РесмиҮкімет

Мандат – мансап емес, мақсат

Кеше ел аумағында Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы өтті. Қолданыстағы Заңға сәйкес, Сенат депутаттарын жергілікті мәслихат (облыстық, қалалық, аудандық) депутаттары сайлайды. Бұл жолғы саяси бәсекеде үш үміткер бақ сынасты. Атап айтсақ, «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС директоры Андрей ЛЯПУНОВ пен «Арселор Миттал Теміртау» АҚ көмір департаменті «Шахтинская» шахтасының директоры Игорь АХМЕЕВ өзін-өзі ұсынған. Ал, Парламент Сенатының осыған дейінгі депутаты Сергей ЕРШОВТЫ Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Абай аудандық мәслихат депутаттары ұсынды.

Дауыс беруге аймақтың барлық қала, аудандарының және облыстық мәслихаттың 275 депутатының 270-і қатысты. Бұл – барлық дауыс берушінің 98%-ы. Дауыс беруге қатыспаған бесеудің нақты себептері бар.

Биыл індетке байланысты сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары онлайн жүргізілген.

Алдымен, облыстық орталық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағамбетов бастаған 7 адамнан тұратын комиссия мүшелері сайлаудың өткізілу тәртібімен таныстырды.

Сайлаушылар әдеттегідей арнайы кабиналарда жабық дауыс беру арқылы өз таңдауларын жасады.

Сайлау барысын бақылаушылар қадағалап, сайлау заңдылықтарының сақталуын бақылап отырды.

Карантин талабы бойынша арақашықтық сақталып, бетперде, қолғап кию басты назарда болды. Науқан ашық өтті.

– Қазір әріптестеріммен бірге еліміздің жарқын болашағы үшін таңдау жасаймыз. Әр кандидаттың өмірбаяны мен қоғамдағы белсенділігімен жақсы таныспыз. Өз жүрек қалауымызбен дауыс береміз. Сенат депутатына зор міндеттер жүктеледі. Ол демократиялық принциптерге негізделген пайдалы заңдар қабылдауға қатысып, халық аманатын жоғары жаққа жеткізеді. Үміткердің қай-қайсысы да сенім артуға лайық азаматтар деп білеміз, – деді облыстық мәслихат депутаты Бекзат Алтынбеков.

Дауыс беру аяқталған соң, барлық шараға қатысушылардың көзінше жәшік ашылып, дауыстар саналды. Облыстық сайлау комиссиясының тиісті хаттамасы ашық түрде жасалып, тіркелді.

Сайлау қорытындысында Андрей Ляпунов – 28 (10,49%), Игорь Ахмеев – 17 (6%), ал, Сергей Ершов – 222 (83,15%) дауысқа ие болды. Сергей Ершов сенатор мандатын сақтап қалды және жоғары палата құрамына екінші мерзімге сайланды.

Нәтиже Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық орталық сайлау комиссиясына жіберілді.

ОСК сайлаудың соңғы нәтижелерін 18 тамызға дейін жариялайды.

Сайлау туралы заңнама бойынша 30 жастан асқан, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан азаматы сенатор бола алады. Сенат депутаты тиісті облыс, республикалық маңызы бар қала не республика астанасы аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұруы тиіс. Сенатордың өкілеттік мерзімі – алты жыл.

Көп дауыспен асығы алшысынан түсіп, ел үмітін арқалаған Сергей Ершовтың жұртына мінсіз қызмет етуін тілеп тарқастық. Өйткені, мандат – мансап емес, мақсат.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button