«Өзге тілдің бәрін біл…»
Адамзаттың екінші ұстазы атанған Әл-Фараби бабамыз 70-тен астам тіл біліпті. Соңына ұшан-теңіз мұра қалдыруына, адамзат игілігі үшін тың дүниелер жасауына оның көп тіл білгендігінің әсері болғаны сөзсіз. Ол көптеген ғылым салаларына қалам тербеп, саналы ғұмырын білім-ғылымға арнады. Ал, қазақтың ұлы ойшылы Абай да араб, парсы, татар сынды бірнеше тілге жетік болса, ұлтымыздың біртуар перзенті Нығмет Нұрмақов орыс тілі мен түркі халықтарының тілдерін өз ана тіліндей біліпті. Бүгінде осындай ұлылардың еңбектерін толық түгендеп, мәнін әлі жете ұға алмай жүрміз…
ТІЛ ҮЙРЕНУДІҢ ПАЙДАСЫ
Әр дамыған тіл сол тілде сөйлеп, жазатын халықтардың білім-ғылымына апарар алтын қақпа іспетті. Ағылшын, қытай, араб, француз, орыс, испан, түрік сынды көп таралған тілдерді үйренген адамға басқа тілдерді үйрену қиындық туғызбайды. Мысалы, түрік тілін толық үйренсе, соған ұқсас тілдерді меңгеру оңай екені түсінікті. Бабаларымыз өздері өмір сүрген дәуірдің дамыған тілдерін жетік білген.
Көркем әдебиет оқитын болсақ та, аударма арқылы оқимыз. Түпнұсқадан оқитын қауқар керек. Әдебиетіміз сонда дамиды. Қазақтың біртуар ақын-жазушылары өз туындыларын шетел тілдеріне өзі аудара алатын деңгейі болса, шіркін. Өйткені, өзгелер автордың айтқысы келгенін жеткізе алмайды. Жай ғана мысал. Еліміздегі ақын-жазушылардың санаулысы ғана ағылшын тілін біледі екен…
Алайда, көп тіл білгеннің бәрі ғұлама емес. Әңгіме – сол білімін өз жұртының игілігіне жаратқанында.
ҰСТАЗДАР НЕ ДЕЙДІ?
Оқушы кезімізде орыс, неміс тілдеріне немқұрайлы қарайтынбыз. Бұл баршаға мәлім жайт. Кейін ағылшын тілі оқытыла бастады. Өзім орыс тілінде білім беретін мектепте қазақ тілінен дәріс бергенімде орыс балаларының қазақ тілі сабағын күнделіктеріне «каз.яз» деп жазғанын көріп, оқушы кезім еске түсті. Сөйтсем, мектеп қабырғасында өзге тілді үйренудің маңызын түсінбеппіз. Әйтпесе, шет тілдерді мұқият меңгеріп алар едік. Қарағанды қалалық білім бөлімі мамандарының айтуынша, ағылшын тілі бастауыш сыныптарда аптасына 2 сағат, ал, жоғары сыныптарда 3 сағат оқытылады екен. Ата-аналар балаларының шет тілдерді меңгеруіне тапқан-таянғандарын аямайтынын да көріп жүрміз. Алайда, кей оқушылар осындай қамқорлықты сезіне бермейтіні өкінішті.
– Ағылшын және қытай тілдерін білемін. Көркем әдебиеттерін де оқи аламын. Кейде шетелдерді айтпағанда Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына барғанда ағылшын тілін білгенімнің көп көмегі тиеді. Ал, көпшілік шет тілін үйрену қиын деп ойлайды. Шын талаптанса, қиын түгі де жоқ. Миға күнделікті салмақ салып, қозғап, ой еңбегіне бейімдеу керек. Шәкірттерімнің талпынысы жақсы. Тіл үйренудің маңызы мен артықшылығын сабақ барысында түсіндіріп, қызықтыру үшін түрлі әдіс-тәсілдер қолданамын, – дейді Қарағандыдағы №13 орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Гүлжамал Қанатқызы.
Ал, Қарағанды мемлекеттік университеті шетел тілдері факультетінің оқытушысы Ақбота Төлеужанның айтуынша, шет ел тілі мамандығына білім алатын студенттер базалық және грамматикалық ағылшын тілімен қоса, басқа да сабақтарды оқиды. «Кредиттік технологиямен жүзеге асатын оқыту процесінде түрлі деңгейдегі студенттер бірдей білім алады. Оларға тіл ерекшеліктері дәрістерімен қоса, Британия мен Американың көркем әдебиеттерін оқытамыз. Сол арқылы тереңдете бойларына сіңіреміз. Бейнежазба, фильмнен үзінді және тағы басқа көрнекіліктерді қолданамыз» деді ол. Қаламыздағы облыстық кітапханаларда да тегін ағылшын тілі курстары бар. Қазір карантин кезінде де олар онлайн режимде жұмыс істеп тұр. Облыстық Гоголь кітапханасында 3 жылға жуық уақыт жұмыс істегенімде, сол тегін курсқа қатыспағаныма әлі өкінемін. Енді, «ештен кеш жақсы» деп, өздігімнен үйренудемін. Көмекшім – Ернат Мэлсұлының «Ағылшынша тіл сындыру» атты ағылшын тілін үйрену құралы.
– Абай атамыз осы ХХІ цифрлық, жаһандану ғасырында өмір сүрсе, «Ағылшынша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі ағылшында (ағылшын тілді әлемде) тұр» дер еді. Шынтуайтында, қазір дүние жүзінде қорғалатын ғылыми еңбектердің 85 пайызы ағылшын тілінде жарияланады. Сонда өзге тілдердің үлесі барлығын қосқанда 15% болып тұр.
Осылайша, ағылшын тілі – дүниежүзілік озық ғылым мен технология әлеміне даңғыл жол ашуда. Және ұлттық болмысымызды жалпақ әлемге кеңінен танытуға зор мүмкіндік туады. Жеке адам ең алдымен жоғары жалақылы жұмысқа қол жеткізеді. Жер-жаһанды аралауға, ел көруге жағдай тудырады, – дейді, «Qazaq English» орталығының директоры Ернат Мелсұлы. Жалпы, Ернат Мелсұлының «Абай арқылы ағылшынша үйрен» әдістемесі, «Ағылшын – ауыл үшін», «English plus Motivation» жобалары көптеген жандардың тіл үйренуіне септігін тигізіп отырғанын атап өткен жөн.
БАСҚАРМАНЫҢ БАЙЫПТЫ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ
Қарағанды – түбінде мегаполис болатын алып шаһар. Облыс аумағында туристік аймақтар да баршылық. Осы жағынан келгенде де, шет тілдерді меңгеру өте пайдалы болмақ.
Ал, облыстық тілдерді дамыту мәселелері жөніндегі басқарма, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында аймақтағы түрлі саладағы өзге этнос өкілдеріне де мемлекеттік тілді үйретеді. Облыстың 13 өңірінде орналасқан 6 оқыту орталығы мен 8 оқыту курсында мемлекеттік тіл 2020 жылдың І жарты жылдығында 1221 адамға қашықтықтан оқытылған. Оның ішінде, мемлекеттік қызметшілер – 268, құқық қорғау органдары қызметкерлері – 236, білім беру саласы қызметкерлері – 164, мемлекеттік қызмет көрсету саласы қызметкерлері – 227, медицина саласы қызметкерлері – 29, жеке тұлғалар – 297.
2019 жылмен салыстырғанда (1398) 0,06%-ға төмен. Себебі, биыл елдегі күрделі жағдайға байланысты, бірқатар өңірлердің оқыту курстары кейінге шегерілген.
Ағылшын тілі де аймақтың 13 өңірінде орналасқан 6 оқыту орталығы мен 8 оқыту курсында 2020 жылдың І жарты жылдығында 845 адамға онлайн оқытылды. Оның ішінде, мемлекеттік қызметшілер – 143, құқық қорғау органдары қызметкерлері – 69, білім беру саласы қызметкерлері – 89, мемлекеттік қызмет көрсету саласы қызметкерлері – 247, жеке тұлғалар – 297. Көрсеткіш 2019 жылға қарағанда (974) 0,08 %-ға төмен. Себебі түсінікті…
Сонымен қатар, шетел тілдерін де үйрете отырып, еліміздегі өзге этнос өкілдерінің өз ана тілдерін дамытуға да баса назар аударылады.
Аймақта 75 этно-мәдени бірлестіктің 24-і облыстық деңгейде жұмыс жасайды. Оның 21-інде жүргізілетін этно-лингвистикалық сыныптарға 3 мыңға жуық тыңдаушы қазақ және ана тілдерін оқып-үйренуге мүмкіндік бар. Орта білім беретін мектептер базасында факультативті сабақтар ретінде поляк, кәріс және татар тілдерін оқыту жұмыстары ұйымдастырылған. Бұған Қарағандының «Достық» үйіндегі республика бойынша алғаш ашылған «Мәміле» сұхбат клубы дәлел. «Мәмілеге» келушілер саны бүгінде 2 мың адамға жуықтаса, оның ішінде түрлі этнос өкілдері аса белсенділік танытуда.
Ал, қарапайым қала тұрғыны Мардан Асқарұлы бай тіліміздің ұмытылып бара жатқан ескі сөздерін де ұрпақ білуі керек деп есептейді. «Шетел тілін үйрене отырып, төл тілімізді тереңдете бойға сіңірейік. Ауыз әдебиеті мен жыраулар поэзиясын Әуезов, Мағауин сынды тілдік нәрі мол жазушылардың кітаптарын оқу керек. Сосын, құжат айналымын қазақыландырып, көшедегі қатесі қаптаған жарнамаларды түзетсек, тіліміздің мәртебесі өсер еді» – дейді ол.
ҮШТІЛДІЛІК ҰСТАЗҒА НЕ БЕРЕДІ?
Дерекке сүйенсек, үш тілде білім беру облыстың барлық аудандары мен қалаларында жүзеге асырылады. Онда 2018-2019 оқу жылынан бастап физика, биология, химия, информатика пәндері ағылшын тілінде оқытылуда. 264 мектепте вариативті компонент курстары есебінен оқытылады немесе сабақтарда оның элементтері қолданылады.
Бүгінде жаратылыстану-математика циклі бойынша 1646 мұғалім (60%) оқыту курсынан өткен. 2019 жылы оқытылған 710 мұғалімнің 241-і нөлдік деңгей болса, 469-ы тәлімгерлік деңгей. 2020 жылы қосымша тәлімгерлікке 178 мұғалім оқытылған.
Жаңа оқу жылынан бастап, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №191 бұйрығы негізінде, ағылшын тілінен халықаралық емтихан (тест) тапсыру туралы құжаты В1-ден кем емес немесе дипломдық қосымшасына сәйкес, пәндерді ағылшын тілінде оқытуға мүмкіндік беретін тілдік құзыреттілігі оқыту процесін толық атқаруға жетсе, базалық-лауазымдық жалақыға 200%-ға дейінгі мөлшерде қосымша ақы төленеді. Ал, ішінара оқытуға қауқарлы болса, базалық-лауазымдық еңбек ақыға 100 % қоса төленеді. Байқасақ, күн санап білімділер мен біліктілердің айы оңынан тууда.
Мамандардың айтуынша, 2019 жылы мұғалімдерге қолдау көрсету мақсатында ағылшын тіліндегі «Чат» жобасы іске қосылыпты. «Чат» өздігінен білім алуға арналған материалдарды іздеуге уақыты жетпейтін мұғалімдерге арналған. «Чат» арқылы мұғалімдер тілдік және әдістемелік деңгейлерін жақсарта алады.
Сонымен бірге, «оқыту тілі» мен «мақсатты тіл» ұғымдарының мағынасын ажырату маңызды. Еліміздің жалпы білім беретін мектептеріндегі оқыту тілдеріне – қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек, тәжік тілдері жатады. Мақсатты тілдерге – қазақ тілі, екінші тіл ретінде – орыс тілі және үшінші тіл ретінде – ағылшын тілі оқытылады.
Ал, француз тілінің маманы Жүніс Несіпғайшаның мәлімдеуінше, бір кездері романтика тілі болған – француз тіліне аймағымызда сұраныс аз. «Балқаш өңірінде 40 жылға жуық француз тілінен сабақ бердім. 5 жыл бұрын зейнетке шығарда ел бойынша француз тілін оқытатын 24 мұғалім бар еді. Теміртау мен Саран қалаларында білікті мамандар тұратын. 2012 жылы республикалық байқаудан Бас жүлде алып, Парижде 2 апта тегін оқып келдім. Француз тілі қазақ тіліне болмысы жақын, сондықтан балалар тез меңгереді. Бастысы тілді сүю керек және темірдей төзім қажет. Біздегі «ң» әрпінің француз тілінде 4 нұсқасы бар. Олар көбіне мұрынмен сөйлейді. Ағылшын тілінің 60%-ы француз тілінен алынған. Онда да 26 әріп. Түбі – латын тіліне тіреледі, – деді ол.
ТҮЙІН
Мәселені сан қырынан қаузадық. Айналып келгенде Қадыр Мырза-Әлінің «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» дегенінен асырып ештеңе айта алмадық. Иә, қазір мықтылығыңды тек ісіңмен дәлелдейтін уақыт. Бастысы – жолдан жаңылмау. Қанша тіл білсек те, дүниенің бар құпиясын ашсақ та, сол білімімізді туған елдің игілігіне жарату. Елдің тұтастығы мен сайын даламызды көздің қарашығындай сақтау үшін, әр қазақ баласы, бірнеше тіл мен техниканы жетік меңгерген, бәсекеге қабілетті, бай-қуатты болуы тиіс.
Жәлел ШАЛҚАР.