Құрбандарды еске алды
Кеше Жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Ақорда резиденциясының алдында коронавирус індетінен көз жұмған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Еске алу рәсіміне ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев, Президент Кеңсесінің бастығы Нұрлан Онжанов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қатысты.
Індет құрбандарын үнсіз еске алу рәсімі республиканың барлық аймағында өтті. Құрбандарға тағзым шарасын республикалық арналар тікелей эфир арқылы көрсетті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев індеттен қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Бұл туралы Елбасының ресми сайты хабарлады.
«Құрметті қазақстандықтар! Бүгінде Қазақстан бұрын-соңды болмаған күрделі ахуалмен бетпе-бет келіп отыр. Қауіпті індет біздің қалаларымыз бен ауылдарымызға тарап, өкінішке қарай, адам шығыны орын алып жатыр. Мемлекет басшысының шешімімен 13 шілде коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу – Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Алапат дерт біздің адамдарымыздың өмірін қиып әкетуде. Бұл бәріміздің қабырғамызды қайыстырып отыр. Әрбір кісі өлімінің артында қара жамылған біраз адамның – әкелер мен аналардың, қыздарымыз бен ұлдарымыздың, дос-жарандарымыздың қайғы-қасіреті тұр. Мезгілсіз қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Біз береке-бірлік пен тұтастықтың арқасында талай сынақтан сүрінбей өттік. Бұл қиындықты да ел болып еңсереміз деп сенемін» делінген көңіл айту хабарламасында.
Өз тілшімізден.