Қызмет үдерісімен танысты

Облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ Абай ауданындағы қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеге жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында сол аудандағы психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі мен Шахтинск қарттар мен мүгедектердің медициналық-әлеуметтік мекемесінде де болып, жұмыс үдерісімен танысты.

Абай ауданындағы медициналық-әлеуметтік мекеме – 100 адамға арналған үш қабатты орталық. Жалпы бөлме саны – 52. Мұнда қазіргі таңда әр санатқа жататын, түрлі жас деңгейіндегі 93 адам тұрып жатыр. Олардың қатарында тыл еңбеккерлері де бар. Ең жасы үлкені – 93-те екен. Ғимарат 1968 жылы шахтерлерге арналған профилакторий ретінде салыныпты. Бұл жерге медициналық-әлеуметтік мекеме кейін қоныстанған. Орналасушылар арнайы жолдамамен келеді. Қариялар мен мүгедектерге 68 адам қызмет көрсетеді.

– Көпшілігінің туған-туыстары жоқ, кейбірінің жақындары бар. Олар ара-тұра келіп тұрады. Әр бөлмеде – екі-үш адамнан, – деді мекеме директоры Гүлназ Көкібасова.

Облыс әкімінің орынбасары жұмысты ұйымдастыру ахуалын зерделеп, қызмет көрсету шарттылықтарына тереңірек үңілді. Мейірім орталығының қажеттіліктеріне көңіл аударды. Жұмысты әлі де жүйелей түсуге байланысты ой-пікірлерімен бөлісті. Ұжым қызметкерлеріне ізгі істері үшін алғыс айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Оларды ғимаратты жөндеу жұмыстарына қажетті қаржының көп кешікпей, сұранысқа сай деңгейде бөлінетінін айтып, бір қуантты. Аталған мекемелерде Абзал Нүкенов қызмет көрсетулердің талапқа сай болуына көңіл аударып, қажетті кеңестер берді.

«Бұл жердегі адамдар – қоғамның мейірімі мен пейіліне зәру жандар. Сол себепті, оларға қашанда қол ұшын созуымыз қажет. Бұл, адами ұстаным шарттылықтарын айтпағанда, мемлекет саясаты, Мемлекет басшысының нақты тапсырмасының бірі», – деді Абзал Нүкенұлы.

– Менің жасым – 52 де. Бұл жерге осыдан екі жыл бұрын келдім. Мінезім ашық-жарқын болғандықтан барлығымен тез тіл табысып, жақын араласып кеттім. Қазір жағдайым жақсы. Қызметкерлердің жұмыс сапасына, ізеті мен ілтипатына ризамын, – деді Сергей Маев.

Ал, Зуфар Нығматуллин осында келгеніне 14 жылдан асып кеткенін айтады. Қазір 69 жаста екен. Қазақ тілін біршама меңгеріп алыпты. Мекеменің күтіміне, ас мәзіріне қояр талабы жоқ.

Абай қаласындағы психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінде 198 сырқат жандар тұрады. Мекеме ғимаратына 2018-2019 жылдары 111 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазір қызмет етушілер құрамында 136 адам бар.

Ал, Шахтинск қарттар мен мүгедектердің медициналық-әлеуметтік орталығы 1960 жылы пайдалануға берілген. Үш қабатты ғимаратта 106 адам тұрады. Штатта 76 қызметкер жұмыс істейді.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Ербол ЕРБОЛАТ.