Биыл жоғары оқу орындары мен колледж түлектері электронды форматтағы дипломдар алады. Осы мақсатта 2,5 миллионнан астам диплом цифрландырылды. Тиісінше, білім туралы құжаттар Ұлттық білім беру деректер қорында сақталады. Бұл жөнінде Білім және ғылым вице-министрі Рүстем БИҒАРИ мәлімдеді.
– Қажетті нормативтік актілер қабылданды. Биыл барлық диплом электронды форматта беріледі. Ол не үшін қажет? Дипломдардың түпнұсқасын растау үшін жұмыс берушілермен қатар азаматтардың да көп уақыты кететіні жасырын емес. Білім және ғылым министрлігіне дипломдардың түпнұсқасын растау бойынша жыл сайын 500 мыңнан астам сұраныс келіп түседі. Ол жұмыс көп уақытты алады, – деді Білім және ғылым вице-министрі.
Вице-министрдің айтуынша, 1992 жылға дейін беріліп, БҒМ-де тіркелген дипломдар цифрландырылды. Олардың түпнұсқалығын онлайн режимде тексеруге болады. Сондай-ақ, білім туралы құжат дәстүрлі қағаз түріндегі форматта да қолжетімді.
– Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Біріншіден, бұл мемлекеттік үлгідегі жалған дипломдардың айналымын жоюға мүмкіндік береді. Екіншіден, жұмыс берушілерді жұмысқа орналасатын үміткерлердің біліктілігі туралы шынайы ақпаратпен қамтамасыз етеді, – деп атап өтті Рүстем Биғари.
Аяулым СОВЕТ.