Жаңалықтар

Тас уатып, табыс тапқан

Атқан таңмен таласа бір топ журналист Осакаров ауданын бетке алып бара жаттық. Нұр-Сұлтан мен Қарағандының қақ ортасында орналасқан ауданның аумағына кіргеннен элеваторлар мен диірмендер көзге жиі түсті. Осыдан-ақ, аудандағы тіршіліктің басым бөлігі егіншіліктен тұратынын аңғарасыз. Ал, астықты өңірде Бауыржан СЕРІКБАЕВ есімді кәсіпкер қиыршық тас шығаратын зауыт ашып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда келудегі мақсатымыз – осы «Болашақ – МТ» ЖШС-нің зауытының жұмысымен танысу. Бізді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Дана ҚАЙРОЛЛАҚЫЗЫ күтіп алып, зауыт иесі Бауыржан Қайырбекұлымен таныстырды. Әрі қарай аудан орталығына 5 шақырым жердегі зауытты көрмекке жол тарттық.

Тас жолдан қара жолға түсіп, бірнеше дөңді асып, зауытқа да жеттік. Жолай зауыттың өз өнімімен мұнда келетін жолдың жасалып жатқанына да куә болдық. Өйткені, кәсіпорынның өнімін сатып алуға келушілерге дұрыс жол жасап беруді ұйғарған кәсіп иелері.

Қызу жұмыс жүріп жатыр екен. Кіреберісте алып таразы тұр. Онда сатылатын өнім өлшенеді. Арнайы бөлмедегі экраннан қиыршық тастың салмағы көрініп тұрады.
Сол маңда жұмысшылар жататын үй-жайы да бар. Оны да аралап көрдік. Кәсіпкер бұл жағын да сақадай сай қылып қойыпты. Бірнеше бөлмеден тұратын үйдің әр бөлмесі 2 жұмысшыға ықшамдалған. Төсек орын, үстел бәрі бар. Кіреберісте киім ауыстыратын бөлме жеке. Одан бөлек, әжетхана, жуынатын орын тұр. Әрі өтсеңіз – асхана. Барлық қажетті жабдыққа толы. Үш мезгіл ыстық тамақ дайын. Екі аспазшы 7 күннен кезектесіп жұмыс атқарады. Еңбекақылары да жұмысына лайық әрі уақытылы төленеді. Одан әрі дәліздің екі жағында жатын бөлмелер қаз-қатар орналасқан.

Қазір мұнда 17 адам жұмыс істейді. Біреуі – директордың орынбасары. Екінші басшы осындағы барлық жұмысты қадағалап, бас-көз болып, жұмыскерлердің қауіпсіздігін мұқият қарап жүреді. Қалған 14 адам 2 топқа бөлініп, 2 күннен кезектесіп, қызмет атқарады. Яғни, бір бригада 2 күн істесе, 2 күн демалады. Сонда әр жұмыскер айына 15 күн істеп, 15 күн демалады.

Ауыз суды осыған дейін үлкен бөшкелермен тасып келсе, жақында арнайы техникамен 70 метр тереңдікте жерді қазып, ауыз суын шығарыпты. Енді, сол суды үйге кран орнатып, тартып жатыр. Жұмыстар аяқталуға жақын. Су тартылса, титан орнатылып, жуыну мәселесі толық шешілмек. Себебі, шаңның арасында жүрген соң, жұмыстан кейін шайынып алу – маңызды. Оның үстіне, далада жел тұрса, зауыттың қызметкерлері шаңға оранып жүреді. Шайынса, өзін жақсы сезініп, шаршағаны басылады. Жұмысқа құлшынысы артады.

Жарық мәселесін де шешкен. Аудан орталығынан бағандар арқылы қажетті желі тартып, орталық станцияны орнатып алған. Өйткені, алып құрылғы жұмыс істеуі үшін тоқ жағынан мәселе туындамауы керек.

Сонымен қатар, техникалардың саймандарын сақтайтын бірнеше контейнер тұр. 200 шаршы метр аумақты қамтитын база салынуда. Қазір баздың қабырғасын тұрғызып жатыр. Онда техникаларды, әсіресе, қыстың күні қою – өте маңызды. Қатты аязда далада техниканы от алдыру да оңай емес. Жазда далада тұра береді. Барлық жағдай сақадай сай болса, жұмыс та өзінен-өзі жүре берері анық.

Сондай-ақ, әзірге зауыт шаруашылығында қажетті тастарды қазатын, артатын және таситын 5 бірлік техника бар. Болашақта зауыттың жұмысы дамып, өнімділігі артса, техниканың санын қажеттілігіне қарай көбейтіп, тағы да 14 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр екен.

– Осындай мүмкіндік болып тұрғанда кәсіпті бастап жібердік. Былтыр зауыттың техника, жабдықтарын әкеліп, негізін қалай бастадық. Бұдан бөлек, 20 гектар жер алып, оны мамандар зерттеді. Қай жерде жақсы тас бар екенін. Кейін елге зиянын тигізбей, сол жерде 87,920 текшеметрлік жарылыс жасадық. Қазір сол карьерден тасты алып, осы алып құрылғы арқылы қиыршық тас дайындап жатырмыз. Жалпы, жобаны аяққа тұрғызуға 450 млн. теңге қаржы кетті. Оған тоқ желісін тарту, су шығару, трансформаторды және алып құрылғыны орнату сынды толып жатқан жұмыс кіреді. «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемле- кеттік бағдарламасы аясында Форте банктен 14%-бен несие алдық. Көп уақыт кеткен жоқ. Жылдам рәсімдеп берді. Енді, «Даму» қоры сол 14 пайыздың
8 пайызын субсидия ретінде несие төлегенде өтеп отырады. Бұл – үлкен көмек. Осындай мүмкіндік жасап отырған үкіметке үлкен алғыс айтамыз. Тасты ұсақтайтын алып құрылғыны Қытайдан тапсырыспен алдырдық. Оның жұмыс істеуін бас оператор қадағалайды. Өзім жиі келіп тұрамын. Басында апталап жаттым осында. Қажет болса, жұмысшылармен бірге қонамын. Қолайлы орын тауып, құрылғыны орналастыру да оңай емес. Жұмыскерлерді қабылдадық. Биыл көктемнен зауыт іске қосылды. Күніне шамамен 1 мың тонна тас үгітеміз. Жылына орташа есеппен 202-230 тонна өнім шығаруды жопарлап отырмыз. Өйткені, зауыт тоқтаусыз жұмыс істей алмайды. Мереке күндері бар және арасында ауа райына байланысты жұмыс тоқтап қалуы мүмкін, – дейді зауыттың құрылтайшысы әрі директоры Бауыржан Серікбаев.

Сонымен, аталған зауыттан 3 түрлі өнім шығады. Сол өнімдер туралы білу үшін зауыт директорының орынбасары Руслан Қасымбаевты әңгімеге тарттық.

– Табиғи тастарды құрылғыға техниканың көмегімен салып, қиыршық тасқа, яғни, құрылыс материалына айналдырамыз. Оның ішінде, әртүрлі өлшемдегі қиыршық тастар бар. Алдымен, бункерге үлкен тастар төгіледі.
Ол тастар ұсақтаушы құрылғыға түседі. Ол жерде майдаланған тас, роутерға өтеді. Онда тағы да ұсақталады. Әрі қарай 3 түрлі өлшемді сеткаларға барады. Езілмей қалған тастар лента арқылы қайта айналып келіп, роутерға түседі. Езіліп, тағы сеткаға кетеді. Сеткадан 20,40 һәм 5,20 және отцеп дейтін үш түрлі өнім шығады. Оны осы маңдағы жергілікті халық және Қарағандыдан бөлек, Ұлытау, Ақмола, Павлодар сынды көрші облыстардан келіп, сатып алады. Өнімдер әртүрлі құрылысқа пайдаланылады. Тасымалдау жасамаймыз, тұтынушылар өздері алып кетеді. Ауа райы жақсы кезде карьердегі тасты жақындатып төгіп аламыз. Қазатын техника сынып қалса немесе ауа райы қолайсыз болса, сол дайын қорды пайдаланамыз. Мұнда шебер, оператор, дәнекерлеуші, электрик және әртүрлі жұмыстарды атқаратын қарапайым жұмысшылар бар. Әзірге таңертеңнен кешке дейін 12 сағат жұмыс істейміз. Кешке демаламыз. Жұмыскерлер бригадасы 2 күн сайын ауысып отырады. Сонда айына 15 күн жұмыс істейді. Кейбірі жатып істесе, кейбірі аудан орталығынан қатынап жұмыс атқарады. Жалақылары жақсы, еңбегіне лайық әрі уақытылы. Қосымша жұмыс істесе, үстеме ақы алады. Көбісі жергілікті тұрғындар. Алдағы уақытта тағы 14 адам алып, түнгі ауысымда да жұмыс істеу ойымыз бар. Қалдықтар да жолға немесе қажетті жерлерге пайдаланылады. Өнімнің сапасы – өте жоғары. 5,20 қиыршық тастың тоннасы – 3200 теңге, 20,40 шағал тастың тоннасы – 2800 теңге және отцептің тоннасы – 1000 теңгеден. Алда баға өсуі мүмкін. Өйткені, күннен-күнге шығын өсіп жатыр. Бірақ, біз әзірге сол бір бағаны ұстап отырмыз. Халық келіп, қуана алып жатыр, – деді Руслан Асанұлы.
Біз сонда болған 1-2 сағаттың ішінде 4-5 «КамАЗ» келіп, өзіне керекті қиыршық тастың түрін сатып алып кетті. Жұмыс қайнап жатыр. Зауыттан 3 түрлі өнім шығуда. Қолма-қол сатылып жатыр. Болашақта жүздеген жұмыскерді қамтитын алып өндіріс ошағына айналуы да мүмкін. Бірақ, ол үшін әлі біршама тер төгілуі керек.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button