Жаңалықтар

Төрт депутат өкілеттігін тоқтатты

Облыстық мәслихат 4 депутаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Бұл туралы мәслихат хатшысы Серік ӨТЕШОВТЫҢ төрағалығымен және облыстық сайлау комиссиясының мүшелері қатысқан онлайн режимдегі кезектен тыс ХІІІ сессияда белгілі болды. Депутаттар облыстық сайлау комиссиясына өз өкілеттіктерін тоқтату туралы өтініш берген.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағамбетов депутаттардың өтініштері негізінде ұсыныс енгізді.

– «Қарағанды облыстық сайлау комиссиясы ҚР «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 20-бабының 3-тармағы, 8-тармақшасына және 4-тармағына сәйкес жеке өтініштері негізінде облыстық мәслихаттың депутаттары Аида Ысқақова, Саят Оспанов, Кристина Шафикова және Сергей Кимнің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыныс енгізеді, – деді ол.

Аталған депутаттардың үшеуі AMANAT партиясынан болса, біреуі – Қазақстан Халық партиясынан.

Облыстық сайлау комиссиясының ұсынысын қараған облыстық мәслихат 4 депутаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады. Облыстық мәслихат хатшысы Серік Өтешов оларға белсенді жұмысы үшін алғыс білдірді.

Серік ӨТЕШОВ, Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы:

– Облыстық мәслихаттың жетінші шақырылымының құрамында жұмыс істеген бір жыл ішінде депутаттар сайлаушылардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелеріне белсенді түрде бастамашылық етті. Алдағы уақытта да олардың өңірдің түрлі салалардағы әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстарын көретін боламыз деп үміттенемін.

Сәйкесінше, облыстық мәслихатта бос орындар пайда болды. Заңға сәйкес саяси партиялар өкілеттігін доғарған депутаттардың орнына өз резервінен кандидатуралар ұсынуға құқылы.

– Кандидатураларды ұсыну рәсімі облыстық сайлау комиссиясымен бірлесіп пысықталуы тиіс. Келісу үшін белгілі бір уақыт қажет. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 11-бабының 4-тармағына сәйкес сессия жұмысында үзіліс жарияланады, – деді Серік Балғатайұлы.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button