Руханият

“Музей түні” жанға жарық сыйлады

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының 90 жылдығын мерекелеу аясында «Музей түні» – «Музей достарды қарсы алады» мерейтойлық акциясы өтті. Қала тұрғындары мен қонақтарының басын қосқан ауқымды іс-шара кешкі 19:00-де басталып, түнгі сағат 00:00-ге дейін жалғасты.

 

Жаңа, креативті тәсілдерді пайдалана отырып, Қарағандыдағы заманауи музейлер ресурсын, мүмкіндігі мен әлеуетін көрсету мақсатында ұйымдастырылған жиынға келушілердің қарасы қалың болды. Бұған дейін де осы форматта іс-шара өтіп, ел назарына көптеген тың дерек пен сирек кездесетін жәдігерлер ұсынылған еді.

Айтулы кешті музей басшысы Ержан Нұрмағамбетов ашты. Музей түнінің маңыздылығына тоқталып, мұражайдың тарихынан да мейлінше сыр тартты.

Бұл жолы да келушілер тың дүниелермен танысты. Атап айтсақ, елдің назарын өзіне бұрған – «Хан көтеру» тарихи реконструкциясы. Тарих төріне жетелейтін бұл дүниені «Ұлы Даланың ұлы өркениеттері» жалпыұлттық тарихи реконструкциялау орталығы ұсынған. Студенттер барын салып, бұл көріністі жанды әрі сенімді түрде көрсетуге тырысты. Хандық дәуірдің толық бейнесін бере білді.

Ал, музей экспозициясы бойынша «Жанданған тарих» театрландырылған экскурсия да ел көңілінен шықты. Мұнда мұражай қорындағы жәдігерлер таныстырылып қана қоймай, сахналық көрініс көрсету арқылы әр экспонаттың тарихи рөлінен мағлұмат берілді.

Музей түніндегі тағы бір ерекше әрі көрерменді көп тартқан Қазақстанның тұңғыш гипперреалист мүсіншісі Айдос Есмағамбетовтің «Көрнекі тұлғалар» гипперреалистік фигуралар көрме-инсталляциясы болды. Мұнда Абылай хан, Абай Құнанбайұлы, Нұрсұлтан Назарбаев, Барак Обама сынды тарихи тұлғалардың мүсіні қойылды. Мүсіндер өз дәуіріне сай киіндірілген. Өте тартымды. Келушілер әрқайсымен суретке түсіп, жасалу жолымен танысып, мәресәре болды. А.Есмағамбетов осы бағыттағы еліміздегі санаулы мүсіншінің бірі екенін айтқан жөн.

Бұдан бөлек, «Шебер-фест» Қарағанды handmade шеберлер жәрмеңкесі және сәндік-қолданбалы өнер және қолдан жасалған бұйымдар бойынша шеберлік сыныптар өтті. Арулар қына жағудың қыр-сырын меңгеріп, зергерлік бұйымдардың жасалу жолдарымен танысты.

Сонымен қатар, музей жәдігерлерінің тарихын қамтитын квест-ойындар, өлкетану бағытындағы викториналар, зияткерлік ойындар дүбірлеп өтіп жатты. Ойындардан жинаған купонды өткізіп, тәттілер мен шәй ішу мүмкіндігі де қарастырылған. Музыкалық экстраваганза «концерт-дискотекасында» демалуға мүмкіндік алды. Еркін микрофонда қонақтар ән айтып, өз өнерін паш етіп, естелік сыйлықтарға қол жеткізді.

– Бұл кештен көп нәрсе білдім. Бұрын мұражайды тек тарихи жәдігерлер сақталатын орын деп білетінмін. Сөйтсем, мұражайдың одан басқа да еңбегі ұшан-теңіз екен. Тарих мұхитына сүңгіп кетіп, түбінен маржан теріп, келушілерге ұсынып жатты. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тұрмыс салтымызға байланысты бұрын естімеген деректерге қанық болдым. Енді, айына бір рет мұражайға келіп тұрамын, – дейді қала тұрғыны Нұрбол Рахымбеков.

Көпшіліктің назарын өзіне бұрған тағы бір тың дүние «Алаш арыстары» және Екінші дүниежүзілік соғысы залы болды. Осы тарихи кезеңдер хақында қажетті ақпараттар берген студенттердің өнері келушілерді жалықтырмады. Сұрақтарына жауап беріп, естелікке суретке түсті. Әскери форма киген жастардың бойынан патриоттық пен тарихқа деген құрметті байқадық.

Жалпы, музей түнін толық аралап шығып, музей қызметкерлерінің жұмылған жұдырықтай жұмыс істеп жатқанын, бір үйдің баласындай тату бола жүріп, жұмысты нәтижелі ұйымдастыра білетініне көз жетті.

Музей түні келушілердің жанына жарық сыйлады деуге толық негіз бар.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button