1414 қызметі жаңа қауіпсіздік режиміне өтті
1414 SMS-шлюзі енді тек биометрия, ЭЦҚ немесе eGov QR арқылы қолжетімді болмақ. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Бас прокуратураның үйлестіруімен қазақстандықтарды телефон алаяқтарының әрекеттерінен қорғауды күшейту бойынша шаралар қабылдауда.
Бұған дейін бірқатар мемлекеттік ақпараттық ресурстар мен сервистерге кіру бір реттік код арқылы ғана жүргізілді. Салдарынан алаяқтар айласын асырды, «жәбірленушінің» телефон нөмірін енгізіп, 1414 нөмірі арқылы SMS-хабарлама жіберіп отырды.
Осыған байланысты ақпараттық жүйелердің иелеріне 1414 нөмірінен SMS жіберу тетігін қолдану үшін қолжетімділік талаптарын күшейту тапсырылды.
– Енді 1414 SMS-шлюзін пайдаланатын ақпараттық жүйелерге кіру қосымша қорғалады және тек биометриялық аутентификация (FaceID), электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) немесе арнайы QR-код (eGov QR) арқылы ғана мүмкін болады. Осы жылдың желтоқсан айынан бастап жоғарыда көрсетілген міндетті талаптарды енгізбеген ақпараттық жүйелер 1414 SMS-шлюзін пайдалану қызметінен ажыратылады.ЖИЦДМ барлық мемлекеттік органдармен бірлесіп, алаяқтыққа қарсы күрес және қазақстандықтардың жеке деректерін қорғау бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда, – делінген министрлік таратқан хабарламада.
Азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында eGov Mobile мобильді қосымшасында күдік туғызатын әрекеттерді анықтау, кибергигиена талаптарын сақтау және цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалану жөніндегі ұсыныстары бар ақпараттық баннерлер орналастырылды.
Қабылданып жатқан барлық шаралар «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілету аясында жүзеге асырылып, құқықтық тәртіпті нығайтуға және мемлекеттік цифрлық сервистерге азаматтардың сенімін арттыруға бағытталған.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



