Бас тақырып

«Жасыл ел» жастар жасағы имидждік формамен қамтамасыз етіледі

Аймақта биылғы ХХ жазғы еңбек маусымында 4800-ге жуық жас жұмыспен қамтылады деп күтілуде.  Ал, бұл республика бойынша ең үлкен көрсеткіш. Өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 1820 адамға артқан. Сонымен қатар, «Жасыл ел» жастар жасағын 100% имидждік формамен қамтамасыз ету де жоспарда бар.   

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

– Жоба бюджетінің негізгі үлесі фирмалық жабдықты тігуге тиесілі. Жинаққа қалпақ, футболка, куртка (бомбер) және шалбар кіреді. Биыл арнайы киімнің бір бөлігін дайындау үшін біз Қарағанды технология және сервис колледжімен келісімшартқа қол қойдық. Бір жағынан, жастарды имидждік формамен қамтамасыз етсек, ал, екінші жағынан – жергілікті өндірушілерді қолдаймыз, – деді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұржан Ілияш.

Колледж «Жасыл ел» жасақтары үшін имидждік  форманы тігуге тапсырысты алғаш рет алып отыр. Бірақ жергілікті өндірушілер екі жыл бойы жауынгерлерге арналған брендтік жабдықты тігіп келген.

– Біздің көлем – 500 жиынтық. Бес шеберхана бар. Оларда 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Атап айтсақ, студенттер, шеберлер бар. Жұмыс барысында біз студенттеріміздің дағдылары заманауи талаптарға қаншалықты сәйкес келетінін көре алдық. Болашақта алынған тәжірибе колледжге қосымша қаражат табуға көмектеседі, – деді Қарағанды технология және сервис колледжінің директоры Меруерт Мамырова.

Өндірістік оқыту шебері Гүлнар Жұминаның айтуынша, үлкен көлемге қарамастан, студенттер тапсырманы орындауда. Жұмысқа І-ІІІ курс студенттері жұмылдырылған. Шеберлер алдымен қалай тігу керектігін көрсетеді. Әрі өздері де көмектесіп, кеңес те береді. Гүлнар Жұмина өз сөзінде бұл дүниенің өздері үшін де, студенттеріміз үшін де үлкен тәжірибе екендігін баса айтты.

«Жасыл ел» жастар жобасын қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. Бұл жалақы деңгейін ұстап тұруға және қатысушылардың санын көбейтуге – үлкен мүмкіндік. Айта кетейік, осы еңбек маусымында жауынгерлердің шамамен 10%-ы мемлекет тарапынан ерекше қолдауды қажет ететін жасөспірімдер.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button