Жаңалықтар

15.БАЛҚАШТАҒЫ ТУРИЗМ: әлеует бар, әрекет қажет

Сонымен, Сиырдың жазы тәмам. Коронавирус қос бүйірден қысқан екінші жаз болды бұл. Әр қадамың санаулы, жүріс-тұрысың шектеулі. Сыртымыздан сызылған көрінбес шеңбердің ішінде жүргендей күй кешесің… Әйтсе де, биылғы жаз ұзын арқан, кең тұсаудың қызығын көргеніміз рас. Былтыр ауыл маңын шиырлап, ұзай алмап едік. Биыл шетел асып кеткендер баршылық. Қара теңіздің құмына аунап келді біразы. Тропиктің аптабын аңсап, кокосын кертіп ішкендер де қарасы қалың. Бұл, әрине, қолы жеткеннің көрген қызығы. Ал, әлін білгендер ел ішіндегі туризмнің көрігін қыздырды. Жазда жағасынан адам арылмаған судың бірі – Балқаш. Қарағанды, Жамбыл және Алматы облыстары арасында жатыр. Біздің еншімізде – теріскей жағалауы. Яғни, теріскейдегі туризмді түлету – Қарағанды билігінің міндеті. Қазір жоспар бар. Сол жоспар қалай жүзеге асады? Жұртқа ұялмай ұсынар дүниеміз қайсы? Көзімізден таса қалған не? Балқашқа қарай жолға шыққан бізді бұл сұрақтардың мазалауы заңды да…

ЖҮЙКЕНІ ТОЗДЫРАР ЖОЛ, ТҮТІННЕН ТҰТЫЛҒАН ПЕРДЕ

Қарағандыдан шыққан көлігіміз Балқашқа таяған сайын жердің оты азайып, айналамыз бозғылт тарта түсті. Ақшатау, Ақжалдан аса бергендегі көрініс. Түйеге таптырмас мекен. Бектауатаны шамалағанда жол бойын жағалай қонған шағала да аракідік ағараңдап көзге ілікті. Күрежолдан қиыста қоқыс полигоны бар. Шағала пысық қоқыстан қорек теруді әдетке айналдырыпты. Көл де жақын, демек. Кәнігі шопырлар Балқашқа қарай көліктің жеңіл жүретінін айтады. Алматыдан да, Қарағандыдан да. Көл – шұңқырда. Арқадан, Алатаудан аттанған көлік еңіске қарай заулайды. Дегенмен, әзірге, іркілмей заулайтын жол жоқ. Елорда мен Алматыны жалғар дәліз құрылысы қызып жатыр. Қаптаған бульдозер, ауыр техника. Ақ шаңның ішімен алты сағат жүйкесі тозған жолаушылар тақтайдай тегіс жолмен зырылдар күн келешектің еншісінде деп сендік. Және бұл тасжолдың турист санын көбейтуге көмегі көптеп тиері анық. Төрт жолақтың құрылысын қолға алған Үкіметтің де көздегені сол. Бектауатадан асқанда зауыттың мұржалары менмұндалады. Бірнеше мұржадан төгілген қорғасын түтін қаланың үстімен еріне көкке көтеріліп барады. «Турист қарасын көбейтемін деген жан әуелі осы түтінді сейілтуге кірісуі тиіс-ті» деген ой келді бір мезет. Бір қаланы асырап тұрған өндірісті тоқтату мүмкін емесі белгілі. Амалы – сүзгі қойып, түтіннің құрамын жеңілдетуге күш салу қажет. Әйтпесе, демаламын деп келген қонақтың тынысы тарылары анық. Алматыға сүйреген жолдан солға түсіп, қалаға кіргенде батыстан соққан жел берекемізді алды. Шаһар көшелеріне түтіннен перде керілген. Сырттан келген жан бірден түшкіріп, жөтеліп, әуреге түседі. Абырой болғанда, жарты сағат дегенде желдің бағыты ауысып, тынысымыз ашылғаны…

МЫСЫМЕН ДЕ ТАНЫМАЛ

Жазғы туризмді сүйетіндер арасында Балқаштың атағы кең тараған. Дегенмен, көлге түсуді мақсат еткен зерделі мейманды тарих та қызықтырары сөзсіз. Бұл маңдағы ел шежіресінің тамыры тым тереңде. Сол тылсым тарихтың бір бөлшегімен жергілікті өлкетану музейінде таныса аласыз… Қазақ даласын аралап, Жерұйықты іздеген Асан Қайғы Балқаштың жағасында да бел суытқан. «Балығы тайдай тулаған, құстары қойдай шулаған несібелі көл екен. Кедейін аш қылмайтын, балығы азық болғанымен, суы ащы, іргесі шөлге тиіп тұр екен, бораны көп болар. Қамысы боранға қалқа, малға азық, қысы болмаса, жазы қапырық, ордалы елге орын болмас» депті сонда данагөй. Иә, Балқаштың жазы – аптап, қысы – қытымыр. Бағзыдан Көкше теңіз атанған көлдің суы ішерге жарамсыз. Жайылымға да қолайсыздау, тақыр. Десе де, ғасырлар бойы көл жағасынан ел үзілген емес. Ертені қойып, бертінге бет бұрсақ… Кеңес уағында мыс зауыты тұрғызылды, іргесіне қала соғылды. Енді, мыс десе, көлденең жұрт Жезқазғанмен қатар Балқашты атайтын болды. Қазір де сол. Демек, Балқашқа ат ізін салған жан өзінің мысты өлкеде жүргенін жан-тәнімен сезінуі қажет. Қалаға кіре жергілікті музейге немесе ел арасында танымал жағажайларға да мойын бұрмастан алғаш зауыт салынған алаңға тартқанымыз содан.

ҚАРАМҰРЫННЫҢ ҚОЙНЫНДА ҚАЗЫНА ЖАТЫР

Балқаштың өткенімен танысамын деген саяхатшы сапарын тәжірибелік зауыттан бастауы тиіс деп санаймыз. Балқаш қаласынан Ақтоғай ауданына қарасты Шашубай кентіне барар жолдың оң жағындағы төбе бірден көзге шалынады. Көл жиегіндегі төбенің бір бүйірінен мұржа мойнын созады. Қазақ бұл төбені ертеде Қарамұрын шоқысы деген. Инженерлер осы шоқының ішін үңгіп, зауыт тұрғызған. Алғашқы зауытыңыз – осы. Мұны жергілікті тарихшы Дәулет Қожақов айтып берді. Қызыл империя құрылған жылдарынан-ақ индустриаландыруға бел шеше кірісті. Алып мемлекеттің бар бұрышы зерттеліп, геологиялық карта түзілді. Балқаш та бұл науқаннан тыс қалған жоқ. Русаков бастаған геологтар 1928 жылы Қоңырат кен орнына барлау жүргізді. Сөйтіп, 1930 жылдан Қарамұрын шоқысында тәжірибелік зауыттың іргетасы қаланды. Құрылысшылардың естелігінде зауыт іргетасы 40 метр тереңдікте болғаны айтылады. Қажетті материалдар үш жүз шақырымнан аса қашықтағы Спасскіден тасылған. Бұл жұмысқа ат пен түйе жегілгені мәлім. Тіпті, жолға шыққан керуеннің Балқашқа жете алмай қалған кезі жиі тіркелген. Зауыт тұрғызылып біткен соң тәжірибелік жұмыстар басталды. Балқытушылар 1800 тәжірибе жасапты Қарамұрынның астында. Тек, 1935 жылы көктемде алғашқы қара мыс алынған. Зауыт салуда таңдаудың Қарамұрынға түсу себебі бар. Шоқы көлге төніп тұр. Тұсындағы су терең. Кеменің келуіне ыңғайлы. Ауыр салмақты оңай көтереді. Ауызбен айтуға жеңіл, әрине. Шоқыны үңгіп, зауыт салу қияметін көрмеген ұрпақ аталар еңбегіне лайықты баға бере алмай жүрміз. Әйтпесе, Қарамұрынның қойнында қазына жатыр. Балқаш тарихының жаңа парағының бастауында тұрған зауытты өңірдегі басты туристік нысандардың біріне айналдырар едік қой… Қарамұрын бізді сұрықсыз кейіпте қарсы алды. Тіке барар жібі түзу жол да жоқ. Шаңырақ көтерген жастар төбесіне шығып, суретке түсіп жүруші еді. Етегі шұбалған ақ көйлек киген қалыңдықтың төбеге жетіп, басына көтеріліп жүргеніне таңбыз. Саяжайдың ішіндегі ойдым-ойдым жолмен әрең өтіп, бауырына іліккенде алып-ұшқан көңіліміз су сепкендей басылды. Маңайы – қоқыс, қираған үйінді. Қашан тартылғаны беймәлім сатының жұрнағы жатыр. Сол сатыға табан тіреп, төбесіне көтерілдік. Обалы нешік, алдымыздан керемет көрініс ашылды. Аяғыңның астынан көз жетер көкжиекке дейін толқыған көл қиялыңды түу сонау алысқа жетелей жөнеледі. Ал, төбенің үстіндегі жағдай – тағы да сол қоқыс. Алау бейнесіндегі көкшіл тұғыр да қиырдан әдемі көрінгені болмаса, бетін басқан шимайдан бос орын таппайсыз. Етекке түсіп, зауыттың кірер қақпасын көргіміз келді. Алайда, қақпа да топырақтың астында қалыпты. Тек кірпіштен өрілген мұржа ғана бәз баяғы қалпы. Бірақ, бұл түрімен қалса, бір күндері гүрс етіп құлары анық. Тек, адам шығынынан сақтасын. Міне, бұл ескі зауыт өңірдегі басты туристік нысандардың біріне айналуы керек-ті біздіңше. Лондондағы биржада елдің аузынан түспеген Балқаштың мысы осы жерде туды емес пе?! Қайта қалпына келтіріп, мұражайға айналдырсақ, қалаға түсер тиын көбейеді. Кез келген қонақтың алдында шікірейіп тұрып әңгіменің тиегін ағытар едік біз сонда…

СӘНІ КІРГЕН САЯБАҚ

Балқаш ыстық құм мен зүмірет суды іздегендер арасында танымал екенін жоғарыда айттық. Және көл жағажай туризмін дамытуға ыңғайлы нысан ретінде республикалық туристік картаның үздік ондығына Қарқаралы, Ұлытаумен бірге енді. Содан бері Үкімет туризмді дамыту мәселесіне үңіле назар аударды. Бұл өңірде ауыз толтырып айтар жобалар қолға алынды. Бірақ, жыл сайын көлге 80 мың турист келіп-кететінін, іргедегі Шұбартүбек пен Тораңғылық ауылдары қалаға қосылып, арнайы картаға енгенін, әуежайдың жөнделетінін, Бертіс шығанағын дамытуға қомақты қаржы бөлінгенін айтып, сөз аяғын созбағанды жөн көрдік. Өйткені, бұл бағыттағы жоспар ресми биліктің күнделікті хабарламасында жүр. Бізді қызықтырғаны қазір қалада бар нысандар болуы тиіс. Солардың бірі – қалалық саябақ. Ертеде шаһардың қақ ортасындағы бұл саябақ қауіпті аумақтардың бірі саналды. Түнде – қараңғы, жарық жоқ. Бей-берекет өскен тал-дарақ, шашылған қоқыс. Ұры-қары, қарақшының мекені санатында еді. Кейінгі жылдары паркте жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Жарық жанып, жолдар төселді. Тал-шыбықтар ретке келтірілді. Түрлі нысандар парктің ортасынан ойып тұрып орын алды. Балалар ойын алаңдары, субұрқақ, спорт алаңқайлары орнатылды. Тіпті, Ленин ескерткіші де жаңарып, көрікті кейіпке енді. Бүгінде парк қалалықтар бос уақытында демалатын, серуендейтін әдемі жерлердің біріне айналды. Мұны қала тұрғыны Болат Көкеев те айтады.

– Үш-төрт жыл бұрын күн еңкейсе парктің ішімен өтуге екінің бірінің жүрегі дауаламайтын. Қараңғы еді. Кісі тонау, өлтіру оқиғалары туралы жиі еститінбіз. Қазір парк – халық көп жиналатын орын. Бос уақытымызда балаларымызды ойнатып, өзіміз де спортпен айналысуға арнайы келіп тұрамыз, – дейді Болат.

Паркте жаңадан егілген шыбық та баршылық. Алдағы уақытта тағы да көбеймек. Тек, Балқаштың аптабында ағаш өсіру де оңай емес екенін ұмытпау керек. Жердің де құнары төмен. Сондықтан, тұрақты түрде суарып тұрса болғаны. Саябақтың сәнін кіргізген қала билігіне бас бармақты көрсеттік.

ҚЫЗАРМАЙЫН ДЕСЕҢ, ЖОЛЫҢДЫ ТҮЗЕ

Қазақстанның кез келген тарабындағы басты проблемалардың бірі жол екені белгілі. Балқашта да жол мәселесі өткір тұр. Осыдан біраз уақыт бұрын қаланы қақ жарған Ленин көшесі бірнеше жыл жайрап жатқанын ел ұмытқан жоқ. Қазір ретке келтірілгендей. Әйтсе де, кетеуі кете бастапты. Әкімдік осы және өзге көшелердегі жағдайды көріп-біліп отырғанына сенімдіміз. Түзілген жоспары барына да күмән келтірмейміз. Тек, туристің алдында бетіміз қызармасын десек, жолымызды тездетіп түзеу қажет.

СУРЕТТЕРДЕ:

  1. Сәні кірген саябақ қақпасы.
  2. Жаңарған Ленин ескерткіші.
  3. Қойнына зауытты жасырған Қарамұрын.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Суреттерді түсірген автор.

Басқа материалдар

Back to top button