АймақҚарқаралы

Мердігерге сенім жоқ

Кеңес Одағының Батырлары – Мартбек Мамыраев, Петр Теряев, Cоциалистік Еңбек Ері Нұрбақыт Қабдыкәрімова, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров туған топырақтың тарихы тереңде. Жалынды жастары бар, берекесі мен бірлігі жарасқан ауыл.

Қазақтың қарашаңырағы атанып отырған ауылдарды көркейту үшін мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар қабылданып, қомақты қаражат бөлінуде. Ауылдарға жеткен қаражат жарықтандыру, абаттандыру, жолдарын жөндеу және түрлі алаңдар салуға жұмсалуда. Осылардың ішінде, ауыл халқының сұранысына сай болып отырғаны спорттық және балалар ойын алаңдары. Яғни, ауыл жастарының бір мезгіл бос уақыттарын тиімді өткізуі үшін қолайлы. Бұндай алаңдар – Мартбек Мамыраев ауылдық округінің орталығы Ақжол ауылында да бар. Былтырғы жылы пайдалануға берілген аталмыш нысандар ауыл халқының қуанышын еселеген еді. Бірақ, ұзаққа бармады…

Жақында, Мартбек Мамыраев ауылы жастарынан «NurOtan» партиясының аудандық филиалына өтініш түскен болатын. Өткен жылы салынған спорттық алаңдардың қирап, іске жарамсыз болып қалғандығы жөнінде. Аталмыш жайттың анығын білу мақсатында, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, төрағаның орынбасары Орынбасар Қыстаубаев, аудандық мәслихат депутаттары Манарбек Кәрім, Қанат Дүйсембаевтар ауылға барып, қайтқан еді. Ауыл әкімі Қайрат Жантурин және ауыл жастарымен бірге алаңдардың бүгінгі жағдайын көрді.

Былтырғы жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген футбол алаңының жабындары алынып, қоршаулары сынып, қақпалары қирап қалған. Тіпті бірнеше метр биіктікте орналасқан жарықшамдарының да сымдары үзіліп, істен шыққан. Ауыл жастарының айтуы бойынша, алаң талапқа сай салынбаған, әрі сапасы нашар. Аудандық бюджеттен бөлінген қаражатты тендер арқылы 7 млн. теңгеге ұтып алған «ЖАС-А 2001» ЖШС-і екен. Алаң жобалау сметалық құжаттарына сай жасалған. Дегенмен, 3D аталатын темір тор ала доптың тепкісіне шыдамай «түте-түтесі» шыққан. Спорттық жаттығу алаңындағы инвентарлардың да сапасы сын көтермейді. Біраз құрылғылар сынып қалған.

Ашуға мінген ауыл жастарының уәжі де орынды. Жалпы, бұл жерде жыл сайын бұндай алаңдар салына бермейді. Қолда бардың қадірін ұғып, ұқсатып ұстағылары -ақ келеді… Ауыл әкімінің айтуынша, келеміз, жөндеп береміз деген мердігер. Алайда, ауыл жастары сенімсіздік танытып отыр.

Мердігерлердің кепілдеме уақытымен алаңдарды қайта қалпына келтіруге мүмкіндіктері бар. Әзірге асығар емес… «Келеді, келеміз» деген дейді, ауыл әкімі. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік ауыл адамдарының алдындағы жауапкершілігін «уақыт оздырмай» түсінер деген үміттеміз. 

Сағыныш ӘБІЛ.

Қарқаралы ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button