Спорт

Алтынға бергісіз күміс

Шайбалы хоккейден әйелдер арасында Латвияның Рига қаласында әлем чемпионаты өткен болатын. Сол чемпионатта Қазақстан құрамасы өнер көрсетіп, ІІ орынға ие болды. Ұлттық құрама сапында Қарағандының «Юность-Грация» клубында өнер көрсетіп жүрген төрт жерлесіміз бар. Олар ойынның негізгі құрамында алаңға шығып, ел намысын қорғады.

Ұлттық құрама сапына кірген жерлестеріміздің қатарында шабуылшылар Алина Жакулина, Рената Лившиц, Анна Климова және қорғаушы Калима Нигматулина бар. Олар кішкентайынан бері қарағандылық клубта дайындалып келеді. Мәселен, қорғаушы Калиманың осы спортта жүргеніне төрт жылдан асыпты. Өзі небәрі 16-да болса да, үстіне салмағы 30 келіден асатын киім киіп, алаңға шығып жүр. Ал, корттағы оның міндеті шабуылшыға қарағанда тым қиын.

– Әлем чемпионатына жаттығу жұмыстары жаз айынан басталды. Жаттығу жұмыстарының өзі бірнеше этаптан тұрды. Өзіме спорттың осы түрі ұнайды. Әрине, үстімдегі киімдерім ауыр. Бірақ, кортқа шыққанда бәрін ұмытып кетесің. Ендігі мақсатым – әлем чемпионы атану. Облыстың құрама командасымен ел чемпионы атанғым да келеді. Қазіргі таңда «Юность-Грация» командасы күшті. Бас­ты қарсыласымыз – алматылық «Айсұлу таңдаулы» клубы. Тыңғылықты дайындалсақ, чемпион боламыз деген үміттемін, – деді қорғаушы Калима Нигматулина.

Ұлттық құрама чемпионатта бес ойын өткізген. Жарыстың алғашқы күні Ұлыбритания құрамасымен кездесіпті. Алайда, жарыс жолы сәтсіз басталып, қарсыластарынан айласын асыра алмаған. Ал, Жаңа Зеландия, Қытайдың Тайбэй, Нидерланды және Латвия құрамасымен өткен кездесудің бәрінде жеңіске жетіпті.

Осы әлем чемпионаты шабуылшы Анна Климованың үшінші үлкен турнирі екен. Осыдан екі жыл бұрын Болгария астанасы София қаласында өткен әлем чемпионатына қатысып, І орын иеленіпті. Былтыр Нидерландының Херлен қаласындағы турнирге қатысқан. Осы чемпионатта қарсылас қақпасына бір шайба салып, екі голдық пас берген.

– Біз үшін әлем чемпионаты оңай басталмады. Білмеймін, бой үйренбегеннен бе, алғашқы ойында жеңіліп қалдық. Әрі қарсылас та осал болмады. Бірақ, сол күні қателіктерімізбен күресіп, жарыстың екінші күнінде жеңіске жеттік. Ең соңғы ойынды ұтуымыз керек болды. Егер соңғы ойынды жеңе алмасақ, ІІІ орын алып қаламыз. Ол ойын да ауыр болды. Алғашқы екі айналымда есеп ашылмаған еді. Үшінші айналымда ойынымыз өзгерді. Қарсылас қақпасынан саңылау таптық. Биыл 10-сыныпта оқимын. Келесі жылы мектебімді ойдағыдай аяқтап, кәсіби мансабымды бастағым келеді,– деді шабуылшы Анна Климова.

Облыстың әйелдер құрамасының аға жаттықтырушысы және «Юность-Грация» клубының жаттықтырушысы Василий Поповтың облыс құрамасын жаттықтырып келе жатқанына да сегіз жылдан асқан.

– Шәкірттерімнің ойынын көрсем, бір демалып қаламын. Себебі, оларға не айтсам, бірден қағып алады. Шабуылда да, қорғаныста да керемет ойын көрсетті. Осындай ойынға қарап еңбектің ақталғанын көресің. Ия, алтынға бір қадам жетпей қалдық. Келер жылы қателіктермен жұмыс жасап, алтын аламыз деген сенімдемін. Ұлттық құрама спортшыларының басым бөлігі – қарағандылықтар. Бізде менталитет бөлек қой. Ата-ана тарапынан ешқандай қарсылық жоқ. Керісінше, осы спортқа өздері алып келеді. Хоккейге әуес жастар көп. Ендігі мақсатым – ұлттық құраманы баптап, шәкірттеріммен бірге әлем чемпионы атану, – деді ол.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button