«Отандық оқу орындары – үздік нәтижеге ие»
Биылғы оқу жылында қыздар білім алатын «№2 «Білім-инновация» лицей-интернатын 43 түлек бітірсе, соның 9-ы «Алтын белгіге», 11-і үздік куәлікке ие болды. Талапкерлердің бәрі отандық университеттерде оқуын жалғастыруды көздеп отыр. «Білімге ұмтылыстарын еңбекпен ұштастырып, мақсат-мұраттарының бір асуын бағындырған білімді қыздар – мақтанышымыз» дейді лицей ұстаздары.
Оқушылардың бағындырғысы келген биігі мен көздеген межесі олардың білім-біліктілігінің деңгейін байқатты. Мәселен, биылғы түлек Ботагөз Төлегенова Орталық Азиядағы цифрлық трансформация саласындағы жетекші құзіреттілік орталығы – Aitu-Astana International Technical University-не IT менеджмент мамандығына түсуді мақсат етсе, Айжан Оңғарбайдың арманы – математика мұғалімі мамандығын меңгеру үшін С.Демирел атындағы университетке немесе Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетіне түсу. «Бүгінгі таңда ғылым мен техниканың шарықтап дамуы – инженерлік экономиканың барлық саласын қамтып отыр. Білім, мәдениет, өнер, тұрмыстың барлық қажеттіліктеріне инженерлер керек» дейді Айжан.
«Талаптының қанаты талмас» дейтін Дидар Зейтқазиева ынта-жігерінің арқасында Назарбаев университеті медицина факультетінің грантын ұтып алды. Зарина Бекбаеваның діттеген мақсаты – Aitu-Astana International Technical Universityнің ақпараттық технологиялар факультетіне түсіп, білікті маман болу. Ал, Шолпан Қонарбай Аitu-Astana International Technical University-нің бағдарламалық қамтамасыз ету немесе software engineering факультетін таңдаса, Әмина Исабекова AituAstana International Technical University, СДУ, ЕҰУ секілді жоғары оқу орындарының бірінде экономика немесе IT менеджмент мамандығы бойынша білім алғысы келеді. Дұрыс жоспар құрудың өмірлік маңыздылығын аңғарған Аружан Алтаева алдына бірнеше таңдау қойып отыр.
– Жалпы, еліміздегі оқу орындарының басым көпшілігі білімді дамыту жағынан үздік нәтижеге ие. Халықаралық деңгейдегі ғылыми-техникалық элита дайындау саласындағы республиканың жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Қазақстан-Британ техникалық университетінің (ҚБТУ) энергетика және мұнай-газ индустриясы факультеті. Сондай-ақ, СДУ педагогика факультеті математика мамандығы немесе Aitu-Astana International Technical University-нің ақпараттық технологиялар факультеті де білікті жастарды оқытып шығарады. Біз үшін таңдаудың да көп болғаны қуантады. Бұйырғанына тапсырамын, – дейді Аружан Алтаева.
Ерекше атап өтерлік жайт, үздік аттестат иегерлері Айдана Жұмағалиева мен Жансая Ислам Назарбаев университетінің инженерлік және сандық ғылымдар мектебі факультетіне, Ақнұр Болат Foundation дайындық бағдарламасына грантқа түсіпті.
Басқа да түлектер республикамыздың әр өңіріндегі бірнеше университеттердің грантына үміткер болып отыр. Нәтижелерге көз салсақ, білімі мен талабы қатар ұштасқан қыздар лицейінің биылғы көрсеткіші көңіл қуантады. Қазақстандық университеттердің мықты әлеуетін жан-жақты зерделеген мектеп бітірушілер замандастарына отандық оқу орындарын таңдауды ұсынады. Ата-аналар қауымы еліміздегі жоғары оқу орындарын таңдап, Отанына қалтқысыз қызмет етуді мақсат еткен балаларын мақтан тұтатынын айтады.
Аяулым СОВЕТ.