PISA: «Әлемді ғылым ғана өзгертеді»
Қазіргі таңда заман талабына сай кез келген мектеп оқушылары XXI ғасыр дағдыларын меңгерген, өз бетінше өмір сүруге дайын болуы тиіс. PISA–15 жастағы оқушылардың математикалық, оқу және жаратылыстану-ғылыми сауаттылық деңгейін бағалауға арналған халықаралық зерттеу орталығы.
Бұл зерттеудің мақсаты: міндетті жалпы білім алған оқушылардың қоғамда толыққанды жұмыс істеу үшін қажетті білімі мен дағдыларын (функционалдық сауаттылығын) бағалау болып табылады.
Жалпы 2021 жылы өткізілетін PISA зерттеуі оқушылардың математикалық сауаттылығы мен креативті ойлау дағдыларын бағалауға бағытталған. Әртүрлі елдердің білім беру жүйелері оқушыларды жеке, қоғамдық және кәсіби өмірдің барлық салаларында математиканы қолдануға қаншалықты тиімді дайындайтынын бағалайды. Әртүрлі жағдайларда кездесетін практикалық міндеттерді шешу және математикалық пайымдау дағдыларына ерекше назар аударылатындығы айтылуда. Олар: жүйелі әрекет ету жүйесі; қарапайымнан анағұрлым күрделіге дейін әртүрлі әдіс-тәсілдерді іске асыру; қарапайым, орынды, қолайлы, жинақы, ықшам немесе айрықша шешімдерді таба білу – практикалық міндеттерді шешу болса, ал «ойлау», «белгілі бір тақырыпқа қатысты кең ауқымда сөйлеу»; логикалық қисынды ойлай білу; дәлелдерді сенімді тұжырымдау – математикалық пайымдау болып табылады.
PISA жобасы әртүрлі білім беру жүйелерін салыстыруға және ұлттық білім беру стратегияларын әзірлеуде экономикалық ынтымақтастық даму ұйымы (ЭЫДҰ) жетекші елдерінің тәжірибесін пайдалануға мүмкіндік береді. Аталған зерттеу үш жылдық циклмен өткізіледі, әр цикл сайын басымдық берілетін бағыт белгіленеді.
Осы кезге дейін өткізілген жылдағы PISA зерттеуі аясында бағаланған дағдылар: оқу сауаттылығы; оқығанды түсіну және алған білімін қолдана білу; тапсырмаларды талдай білу дағдысы; сын тұрғысынан ойлау дағдысы; өз түсінігі мен шешімін ұсына білу дағдысы болып табылады. Мұндағы тестілеуде – оқушыларға таныс емес, нақты жағдайлар ұсынылды; кіріспе ақпарат көлемі ауқымды, көбіне әдеттегі мектеп тапсырмаларының шарттары емес, ғылыми-көпшілік мәтіндер берілді; тапсырмалар тақырыптық бөліктерге топтастырылып өз ішінде бірқатар «сюжеттер» таратылады; көптеген тапсырмаларда нақты деректер келтіріліп, кесте, сызба немесе диаграммалар түрінде берілген; тапсырмалардың шамамен 30%-ы қоршаған орта (экология) проблемаларына арналған.
«Адамның ұлылығы – оның ойлай білу қабілетінде» (Блез Паскаль), – дегендей болашақ жас ұрпағымыз терең ойлап, шынайы өмірдің мәтіндік категориялары негізінде тұлғалық, қоғамдық, кәсіби және ғылыми түрде ғылым туралы объективті шындыққа ұмтылатын риясыз ілім алып өз еліне еңбек ете берсін.
Гүлбахар РАХМАНОВА,
Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының аға менеджері.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.