Жаңалықтар

Өзгені де ойлаған адамдықтың белгісі

Қасиетті Рамазан айының басынан бері Әл-Машани мешітінің қызметшілері мұқтаж 50 отбасыға азық-түлік таратты. Тағы бес адам ақшалай көмек алды.

Қаржылық көмек жамағат жинаған пітір-садақа қаражатынан бөлінген. Отбасылардың қажеттіліктері мұқият зерттеліп, әрқайсысына көмек көрсетілген.

– Мешітте мұқтаж адамдардың тізімі бар. Олар үнемі жаңартылады. Бізде ай сайын қандай да бір көмек алған отбасылар белгіленетін электрондық база да бар. Ораза кезінде адамдар мешітке пітір-садақа береді. Біз жыл сайын жиналған қаражатты аз қамтылған отбасыларға таратамыз. Биыл бес отбасына көмек жасалды. Айтқа дейін тағы бірнеше адамға қолдау көрсетіледі. Адамдардың, шынымен, мұқтаждығын тексереміз, деді мешіттің наиб-имамы Бейбіт Бақытжанұлы.

 

Ораза кезінде мешіт көпбалалы отбасыларға 50 азық-түлік жиынтығын таратыпты. Сонымен қатар, күн сайын жатақханалардағы 3500 студентке ауызашарға ыстық тамақ әзірлеп, үлестірген. Құрбан айт кезінде тағы 300 отбасына азық-түлік беріп, көмегін көрсету жоспарда.

– Өткен жылы ғана халыққа 60 миллион теңгеден астам қаражатқа көмек көрсетілді. Оның қатарында, азық-түлік тарату, ақшалай көмек және отын сатып әперу бар. Құрғақшылықтан зардап шеккен аймақтарға жем-шөп жібердік. Біз көмекке жүгінгендердің барлығына қол ұшымызды созуға тырысамыз. Кейде адамға қолдау жетіспейді. Кей адамдарға бір реттік көмек көрсеткен жағдайлар бар, содан кейін олар аяққа тұрды. Ал, қазір енді олар басқаларға көмектеседі, – дейді Бейбіт Бақытжанұлы.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button