Қарағанды емханалары әлеуметтік желілерде тікелей эфир өткізді

Қарағанды облысында «Дәрігер.онлайн» пилоттық жобасы іске қосылды. Жаңа бастама Денсаулық сақтау басқармасының алға тартуымен жүзеге асырылды. Карантин жағдайында емханалар қашықтан жұмыс форматына көшті және пациенттермен қашықтан қарым-қатынас орнату нұсқаларын пайдаланады. Алғашқы көмек ұйымдарының әлеуметтік желілердегі жұмысы жандандырылды. Мамандар нақты уақыт режимінде Instagram аккаунттарында адамдарға кеңес береді.

Сейсенбі, 14 шілде күні облыстың барлық 46 емханасы тікелей эфир өткізді. Пациенттермен және жазылушылармен байланысқа бірінші басшылар шықты. Олар коронавирустық инфекцияның алдын алу және оны емдеу тәсілдері туралы айтып, сұрақтарға жауап берді.

— «Дәрігер.онлайн» маусым айында басталды. Біз пациенттермен тікелей эфир арқылы осыған дейін де араласқан болатынбыз. Алғыс айтып жазып жатқан пікірлерге қарағанда, мұндай байланыс адамдарға өте қажет. Пандемия мен карантин алаңдаушылық тудырды. Интернет кеңістігінде тексерілмеген ақпаратқа сүйенбей, құзыретті мамандардан түсініктемелер алу маңызды, — дейді «Қалалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы» ЖШС директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Светлана Витт.  

Оның айтуынша, жеке қарауды талап ететін жағдайларда сұрақтар жеке тәртіпте пысықталады.

Мәселелердің басым бөлігі жоспарлы көмек көрсетуге, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, диагностикаға, тар мамандардан кеңес алу мүмкіндігіне қатысты болды.

Емханаларда температурасы жоғары пациенттерді қабылдайтын сүзгі бөлімшесі ұйымдастырылған. Шақыртулар бойынша үйге баратын дәрігерлер мен медбикелерден құралған мобильді бригадалар жұмыс істейді.

Дәрігерлер тұрғындардан өзін-өзі емдеуден бас тартып, мамандардан көмек сұрауды өтінеді. Әлеуметтік желілерде консультациялар мен байланыс жалғасады. Instagram-да пневмония ауруымен ауырғандар үшін тыныс алу гимнастикасы бойынша жадынамалар жарияланады. Ақ халаттылар емхана пациенттерімен онлайн-байланысқа әр апта сайын шығуға уәде береді.