



