Жаңалықтар

Оңтүстік пен солтүстікті жалғаған көш

Биылғы 8 айда еліміздің халық тығыз орналасқан өңірлерінен жұмыс күші тапшы аймақтарға 1273 отбасы қоныс аударды. Яғни, жаңа қонысқа көшіп барғандар саны 4386 адамды еңсерді. Оның ішінде, еңбекке жарамды жастағы 2303 адам бар. Бұл азаматтардың 1652-сі жұмыспен қамтылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде еңбек ресурстары мәселесін шешу үшін Үкімет айқындаған аймақтарға ерікті түрде қоныс аударатын азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету көзделген.

Азаматтар қоныс аударуы тиіс өңірлер ретінде Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары таңдалып отыр. Ал, қабылдау аймақтары Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары белгіленген.

Ерікті қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау субсидия түрінде беріледі. Мұнда отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК-тен бір жолғы төлем (92 мың теңге), бір жыл бойы ай сайын 15-30 АЕК көлемінде (39 мыңнан 79 мың теңгеге дейін) баспана жалдау және коммуналдық қызметтер шығыны үшін отбасы мүшелерінің санына және жергілікті жерге байланысты төлем төленеді.

Сондай-ақ, қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. Солтүстік Қазақстан облысында 714 жеке тұрғын үй салынады. Павлодар облысында қоныс аударушыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін 441 пәтер сатып алынады.

Биыл 5825 адамды, яғни, 1631 отбасыны солтүстікке көшіру жоспарлануда.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button