Қазақ даласында сауда элитасын қалыптастырған Қоянды жәрмеңкесінің маңызы зор. ХІХ ғасырдың аяқ шенінде орыс көпесі Варнава БОТОВТЫҢ ұйымдастыруымен 1930 жылдарға дейін сауда көрігін қыздырған орталық әр ұлттың құндылықтарын паш етті. Бұл жерде тек экономика, сауда саласы ғана дамыған жоқ, мәдениет саласының дамуына да үлкен ықпалы болды.
Есімдері елге белгілі өнер саңлақтары, жауырыны жерге тимеген алып күштің иелері бас қосқан думанды орталықта ұста-шеберлері де төрден орын алды. Сол кезден қалған жәдігерлерді аудан аумағындағы тұрғындардан жиі кездестіруге болады. Бүгінде басым көпшілігі қолда бар бұйымдарды музейлерге тапсырған. Сондай жәдігердің бірі, Егіндібұлақ тарихи-өлкетану музейінің «Этнография» залында сақталған – асадал.
Қазақ халқының үй шаруашылығында қолданған құрал-жабдықтары, басқа да халықтар сияқты, өзінің тірлік-қарекетіне бейімделе жасалып, ғасырлар бойы еңбектерін жеңілдетіп, өнімін арттыруға қызмет етіп келгені мәлім. Қазақ тұрмысында ертеден-ақ ағаш ұсталығы жақсы дамыған. Халық шеберлері киіз үйдің сүйегін, арба, кебеже сандық, жүкаяқ, үстел, асадал сынды күнделікті тұрмысқа қажет дүниелерді жасаған. Соның бірі көнеден келе жатқан қазақтың ұлттық үй жиһазы – асадал. Асадал – тамақ және ыдыс-аяқ сақтайтын үй жиһазы, кебеженің бір түрі, «ас» және «адал» сөздерінен құралған, «астың адал, таза сақталуы» деген ұғымды білдірсе керек.
Асадал түркі халықтарының арасында кең тараған жиһаз болып табылады және қазіргі таңдағы «шкаф» формасына келеді.
– Музейімізде сақталған бұл жәдігер Арқа төсінде 82 жылдық дүрілдеген тарихы бар атақты Қоянды жәрмеңкесінен алынған. Жасалған уақыты XIX ғасырдың соңы. Ашпалы екі есігі және ішкі бөлігінде сөрелері бар. Жиһаздың беті сүйекпен оюланып әшекейленіп, әр түрлі бояумен сырланған. Музейге 1990 жылы Бастал бөлімшесі сыйлаған. Қазіргі таңда музей қорында сақтаулы – дейді, Егіндібұлақ тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Бахтияр Жүнісбеков.
Қоянды жәрмеңкесі кезінде пайдаланған ақша сақтайтын сейфтер аудандық музейде тұр. Ал сол кездері қойма болған ғимараттың басым бөлігі сақталған. Тастан қаланған құрылыстың бір ерекшелігі арада қанша жыл өтсе де қабырғалары құлап қалмаған. Темір қақпасының қаз-қалпындағы күйі, металл сапасын көрсетеді. Көне тарихтың куәсі болған Қоянды жәрмеңкесі жәдігерлерінің қатары келешекте де толыға түседі деген сенім мол.
Сағыныш ӘБІЛ.
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.