60 жыл аттан түспеген ардақты ұстаз
Жүзінен әр тайса да, жүрегі қартаймаған адамдар болады. Сондай жандардың бірі – талай нәубетті көзімен көрген ардагер ұстаз Төлеген АРКОНОВ. Самай шашы ағарса да, күні бүгінге дейін ұстаздықтан қол үзбей келе жатқан ардагер ұстазбен Б.Момышұлы атындағы мектептің ұжымы тағылымды кездесу кешін өткізді.
Б.Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектепте Төлеген Жұмашұлы 2001 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. 60 жыл бойы ұстаздық қызмет атқарған ардагердің мұғалімдіктен қол үзбеуі – өз мамандығына адалдығынан деп білу керек. Тағылымға толы кеште «Мен сіздердің алдарыңызға мұғалімдікті қадірлегеннен кейін, мұғалімнің ғажап мамандық екенін айтайын деп келдім» деуі содан болса керек.
Өмірінде адалдықтың ақ туынан айнымаған, шындықтың бетіне тура қараған ұлағатты ұстаздың еңбегі елеулі. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қаз ССР-і мен КСРО-ның халық ағарту ісінің озық қызметкері, «Ыбырай Алтынсарин» төс белгісінің иегері атақтары – сол адал еңбектің жемісі.
– Педагог Төлеген Арконов 2001 жылы мектеп ашылғалы бері Б.Момышұлы атындағы мектепте жұмыс істеп келе жатыр. Құрметті зейнеткерлікке шықса да, білімін одан әрі жетілдірген атамыз мектепте жоғары сыныптарға физика пәнінен сабақ береді. Төлеген Жұмашұлы – білімді, білікті ұстаз, тәжірибелі мұғалім. Мектептегі жас мамандарға, мектеп ұжымына ардагер ұстаздың жүріп өткен өмір жолын, қызметін үлгі етіп, ұстаздық тәжірибесімен бөлісу мақсатында осы кездесуді ұйымдастырдық. Қандай қиындықтарға тап болса да, шәкірт тәрбиелеуде өзінің жүрегі мен жанын беріп жұмыс істейтін азаматтар бар. Солардың бірі – Төлеген Жұмашұлы. Дәл сондай азаматтар арамызда көп болса екен, – дейді Б.Момышұлы атындағы мектептің директоры Амантай Соғысбайқызы.
Білімі мен біліктілігі бөлек, пайымы мен парасаты биік ұстаз Төлеген Арконов талай нәубетті жылдарды басынан өткерсе де, ұстаздық жолдан айнымай, сол жолда соны соқпақтар жасады. Оған тарих куә. Ардагер ұстаз – бүгінгі жастарға ақыл айтатын абыз ақсақалға айналды. Шәкірттерінің алды 70-тен асқан. «Б.Момышұлы атындағы мектепте еңбек етіп жүрген ұстаздар да менің шәкіртім болған», – деді ардагер ұстаз.
Сонымен қоса, «қазір Қарағанды облысында 7 аудан болса, сол 7 ауданның әкіміне сабақ берген екем» деп, бірнеше буынға білім бергенін айтты.
Тағылымды кеште ұстаз Төлеген Жұмашұлы ізін басқан жас шәкірттеріне ақылын айтты, ақ батасын берді.
– Жастарға керегі – жалықпайтын еңбек. Еңбектің арқасында талай нәрсеге қол жетеді. Тағы бір айтарым – жастарға білімді болу керек. Білімсіздің қолы қысқа. Жастар шындықты, әділдікті жақтайтын, адалдықтың туын жықпайтын адам болуы керек. Қай нәрсеге болса да, шындықпен қарау керек. Мені кезінде пленумдарда, жиналыстарда сынағандар да болды. Ол сынның арты өзіме пәле боп жабысқан кездер де болды. Бірақ, шындықтың арқасында маған жаққан ешқандай күйе жұқпады. Міне, 80-нен астым, әділдікпен өзімнің тұғырыма қондым, – деді Төлеген Жұмашұлы.
Төлеген ұстаз өнерден де құралақан емес. Кездесуде ол көпшіліктің сұрауы бойынша Мәдидің әнін айтып берді.
Кездесу барысында әріптес ұстаздар Төлеген Жұмашұлының тұлғалық қасиеттерін жастарға баяндады.
Төлеген Арконовтың отбасынан 10 ұстаз шығыпты. Қазір әкесінің жолын жалғаған ұрпақтары Қарағандыдағы беделді мектептерде сабақ беріп жүр. Шәкәрім атындағы гимназияда ұстаздық қызмет атқаратын Сандуғаш Төлегенқызы осы кешке қатысып, өзінің ақжарма тілегін жеткізді.
Сондай-ақ, шара соңында «Шапан жабу – сынды бұзбайды, сыйды арттырады» деп, мектеп ұжымы ардагер ұстаздың иығына шапан жапты. Бұл да сыйластық пен құрметтің белгісі болса керек.
Төлеген Жұмашұлы осы мектепте 22 жыл ұстаздық қызмет атқарыпты. Енді келесі оқу жылынан бастап ардагер ұстаз құрметті еңбек демалысына шықпақ.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.