Жаңалықтар

Зират басындағы қарт

81 жасқа келгенше өмірдегі бал мен удың талайының дәмін татып, бала-шаға, немере-шөбересінің қызығын көріп, «Армансызбын!» деп бақи дүниеге озған ауыл анасын ауыл халқы мәңгілік мекені болған жер қойнауына тапсырып жатты. 

Лақаттың беті жабылып, жиналған қауым кезектесіп топырақ сала бастады. Апамызбен 65 жыл отасып 84 жасқа қараған шамасында артында қалып бара жатқан  Атамыз кенет баршаның назарын еріксіз өзіне аударып еңкілдеп тұрып жылай бастады. Мұндай кезде көп жасап, көпті көріп, өмірдің ыстығы мен суығына әбден шыңалған ақсақалдың дауыс шығарып, жас балаша өксіп жылауы біртүрлі болатыны белгілі. Ал кей адамдар «Қайтсын-ай енді, 65 жыл бір шаңырақ астында бірге өмір сүрген екен, өзінің де төрінен көрі жақын қалған уақытында кемпірінің артында қалу оңай дейсің бе» десіп жатты.

Бірақ Атамыз сабыр сақтауды қойып дауысын қатты шығарып, боздатып тұрып сұңқылдай бастағанда бала-шағалары мен тұрғылас қарттар да өздерін жайсыз сезінгендей күйге түсіп, қысылып-қымтырылып «Ата, қойыңыз енді, бұныңыз не, жас бала емессіз, жастай қалып бара жатқан жоқсыз, тоқтатыңыз» деген сөздер естіле бастады. Жанына жақын тұрғандары барып қолтығынан сүйеп, көз жасын сүртіп әлек. Ал ауыл имамы мен молдалар «Ақсақал сабыр етіңіз, зират басында айқайлап дауыс шығарып жылау шариғат бойынша дұрыс емес» дегенді айтып әрең тоқтатты.

Ұзамай марқұм апамызды  жер қойынына тапсыру жұмысы да аяқталып молдалар Құран оқып, дұға бағыштап, бет сипап болысымен адамдар зират басына мініп  келген көліктеріне  отырып ауылға қайта бастады. Елдің ең соңында өзінің ұрпақ- жұрағатымен ғана  қалған Атамыз қайтадан алдыңғысынша еңкілдеп жылап-жылап алды да: «Мен неге жылай береді деп күлсеңдер де ұрыссаңдар да өздерің біліңдер. Мен, мен… марқұм апаларыңды шын жақсы көретінмін. Алпыс бес жыл бір шаңырақ астында жүрсек те көзінің тірісінде «Мен сені жақсы көремін!» деп бірде-бір рет айтпағаным ойыма келіп шыдай алмадым» деді де үйіліп жатқан топыраққа қарап: «Қош жаным, тіріңде айтуды ескермеппін, Мен сені өте жақсы көретінмін, кеш мені, кеш!» деп үш қайтара айқайлады өксіген дауыспен.

Ей, адамдар бір-бірімізді жақсы көретінімізді тірісінде айтайықшы…

А.Т

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button