Қарағанды

Дүлей дауыл дүрліктірді

Қарағандыда дауыл салдарынан төтенше жағдайлар орын алды. Ғимараттардың шатырлары ұшып, ағаштар құлады. Электр желілері үзілді. 12 шілде күні кешкілік болған дауылдың бейнежазбалары желіде де таралып жатты. Тосыннан болған табиғи апат жұртты әжептеуір әбігерге салды.

«Қарағанды облысында күшті екпінді желдің (21 м/с дейін) салдарынан №4 жалпы білім беретін мектеп ғимараты, көп қабатты тұрғын үйлер, Мақажанов атындағы облыстық медициналық орталық, «ЛУЧ» нейрореабилитациялық орталығы, Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды академиясы, Қарағанды облысының ПД госпиталі, Осакаров ауданы, Звездное ауылының Мәдениет үйі, «Мирас» бизнес-орталығы, «Тапчан» шайханасы, «Шұбаркөл Көмір» ғимараттарына зақым келген. Сондай-ақ, тұрғын үйлердің аулаларында ағаштардың құлауы мен қауіп-қатерінің 45-тен астам оқиғасы тіркелді» дейді облыстық ТЖД баспасөз хатшысы Жанна Дәуренбекова.

Спикердің айтуынша, қатты жел салдарынан 19 жасар қыз бала суға кеткен. Қайғылы оқиға Топар су қоймасында орын алды. Жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бірнеше сағаттан кейін марқұмның денесін судан алып шыққан. Тағы бір тұрғынның үстінен шатырдың бөлшегі түсіп, жарақат алды. Сондай-ақ, апат салдарынан 11 көлікке зиян келген. Қатты жел қала тұрғындарын жарықсыз қалдырды. Төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген режимде оқиға салдарын жоюға кірісті. Бригадалар жұмысқа кірісіп, электр жарықтарын қалпына келтіруде. Жарықсыз қалған ауруханалар апатты жағдайда іске қосылатын қуат көздері арқылы өз жұмыстарын жалғаған.

Қазіргі уақытта коммуналдық қызметтер мен апаттық бригадалар дауыл салдарын жоюмен айналысуда. Жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button