Жаңалықтар

Кітап “кеміргіштер” анықталды

Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күні мен Балалар жылы аясында «Бүгінгі сән – кітап оқу!» тақырыбында балалар мен жастар кітабының апталығы салтанатты түрде ашылды. Оған кітапсүйер қауым мен кітапхана достары, жанашырлары мен қолдаушылары жиналды.

Мерекелік көңіл күйді табалдырықтан аттаған әрбір жан сезінді десек, артық емес. Өйткені, әзірленген көркем кітап көрмелері мен сәнді безендірілген кітапхана нағыз кітап мерекесін айшықтап тұрды. Барлық келушіге «Жастар оқиды және кеңес береді» кітап керуені ұйымдастырылды.

Заңғар жазушы М.Әуезовше айтсақ, «Кітап – әр адамның өмірлік досы». Кітапты дос еткен оқырмандарды осы мереке қарсаңында ынталандыруды жөн көрген кітапхана қызметкерлері ең үздік әрі белсенді деген мықты «кітап кеміргіштерді» анықтап, оларды түрлі аталымдармен марапаттады.

«Ең позитивті оқырман» номинациясын – Қарағанды медицина университетінің ұстазы Гүлдана Ахметова, «Ою мен ой» аталымын – №95 гимназияның информатика пәні мұғалімі Біржан Балтабайұлы жеңіп алса, «Үздік ізденуші» – тарихшы Әділет Жағыпар, «Ағылшын тілінде оқитын құмарпаз» – 10-сынып оқушысы Эльнар Мухамбетжанов, «Белсенді ерікті» – «Болашақ» колледжінің студенті Нұрай Амангелді, «Зияткер оқырман» – №4 емхана дәрігері Мақсат Садықов атанды. Бұдан өзге де көптеген аталымдарда үздік оқырмандар марапатталды.

Шараны №1 балалар музыка мектебінің оқушылары түрлі әуендерімен әрледі. Қайырбек Санжар Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнін орындаса, Мансур Гараев «Во кузнице» орыстың халық әнін баянмен шырқап, жұрт қошеметіне бөленді.

«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында биыл туғанына 150 жыл толып отырған ақын, мемлекет қайраткері, ғалым, ұлы реформатор Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары таңдалған еді. Осы орайда, С.Саттаров атындағы №57 мектеп-лицейінің оқушылары – Нұрай Жұмаш пен Арна Момбай А.Байтұрсынұлының «Ақын ініме» өлеңі мен «Еменнің түбіндегі шошқа» мысалын оқыды.

Кітап – білімді қару еткен жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның озық та өнерлі өкілі болуға шақыратынын осы мереке тағы бір айшықтай түсті.

Сондай-ақ, бұл күні кітап мерекесіне жиналған қауым «Жасырын кездесу» кітаптар акциясына, «Интерактивті кітаптар» әдеби турына, «World of the foreign literature» викторинасына қатысып, білімдерін сынап көрді. Жастар өздеріне арнайы ұйымдастырылған бұл шара үшін кітапхана ұжымына шексіз алғыс айтты.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button