АймақПриозерскСпорт

«Арсенал» көш бастады

Жуырда Приозерскіде шағын футболдан жастар арасында турнир өтті. Жарысты Приозерск қаласының жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.

Шағын шаһардың бірнеше футбол командасы бұл жолғы жарысқа ерекше дайындықпен келгендігін байқатты. Қызықты әрі тартысты ойындар нәтижесінде жартылай финалға шыққан командалар арасында ойын қыза түсті. Екі бірдей кездесу тең аяқталып, жеңімпаздар тек ойын соңындағы пенальтилер сериясы арқылы анықталды. Финалда «Арсенал» мен «Тұлпар» кездесті. Бұл матчта тартысты өрбіді. Ойын барысында бағы басым түскен «Арсенал» командасы қалалық турнирінің чемпионы атанды.

Ал, II орынға «Тұлпар» командасы, III орынға «Қайсар» командасы тұрақтады. Жеңімпазбен жүлдегерлерді «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дулат Дүйсембаев пен Приозерск қаласының жастар ресурстық орталығының директоры Ұлан Алмас марапаттады. Оза шапқан «Арсенал» командасы кубокпен, медальдармен қаржылай сертификатпен марапатталды. Екінші және үшінші орын тұғырына көтерілген командалар да қаржылай сыйлыққа иелік етті.

Турнирдің «Үздік ойыншысы» аталымымен Мейман Мамедов марапатталса, Алмат Ибрашов ойынның «Үздік шабуылшысы» деп танылды. Жарыста ерекше ойнап, шеберлігін паш еткен Қадыр Мырзалиев «Үздік қақпашы» атанса, турнирдің «Үздік қорғаушысы» сыйлығымен Ерлан Мырзалиев марапатталды. Сонымен қатар, «Ең әдемі гол» номинациясы – Пейман Мамедовке, «Үздік төреші» номинациясы – Абу Давлетьяровке табысталды.

Нұрдос КӘРІМ.

ПРИОЗЕРСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button