АймақҚарқаралы

Тың міндеттер межесі

Қарқаралы ауданы әкімдігінде «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының кезектен тыс XXIV конференциясы өтті. Конференцияға партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттағы партия фракциясының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Қадиша ОСПАНОВА арнайы қатысты.

Конференция жұмысын бастамас бұрын, медицина саласының ардагері Әния Нұрмағанбетованы «Дәрігерлерге мың алғыс» акциясы аясында партия атынан марапаттап, сый-құрмет көрсетті. Конференцияны партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Орынбасар Қыстаубаев ашып, күн тәртібіндегі мәселелерді атап өтті. Жиынға облыстық мәслихаттың депутаты Саят Оспанов, аудандық партия филиалы саяси кеңесінің мүшелері, мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері қатысты. Делегаттардың өкілеттіліктері бекітіліп, мандат комиссиясының төрағасы Қанат Дүйсембаев хабарлама жасады. Конференцияның күн тәртібіне «Nur Otan» партиясы Қарқаралы аудандық филиалының төрағасын сайлау мәселесі шығарылды. Осы орайда, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова аудандық партия филиалының төрағалығына аудан әкімі Эльдар Дүйсетаевтың кандидатурасын ұсынып, қысқаша өмірбаянымен таныстырды. Конференция делегаттары аудандық партия филиалы төрағалығына бір ауыздан Эльдар Дүйсетаевты сайлады. Өзіне зор сенім көрсеткендеріне ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта партияның аудандық филиалының жұмыс сапасын арттыру, әрі жандандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізетінін баяндады. Делегаттардың қолдауымен ол, сондай-ақ, аудандық филиалдың Саяси кеңес және Саяси кеңес бюросының мүшелігіне енгізілді.

Конференцияда «Nur Otan» партиясы Қарқаралы аудандық филиалының Саяси кеңесі құрамына, сондай-ақ Саяси кеңес бюросы құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, қаулы қабылданды.

Партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары алдағы науқан праймеризге дайындық барысы жөнінде қорытынды есебін жасады.

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары аудандық мәслихат депутаттарымен, аумақтық ұйымдастыру комитеті мүшелерімен және санақшылармен кездесіп, сұрақтарға жауап берді. Алдағы науқанда зор жауапкершіліктің жүктелетінін баса айтты.

Сонымен қатар, жастармен жүздесіп, қала басындағы құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысандарды аралады. Қарағайлы кентіндегі жаңадан пайдалануға берілген отбасылық дәрігерлік амбулаторияда және «Ауыл ел-бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан №16 орта мектепте болды.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button