Облыс әкіміРесми

Тапсырма орындалуымен құнды

Жарты жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды экономикалық көрсеткіш индикаторы орындалған облыстар қатарында. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының мәжілісінде аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК мәлімдеді. Демек, індет келді деп қарап қалмай, Президент тапсырмасында айтылған кризиске қарсы қабылданған шараларды жүзеге асыру, сондай-ақ, тұрғындарды жұмыспен қамту тәрізді экономиканың құрамдас бөліктерін бәсеңсітіп алмауда облысымыз қосымша шараларды да қарастыруда. Одан бөлек, экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін республикалық жоспарды есепке ала отырып, өзгерістер де енгізілген.

Аймақ экономикасы карантинге қарамастан бірінші жартыжылдықта даму динамикасын сақтап қалды. Әлеуметтік-экономикалық дамудың осы қарқынын ұстап тұру үшін бизнесті қолдау және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету шараларын қамтитын дағдарысқа қарсы жоспар қабылдау қажеттігі сөзсіз. Осы орайда онлайн режимде өткен мәжілісте облыс әкімі Жеңіс Махмұдұлы әр бағыт бойынша нақты тапсырмалар берді.

– Бірінші жартыжылдықта әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Мәселен, өнеркәсіпте 1, 360 трлн. теңгенің өнімі өндірілді. Нақты көлем индексі өңдеуші (106,4%) және таукен өндіру (105,7%) секторларындағы өсім есебінен 3,5%-ға артты, – дейді облыстық экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.

Құрылыс, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығында да өсім ауыз толтырып айтарлықтай. Азамат Ибрагимұлының мәліметінше, құрылыс – 131,8%, инвестиция – 108,3%, тұрғын үйді пайдалануға беру 111,8%, ауыл шаруашылығы – 103,3% пайызға артуы жергілікті бюджеттің де қоржынын толтыра түскен. Өткен жылмен салыстырған 29,2% артқан әрі жоспардағы 11,6% асыра орындалған.

Ерекше режимге қарамастан «АрселорМиттал Теміртау» АҚ және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС да жұмысын тоқтатқан жоқ. Әлемдік нарықта мыс пен болаттың құнының өсуі де бұл орайда аталмыш кәсіпорындар үшін де, аймақ үшін де оң нәтиже берері сөзсіз.

Көмір мен металл кенін өндіру де арта түскен. Металлургия мен машина жасауда, химияда, азық-түлік өндірісінде де өсім бар. Елдегі жағдайға байланысты фармацевтика айтарлықтай қарқын алуда – бұл салада өндіріс 4,3 есеге артқан.

Жарты жылда 8,3% өсіммен негізгі капиталға 300 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылуы облысымыздың инвестициялық тартымды аймақ екенінің дәлелі. Оның дені, атап айтқанда, 85%-ы – жеке инвестициялар. Қазірдің өзінде 2 трлн. теңгеге 44 жоба жүзеге асырылуда десек, осы арқылы 13 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Жалпы, биыл 14 жаңа өндіріс орны ашылады деген жоспар бар. Оның бесеуі іске қосылған.

Айта кетер тағы бір жаңалық, облысымызда автобус өндірісі де қолға алынды. Жыл соңына дейін Саран қаласындағы бұрынғы резина-техникалық бұйымдары зауыты базасында қытайлық «Yutong» компаниясының қатысуымен автобустар мен арнайы техника өндірісі бойынша жобаны іске асыруды бастаған. «Yutong» әлем бойынша көшбасшы компаниялардың қатарында екенін де айта кету керек.

Сондай-ақ, аталмыш зауыт биылдан жылына 3,5 млн. автокөлік шиналарын өндіру жобасын да бастаған. Жобалар сәтімен іске қосылып, өнім беруді бастаса, облыс экономикасын әртараптандыруға оң әсерін тигізеді және машина жасау үлесі 2 есеге артпақ.

Жыл басынан жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 88 400-ге жеткен. Экономиканың маңызды ағзасы – шағын және орта бизнеспен айналысатын тұрғындар 35%-ды құраған. Осы салаға құйылған инвестиция көлемі де 20%. Бұл туралы облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов мәлімдеді.

Кризиске қарсы шаралар аясында 30 мыңға тарта кәсіпкер салық, банк кредиттері мен жалға алу құнынан босатылғанын да айту керек. Бұл өз кезегінде аймақтағы шағын және орта бизнес өкілдерінің тұралап қалмай, кәсіптерін әрі қарай дөңгелетулеріне мол мүмкіндік берді.

Аппараттық кеңесте әлеуметтікэкономикалық жағдайды сақтау бойынша дағдарысқа қарсы жоспар туралы да айтылды. Оған 119 іс-шара кірген. Жоспар бизнесті қолдау және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар пакетін қамтиды.

Осы орайда облыс әкімі Жеңіс Қасымбек басым бағыттардың бірі ретінде жаңа жұмыс орындарын ашу мен жергілікті өндірушілерді қолдауды атады. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуын бақылауды күшейтуді тапсырған аймақ басшысы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына ерекше назар аудару қажеттігін де ескертті.

Халықты орталықтандырылған ауыз сумен және су бұрумен қамтамасыз ету де билік назарында. Бұл үшін 95 жоба жүзеге асырылуда. Демек, биыл қала тұрғындарының 98%-ы, ауыл тұрғындарының 87%-ы орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізеді. Ал, 2021 жылға қарай қала халқы, 2023 жылға қарай ауыл халқы 100% ауыз суға жариды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы да облысымызда республикамен салыстырғанда біршама төмен екенін айту керек.

Облысымызда негізгі көрсеткіштер бойынша өсім қамтамасыз етілді. Осы қарқынды баяулатуға болмайды. Қазақстандық өнімді алға жылжытып, жергілікті мазмұнды қамтуды арттыру үшін жұмыс істеу қажет. Міндет – экономиканы қалпына келтірудің барлық шараларын қабылдау, тұрақтылықты сақтау және жыл қорытындысы бойынша барлық жоспарланған көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету, – деді Жеңіс Қасымбек мәжіліс соңында.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button