Бас тақырып

15 наурыз – Қайырымдылық күні

Бұл күн адамдарды мейірімділік пен жанашырлыққа үндеп, мұқтаж жандарға қолдау көрсетудің маңызын еске салады. Қоғамда жақсылық жасау, бір-біріне көмектесу және қайырымдылық шараларын ұйымдастыру арқылы адамгершілік құндылықтар кеңінен насихатталады.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Бүгінде қайырымдылық түрлі бағытта жүзеге асуда. Волонтерлік ұйымдар мен қоғамдық қорлар әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетіп келеді. Азықтүлік, киім-кешек тарату, қаржылай қолдау көрсету, түрлі акциялар мен игі бастамаларды ұйымдастыру – қайырымдылықтың жарқын көрінісі.

Бүгінде өңірде қайырымдылық пен волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді. Жастар ресурстық орталықтары жанынан ашылған 14 еріктілер фронт-офисі жұмыс істейді. Сонымен қатар, аймақта 75 еріктілер бірлестігі ұйымы мен 4 000-ға жуық ерікті белсенді қызмет атқарып, түрлі әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырып келеді.

Мұндай шараларға жастардың белсенді қатысуы ерекше қуантады. Еріктілер қоғамдағы мәселелерге бейжай қарамай, өз уақытын өзгелерге көмектесуге арнап жүр. Тек материалдық көмек көрсетіп қана қоймай, адамдарға үміт сыйлап, қоғамдағы мейірімділік пен жанашырлықтың артуына үлес қосады.

– Қайырымдылық пен волонтерлік – қоғамның адамгершілік деңгейін көрсететін маңызды құндылықтар. Мұндай бастамалар адамдарды бір-біріне бейжай қарамауға, қиын жағдайда қалған жандарға қолдау көрсетуге үйретеді. Қайырымдылық қоғамда мейірімділік, жауапкершілік және өзара көмек мәдениеті қалыптасады.
Бүгінде біз сияқты жастардың қайырымдылық шараларына қатысуы маңызды. Себебі жастар – қоғамның қозғаушы күші. Егер жас буын мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын бойына сіңірсе, болашақта қоғам да соған сай қалыптасады. Жастардың белсенділігі жаңа идеялар мен бастамалардың пайда болуына жол ашады. Қайырымдылық күні сияқты бастамалар адамдарды жақсылық жасауға ынталандырады. Мұндай күндер қоғамның назарын әлеуметтік мәселелерге аударып, адамдарды ортақ мақсатқа біріктіреді. Кейде бір кішкентай игі іс басқа адамдарға да үлгі болып, үлкен қозғалысқа айналуы мүмкін. Осы бағытта біздің қор да белсенді жұмыс атқарады яғни біз азықтүлік жинап, емге қаражаты жетпей жүрген жандарға қаржылай көмек көрсетуге атсалысып келеміз, – деді «Kóktem» Қайырымдылық қорының құрылтайшысы Аяулым Ерлан.

Қайырымдылық шарасы аясында көмек алған тұрғын ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді:

– Осындай қайырымдылық көмекті алу біз үшін үлкен қолдау болды. Қазіргі уақытта тұрмыстық қиындықтар кездесіп жатады, ал, осындай кезде жанашыр жандардың көмегі ерекше сезіледі. Азықтүлік себеті біздің отбасымызға үлкен жеңілдік әкелді. Қайырымдылық жасап жүрген барлық азаматтарға алғысымыз шексіз. Осындай игі істер қоғамда мейірімділік пен бірліктің бар екенін көрсетеді, – деді Айгүл Толеутаева.

Биылғы Наурыздағы Қайырымдылық күні рамазан айына тұспа-тұс келіп тұр. Осы орайда аймақта қайырымдылық акциялары белсенді жүзеге асуда. Қарағанды қаласындағы «Төлеутай ата» мешітінің имамы Рауан Төлеубекұлының ұйымдастыруымен «Бір күнде бір мұқтажға көмек» атты қайырымдылық акциясы жалғасын тауып, қоғам игілігі үшін еңбек етіп жүрген көше тазалықшыларына азықтүлік себеттері таратылды.

Қайырымдылық – тек бір күндік шара емес, ол – өмір салты. Әр адам қолынан келгенше жақсылық жасап, өзгеге қолдау білдірсе, қоғамда ізгілік пен адамгершілік құндылықтары арта түседі. Сондықтан, қайырымдылық күні – жүректерге жылулық сыйлап, адамдарды жақсылық жасау­ға шақыратын ерекше күн.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button